Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білімді, бірақ бағаланбаған. Қазақ әйелі «әңгүдіктен» қашан құтылады?

10.10.2024, 11:40 1020

Демократиялық  елде  тұрса  да, өзін  қауіпсіз  сезінбейтін  адамдар бар. Бұл – тек Қазақстанда  емес, әлем  елдерінде  болып  жатқан жағдай.  Мәселен,  еліміздегі әйелдердің  өз-өзін  қауіпсіз сезіну  деңгейі  өзге  мемлекеттегі әйелдерге  қарағанда  төмен  екен. Georgetown  Әйелдер,  Бейбітшілік және  Қауіпсіздік  Институты  жүргізген зерттеу  қорытындысы  бойынша қазақстандық  қыз-келіншектердің бейбітшілік бәсіндегі белесі  70-орында көрінеді. Ол дегеніміз, құқығы шектеліп, мүмкіндігі  төмендетілетін көріктінің  көп  екенін  аңғартады.  Ал цифрмен  сөйлесек, 0,729 индексін иемденген  қазақстандық  келіншектер көрші  мемлекеттегі  бұрымдыларға қарағанда  құқығын  қорғай  алмай жүргені анықталды. Елдерге берілетін индекс 0-ден 1-ге дейінгі шкалада өзгеріп отырады, мұндағы 1 – ең жоғары мүмкін болатын нәтиже. Бұл көрсеткіш инклюзивтілік (білім алу мүмкіндіктері, жұмысқа орналасу, қаржылық қатысу, мобильді құрылғыларды пайдалану, парламенттегі өкілдік), әділеттілік (құқықтық дискриминацияның болмауы, сот әділдігіне қолжетімділік, ана өлімінің деңгейі, ұлдарға қатысты артықшылық) және қауіпсіздік (жұбайлар тарапынан болатын зорлық-зомбылық, қоғамдағы қауіпсіздік, әйелдерге қатысты саяси зорлық-зомбылық және жанжалдарға жақындық) сынды компоненттер арқылы анықталады.

Ranking.kz сараптамалық агенттігі George­town Әйелдер, Бейбітшілік және Қауіпсіздік Институты жүргізген зерттеуге сәйкес еліміздегі қыз-келіншектердің құқығының қорғалуы әлем бойынша 59-орыннан 70-орынға түскенін анықтады. Екі жылда бір рет жүргізілетін зерттеу нәтижесіне үңілсек, алдыңғы қатарда Еуро­па елдері мен Жаңа Зеландия мемлекеті орнығыпты. Бұл мемлекеттердегі әйелдердің құқығын қорғау көрсеткіші өзге мемлекеттерге қарағанда жоғары деген дерек пайда болды. Сонымен бірге, елдегі қыз-келіншектер арасында кәсіп саласында тоқырауға ұшырап,  жұмыссыздар қатарында жалау көтеріп, шағымы қарастырылмаған көрікті көрінбейді екен. Осы жерде Еуропа елдерінде әйел затына деген дискриминация мен «тыйым­дар» жоққа ұқсайды. Ал біздің мемлекетте қыз баласының тәуелсіздігі турасындағы әңгіменің ауаны екіге бөлінген. Бір бөлігі қыз құқығы ер-азаматтікімен бірдей болуы керек десе, қалғаны ер жігіттің қадамы мен сатысы артық болуын айта­ды. Ал мұндай пікірлер өзге мемлекеттерде жоққа ұқсайды, себебі, көрсеткіш осыны меңзеп  тұр.

 Өткен жылғы есеп бойынша Таяу Шығыс және Африка елдерінде әйелдердің құқығының қорғалу деңгейі төмен екені дәлелденген. Себебі, онда кедей мемлекеттер мен діни дискриминацияны алға қоятындар саны едәуір көп. Сол үшін әйел заты ғана емес, тұтас қоғам өз құқығын қорғай алмайтындай деңгейде деуге болады. Өйткені, кей мемлекетте өзіндік конституцияның қалыптаспауы мен қыз-келіншектерге күн бермеу көрінісі кездеседі. Зерттеу осы оқиғалардың барын алға тартып, бұл мемлекеттерді ең нашар елдер деп таныды.

