Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Биыл негізгі ҰБТ қашан өтеді?

10.04.2025, 17:35 159

2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 12 сәуірде басталып, 25 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Өтініш беру кезеңі екі кезеңге бөлінеді:

12-18 сәуір аралығында талапкерлер тек бір рет өтініш беруге;

19-25 сәуір аралығында бір немесе екі рет өтініш беру мүмкіндігіне ие болады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ҰБТ тестілеуі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер екі мүмкіндікті пайдаланып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында (http://app.testcenter.kz) немесе UTO.kz қосымшасы арқылы қабылданады. Талапкерлер өздерінің тестілеу күнін, уақытын және пунктін таңдауға мүмкіндік алады, бірақ бейіндік пәндер бойынша бір ғана комбинацияны таңдайды.

«ҰБТ-ға дайындықты жақсарту үшін әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Әрбір ҰБТ өткізілгеннен кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге білімдерін арттыру үшін жеке талдау ұсынылады. Сонымен қатар, талапкерлер екінші мүмкіндікті тапсырғанға дейін дайындықтарын жақсарта алады. Онлайн байқау сынақтары да іске қосылған», – делінген хабарламада.

– ҰБТ пәндерінің саны өзгеріссіз қалады: үшеуі міндетті және екеуі таңдау пәндері.

– ҰБТ тапсырмалар саны 120-ны құрайды, оның ішінде «Қазақстан тарихы» – 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» – 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылық» – 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан болады.

– Жоғары балл – 140.

– Тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт беріледі.

ҰБТ-ға қатысушылар әрқайсысы жеке жасалған тест нұсқасын алады. Тестілеу кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі сияқты құралдар қолжетімді болады. Сонымен қатар, талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары беріледі.

Апелляция тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде берілуі мүмкін. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Шекті балдар өзгеріссіз қалды. «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл жинау қажет; ұлттық ЖОО-на түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-на түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға кіре берісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды және шпаргалкаларды алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады. Сонымен қатар, тестілеу аудиторияларында бейнебақылау жүргізіледі.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: