Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында 400-ге жуық мүше бар. Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. 30 жылға жуық уақыттан бері елмен етене, халықпен қатар жасасып келе жатқан аталмыш Ассамблея бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуіне, сақталуына және дамуына үлес қосып келеді. Осы тұрғыда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыұлттық татулық пен қоғамдық келісімнің ерекше моделін қалыптастырудағы ерен еңбегін айрықша атап өтуге болады. Облыста жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні айрықша аталып өтетін. Бірақ биылғы бірлік мерекесі бұрынғыдан өзгерек. Неге?
ONLINE – МЕРЕКЕ
Өзгерек деуге өзек болып отырған – елдегі төтенше жағдай. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай мерзімін 11 мамырға дейін ұзартты. Осыған орай биылғы мереке, жиын-тойларға да жаппай тыйым салынды. Аймақтағы іс-шаралар карантинге орай қысқарды. Биылғы бірлік мерекесі онлайн режимде ұйымдастырылмақ.
Бүгінде облыстық ассамблеяның құрылымдары қатарына 11 этномәдени, аудандарда 6 этнобағытталған бірлестіктер, 118 аналар кеңесі, 165 қоғамдық келісім кеңесі, 1 ғылыми-сарапшылық тобы, 1 медиация кабинеті кіреді. Мұнымен қоса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, депутаттық және кәсіпкерлер тобы, журналистер мен сарапшылар клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы бар. Алайда бұл аталған бірлестіктер мен ұйымдар биыл тек онлайн шаралардың ғана ұйытқысы болмақ.
Сонымен, биыл Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен екі күндік онлайн іс-шаралар жоспары бекітіліпті. Яғни 30 сәуір – 1 мамыр күндері бұқара бірлік тойының мерекелік бағдарламасын онлайн көре алады. Шараның алғашқы күні «Елбасы және Қазақстан тарихы», екінші күні «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» тақырыбы аясында көрсетілмек. Мереке күндері «Facebook», «YouTube» желілері арқылы Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіхалықованың бейнеқұттықтауы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының әріптестік байланыстағы шет мемлекеттер өкілдерінің, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының мерекелік пікірлері, лебіздері берілмек.
ҚОЛДЫ БАЙЛАҒАН КАРАНТИН
Облыстағы 11 этномәдени бірлестік этносаралық келісімді нығайту, Қазақстан халқы мәдениетінің өзара жан-жақты дамуы мен ұлттық салт-дәстүрлерін жандандыруды, жастарды отансүйгіштік пен толеранттылық рухта тәрбиелеуді мақсат етеді. Олар республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі шаралар өткізеді. Сонымен қатар облыстық ассамблеяның қолдауымен өздерінің ұлттық «Наурыз», «Сабантуй», «Масленица», «Сольналь», «Рош-а-Шана», «Остерн» және өзге де мерекелерді тұрақты түрде өткізуді дәстүрге айналдырған еді. Бір шаңырақ астында біріккен ұлт өкілдері бірлік күнін де жыл сайын жоғары деңгейде атап өтетінін көзіміз көріп жүр. Бірақ өкінішке қарай, биыл барлық бірлестіктер, ұйымдар мен қауымдастық өкілдері «мерекені тойлауға мүмкіндік болмай отыр» дейді.
Мәселен, «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігі 1995 жылы құрылған. Төрағасы – Сайдселим Абдрахманович Хазуев.
– Биыл өкінішке қарай, ешқандай мерекелік іс-шараны ұйымдастыра алмай отырмыз. Карантин қолымызды байлап отыр. Әйтпесе, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін жыл сайын өз деңгейінде өткізіп шығатын едік. Келесі жылы мерекені жақсылап атап өтеміз деп ойлаймын, – деді «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Юсуп Саидов.
Бірлестік шешен халқының мәдениеті күнін, депортация құрбандарын еске алу кешін тұрақты өткізіп тұрады. Сонымен қатар, «Игілік» қорынан бөлінген қаржы негізінде шешен бейітін қалпына келтіру жобасын іске асырды. Қазіргі таңда бірлестікте 60 мүше мен 16 белсенді бар.
Бізбен бір туған қырғыз ұлтының өкілдерінен құралған этномәдени бірлестік те белсенділіктерінен танған емес. Қазір аймақта 200-ден аса қырғыз этносы бар.
– Қырғыз этномәдени бірлестігі қырғыздың «Манас» жырына, көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналған тақырыптық кештер ұйымдастырып жүр. 2011 жылдан бастап әрдайым қырғыз халқының өкілдеріне сүйеніш болған қазақ халқына алғыстарын жеткізу мақсатында «Рахмат» қайырымдылық акциясын өткізіп келеді. Бірлестікте 25 мүше мен 10 белсенді бар. Биыл енді мерекені онлайн өткізуді қолға алып жатыр. Бұл бір уақытша дүние шығар деп ойлаймыз, – деді Қызылорда облыстық қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Сақтапберген Жұбатқанов.
ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖАЛҒАСАДЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясының қолға алған «Қазақтану» жобасы біздің өңірде белсенді жүзеге асырылуда. Жоба ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын дәріптеуге, сондай-ақ Қазақстан этностарының арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын ілгерілетуге бағытталған. Сондай-ақ үшінші жыл қатарынан облыстық ассамблея аймақтың тарихи-мәдени мұраларына экспедициялар өткізіп келеді. Ағымдағы жылы «Қазақстанның киелі жерлерлерінің географиясы» жобасы бойынша «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясының екі кезеңі өтті. Экспедиция құрамына түрлі этностардың аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының балалары енгізіліп, оларға облыстың тарихи-археологиялық ескерткіштері таныстырылды. Бұдан бөлек қазір «Достық үйінде» тілдерді оқыту кабинеті жұмыс істейді. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық білім алушы мемлекеттік тіл бойынша білімдерін кеңейтті. Этнос өкілдері арасында «Мәміле» қазақ тілі клубы арқылы сөйлеу шеберлігін арттыру жұмыстары қолға алынған.
ТҮЙІН. Бұл Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан атқарылған істердің бірқатары ғана. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен татулығын көрсететін берекелі мереке биыл онлайн тойланса, келесі жылы қайтадан қалыпты күйде аталып өтеді деген сенім бар. Бейбіт елдің осы тыныштығы бұзылмаса, бір шаңырақ астындағы халықтың той-жиыны түгесілмейтіні анық.
Әйгерім НАЖМАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!