Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз кімді таңғалдыру үшін қаржы шашып жүрміз?

30.01.2020, 7:24 1017

Шетелдерде Қазақстанның мәдениет күндері жыл сайын өткізіледі. Оған өте көп мөлшерде қаржы жұмсалады. Себебі, бір елге 100 адамнан аса делегация жіберіледі. Тиісінше, 200-300 млн теңге көлемінде шығын жұмсалады. Көрерменнің басым көпшілігі – сол елдегі қазақстандық студенттер мен қазақ диаспорасы және көршілес елшілік өкілдері. Кейде көшедегі халыққа «тегін концертке келіңіздер» деп шақыруға тура келеді. Бұдан асқан сорақылық бар ма? Залды толтыру үшін, әрине… Тіпті, Еуропа елдерінде өтетін концерттерге жергілікті билік өкілдері қатыспайды да. Шыққан қаржы мен нәтиже сәйкес емес. Сол баяғы даңғазалық, босқа ақша шашу.

Ең басты қателік — өзіміздің ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді, этнографиялық ерекшелігімізді көрсетуге басымдық бермеу. Мәселен, қытай, өзбек, түрік, кәріс, жапон және т.б. көптеген елдер шетелдерге тек өзінің ұлттық өнерін ғана насихаттайтын шығармашылық топтарды жібереді. Соған сәйкес, делегация құрамы да аз болады. Ал, бізде сол баяғы «солянка» дәстүрі бұзылмауы керек. Басында дәстүрлі ән-күйден екі нөмір берген болып, ал мынаны көрдің бе дегендей, сол нөмірлерден әбден мезі болған көрермен алдына балет (30-40 адам), хор (30-40 адам) алып шығамыз. Делегацияда міндетті түрде симфониялық оркестр (50-70) халық оркестрі (70-100 адам), опера жұлдыздары (5-10 адам), эстрада жұлдыздары тағысын тағы кете береді. Ешкімнің көңілін қалдыруға болмайды… Жалпақ шешейліктің жалауы желбіреп тұруы керек. «Ой, біз кетіп бара жатыр едік, сенде жүрсей?» дегендей…

Қысқасы, туризмді дамытып, елімізді танытамыз десек, бірақ қазына шығындарын үнемдеуді ниет етсек, шетелде жылына өтетін ұланасыр 5 концерттің төртеуіне қазақтың дәстүрлі өнер майталмандарынан тұратын шағын делегацияны ғана жіберуіміз қажет. Тіпті, театрландырылған қойылым немесе отандық кино өнімдерін ғана қоя салуға болады. «Айтарым менің көп, мен айтады демеді…», – депті бір ақын баяғыда. Айтар да, жазар да көп…

PS: Эстрада жұлдыздары жеке студиялардан өсіп-өніп жатқан заманда, мемлекет қаржысынан 500 адам ұстап отырған филармонияларды (болмашы айлық беретін) реформалайтын сәт туды. Ол туралы сәл кейінірек жазармын…

(Ғалымжан Өтелбайдың ФБ парақшасынан алынды.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: