Қала тіршілігі тоқтаусыз, есесіне жұмыс ырғағы өнімді. Бірін жөндейді, бірін сырлайды, бірін абаттандырып, бірі көгалдандырады. Ал, тазалық пен тәртіп басты назарда.
Құрылыс алаңдары қашан да қызу қолға алынған нысанның бірі. Оның жанында саябақтар мен аллея, демалыс орындары қайта жаңғыртудан өтуде. Қысқасы, қарбаласқа толы қыруар шаруа атқарылып, шаһардың шырайлы бейнесін қалыптастыру мақсатында елге қуат, жанға шуақ сыйлар серпінді іс жетерлік.
Әрине, жауапты жұмыс уақытпен санаспайды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, коммуналдық сала мамандарына тәуліктің қай мезгілі де маңызды. Себебі, халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі осы саламен тығыз байланысты. Бұған сала қызметкерлері жаттыққан, сын сағатта сыр бермеу үшін шаруаны ширатып әкетеді.
Айтуға жеңіл болғанмен, тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет көрсету – оңай шаруа емес. Бұл – үлкен жауапкершілікті, төзімділікті және кәсіби шеберлікті талап етеді. Қала көлемінде қай жұмыс бітсе, оны сала жұмысшыларының маңдай тері және тынымсыз еңбегі деп бағалай біліңіз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!