Зейнеткерлікке шығып, еңбектен қол босаған соң жаңалық тыңдап, ақпарат құралдарын ақтаратын болдық. Соның ішінде өзіміз өмір сүріп, араласып отырған ортаның ақпараттарын көбірек оқып, «бәрін білгім келеді» дегенмен, күйбің тірлікпен мүмкіндік бола бермейтіні рас.
Осыдан бес-он жыл бұрын қолыма түскен «Қазалы қаласының көшелері» атты кітапшаны оқып, керекті деректермен танысқан болатынмын. 2014 жылы баспадан шыққан кітапшада Қазалы қаласындағы 49 көшеге ел қорғаны болған батырлардың, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың, еңбек ардагерлерінің есімдері берілген. Сол көшелерге есімдері берілген азаматтардың өмір жолдары, Қазалы қаласында туып, қызмет етіп, ел мақтанышына айналған тұлғалардың фотосуреттері мен өмірдеректері таныстырылған.
Кеңестік кезеңде білім алған біз білмейтін, ауызекі әңгіме арасында ғана естіп жүрген көптеген тұлғамызды танып, осы кітапша арқылы біліп алдық. Қазалы көшелерінің бұрынғы атаулары Водников, Степная, Строительная, Советская, тағы басқа болып кете беретін. Елге белгілі есімдермен қатар бұрынғы тарихи атауын сақтап қалған Қазалы, Сырдария көшелерінің болуы да көңіл қуантады. Осы аталған жинақты (2014 жылы) дайындау барысындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі қызметкерлерінің еңбегіне үлкен алғыс айтқым келеді.
«Ойды ой қозғайды» демекші, мені ойландырғаны жинақ ішіндегі бір көше атауының еш дерексіз, фотосыз бос тұруы еді. Онда Байхон Байболсыновтың есімі бұрынғы Степная көшесіне берілген. Өкініштісі сол, бұл кісі туралы мұрағаттан да, көнекөз қариялар арасында да білетіндер табылмады. Көшенің байырғы тұрғындарының айтуынша, шамамен 1975 жылдан бері көше Байболсыновтың атымен аталады екен. Дерек осы. Анық мәлімет жоқ.
Ілгеріректе баспасөз беттерінде белгісіз Совет одағының батыры Б.Бейсекбаев туралы «Осы жұрт Бақтыоразды біле ме екен?» атты материал жарияланып, көнекөз қариялар арқылы ағайын-туыстары табылып, туған жерінің танымал тұлғасына айналған-ды. Осы күндері бізде Совет одағының батыры Біліс Нұрпейісовтің Қазалы тумасы болғаны айтылып қалады. Бірақ біздегі қос батырдың қатарына қосыла алмай жүргені де ойланарлық жағдай. Онсыз да батырымыз Мақаш Балмағамбетовты кейінгі кезде әр өңір (Қарақалпақ, Арал) өзіне тарта бастағанын білеміз.
Маған ой салғаны – өткен жылы күзде аталып өткен Қазалы ауданының 95 жылдығына арналған («Кеше. Бүгін. Болашақ») тақырыбындағы ғылыми-танымдық конференциядағы Халықаралық ақпараттар академиясының академигі Ермек Зәңгіровтің баяндамасы болатын. Өте, керемет, қызықты, тыңдай бергің келеді. Үлкен зерттеу жасағаны көрініп тұр. Тақырыбы: «Біз білмейтін қазалылықтар». Соның ішінде Сыр өңірінен шыққан осы уақытқа дейін белгісіз болып келген тұлғалар, оның ішінде Қазалы өңірінде дүниеге келіп, әлемнің әр тарабында қызмет еткен жерлестеріміз туралы баяндалады.
Біз білмейтін елден шыққан Халық қаһарманы, Еңбек ерлері, ел басқарған тұлғалар туралы тың деректерге қанықтық. Ол туралы аудандық «Қазалы» (№94 (1593), 28 қараша, 2023 жыл), «Тұран-Қазалы» (№98 (2163) 22 қараша, 2023 жыл) газеттерінде жарияланды. Материал ішіндегі ой қозғағаны «… Ұзақ уақытқа дейін құпия болып келген бір азаматты айтпасам тағы болмас. Стратегиялық уран кенін ашқан КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алған азаматтың аты-жөнін айтуға дәтім бармай тұр. Бұл – ағайындардың өтініші» делінген.
Міне, осы бір құпия есімнен кейін «көптен бері ойда жүрген белгісіз тұлға сол Байболсынов болмады ма екен?» деген дүдәмал ой келді. Мейлі ғой, кім болса да ел үшін, мемлекет үшін қызмет еткені анық. Өйткені «КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағы тұлғаға тегін берілмейтіні белгілі. Кім болса да белгісіз есім болашақта анықталып, ел есінде сақталса екен дейміз. Өткен замандағы тарихи тұлғаларды айтпағанда күні кешеге дейін белгісіз болып келген Семей полигонын жабу жөнінде алғаш ұсыныс жасаған Семей обкомы Кешірім Бозтаев, МАГАТЭ құрамындағы топ мүшесі, Нобель сыйлығын алған қазақ Достай Рахманқұлов, Ресейдің Кемерово облысын басқарған қазақ Аман Төлеев, алғаш космос кораблін құрастыруға қатысқан аралдық ағамыз Оңғарбай Қазыбаев туралы таныс болып, ел есінде сақтау іс-шаралары жүріп жатыр.
Мүмкін біз іздеген Байхон Байболсынов туралы деректер табылып та қалар. Өйткені осы күні ата-бабаларымыздың шығу тегі шежіресін жинақтап, құрастырушы көнекөз қарияларымыз арқылы шежіре кестелерден «мен мұндалап» тұруы да мүмкін. Ылайым солай болсын дейікші.
Осыдан туындайтын ой:
Қазалы қаласымен қатар орналасқан Әйтеке би кентінде тәуелсіздік алғалы қанша көше атауы өзгеріп, тау тұлғалар есімі берілді. Солай бола тұрса да тарихи есімдер (хан, би, батыр, ақын-жазушылар, т.б.) таныс болғанымен кейінгі кеңестік кезеңдерде қызмет еткен ел ардақтыларын бірі білсе, бірі білмейтіні анық. Сондықтан көше атауына есімі берілген тұлғаларға ағайын-туыстары, қызметтестері бар кезде өмірдеректері алынып, жинақ-кітапша шығарылып, орталық, мектеп кітапханалары сөрелерінен орын алып тұрса құба-құп болар еді. Жас өскін өзі туған жердің танымал тұлғаларын, өзі тұратын көшеге есімі берілген азамат жөнінде хабардар болып жүрер еді.
Өзіндік қызығушылықпен Төлепберген Тілеуқабылұлы ағамыздың құрастыруымен шыққан «Кіші жүз Әлім аталығының шежіресі» (Алматы, «Мирас» баспасы, 2016 жыл, 380 бет) кітабына көз жүгірттім. Қаншама мыңдаған кісі есімдері атауынан біз іздеген Байхон Байболсыновты кездестірмедім. Тек 279-беттегі Байхон, 352-беттегі Байғон есімдері болғанымен жоғарғы таралу тегі жағынан сәйкестіктер жоқ екен. Мұның бәрі бізге белгісіз болған бір ғана есімнен туындаған ой еді.
Қазыбай САНИЯЗОВ,
Қазалы қаласы.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!