Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, күн тәртібінде көтерілген мәселелерге байланысты кемшіліктер пысықталып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Жиында бүкіл Түркі халқына, барша қазақ жұртына ортақ Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өту және оған дайындық жұмыстарын пысықтауға байланысты бірқатар ұсыныстар айтылып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді.
– Ұлыстың Ұлы күнінде Президент Әкімшілігімен бекітілген онкүндікке сәйкес әрбір атаулы күннің мән-мағынасын айшықтай түсуде дайындық жұмыстарын бүгіннен бастауымыз керек. Мереке күндері өтетін іс-шаралар бойынша тиісті салалар жұмысты күшейту керек, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.
Жиын барысында тазалық мәселесіне қатысты да бірқатар міндеттер нақтыланды. Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді қолға алынып жатқаны белгілі. Бұған қатысты жауапты азаматтарға тапсырма жүктеген аудан басшысы:
– Күн жылына салысымен қыстай қар астында жатқан қалдықтар көзге оғаш көріне бастайды. Бұл мәселеде қаладан бөлек барлық ауылдық округтер де тазалық жұмыстарымен жиі айналысуы керек. Қаладағы орталық көшелер мен көпшілік жиі жүретін орындарда жиналған қар суы мен өзге де қалдықтардың шашылып жатуына жол берілмеуі керек. Тұрғын үйлер мен олардың қоршаулары, бағаналарды ретке келтіріп, әктеу сырлау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуі тиіс, – деді.
Жаңарған Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын бұл мереке Амал мерекесімен айшықталып, Тазару күнімен түйінделмек. Аты айтып тұрғандай жаңарған жаңа күннің жақсылығын сезініп, қуанышына куә болатын жұртшылық үшін мерекенің мәні зор. Осыны ескерген аудан басшысы әрбір жұмыс тиянақтылықпен жасалуы керектігін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!