Қазақстанға оралайық. Еліміздегі көрсеткіш осы күнге дейін жасалған баяндама нәтижелерімен салыстырғанда өз позициясын нашарлатып алды. Яғни, жоғарыда айт­қанымыздай, 59-орыннан бірден 70-орынға төмендеді. Ал индекс 0,761 ұпайдан 0,729 ұпайға дейін азайды. Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің  ара­сында ҚР-дан жоғары орындарға Армения (0,772 ұпай), Ресей (0,752 ұпай), Бела­русь (0,733 ұпай) және бір таңғаларлығы, Түркіменстан (0,75 ұпай) жайғасты. Рейтингте Қазақстаннан төмен тұрған елдер – Тәжікстан (0,69 ұпай), Өзбекстан (0,674 ұпай) және Қыр­ғызстан  (0,673 ұпай).

Себептің салдарына үңіліп көрейік. Зерттеу жасаушы институт әйелдердің тек құқы­ғының шектелгенін ғана емес, ана өлімінің көбеюін, қыз баласының білім алудағы тәуел­сіздігінің тоқырауын, жұбайлардан болатын зорлық-зомбылық, жұмысқа орналасуда кете­тін кемсітушілік, қоғамға ортақ пайдалану пәрмендерінен шет қалушылық фактілерін де басты назарға алған. Ал осы оқиғалардың статис­тикасына зер салғанымызда, қорытындыға күмән келтіре алмайтынымызды түсіндік.

Жыл басында Қазақстан Республикасындағы  адам  құқықтары  жөніндегі  уәкілдің  2023 жылғы қызметі туралы баяндамасында соңғы үш жылда некеге тұру мақсатында әйел­дерді ұрлаудың 200-ден астам фактісі тіркелген. 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан бері мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауы, қайталануы және өршуінің себептерін жою жолдарын іздестіріп, агрессорларға жауапкершілік нысандары өзгертіліп, алдын алу шаралары енгізілді, сондай-ақ зардап шеккендерге арналған дағдарыс орталық­тары құрылды. Бұл шешімдердің енгізілуі елеулі себеп­терге негізделген және оң әсерлері бол­ғанымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары туралы статистика бұл шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Соңғы 5 жылда осы саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны жылына 942-ден 1072 қылмысқа дейін өсті. Тек 2023 жылдың 10 айындағы ұрып-соғу жағдайларының статистикасы 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 2 есе көбейді.  Өткен жылы Уәкілдің атына осы саладағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жанжалдарға қатысы бар 11 арыз келіп түскен. Өңірлер бойынша қарасақ, Азаматтық қорғау республикалық оқу-әдістемелік орталығынан,   Алматы  және  Жамбыл  облыстарынан, 2 өті­ніштен, СҚО, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, БҚО облысынан 1 өтініштен келген. Ал өтініштердің мазмұнына тоқталсақ, өткен жылы мүлік, қорғаншылық бойынша – 3, дене жарақатын келтіру, ұрып-соғу әрекеті бойынша  да – 3, қорқыту, қудалау фактісі бойынша 5 арыз келіп түскен. Балалар құқықтары жөніндегі омбудсменнің дерегіне сәйкес, тек 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 70  әйел  қайтыс  болған.

Соңғы жылдарда әйелдерге қатысты отбасылық-тұрмыстық фактілері – осы. Бұдан өзге 17 жыл құлдықта болған қыздардың оқиғасы қоғамда резонанс туғызып, «Еуразияның бірінші арнасы» телеарнасындағы «Көреміз» бағдарламасы арнайы шығарылымдар жасады. Демек, көріктілерге көрсетілетін қысым мен қылмыс жоқ  емес.  Елдегі  жағдайдың  жайы – бұл.

Қазақстандағы әйелдердің қоғамдағы рөлі мен қауіпсіздік жағдайы екіұшты екенін бай­қа­дық. 2024 жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген «Халықтың құқық қорғау орган­дары мен сот жүйесіне деген сенім деңгейі» сауалнамасы бұл жағдайды айқын көрсетеді. Сауалнамаға сәйкес, өз көшесінде жалғыз жүрген сәтте әйелдердің 58,5%-ы өздерін толық қауіпсіз сезінетінін мәлімдеді, бұл ерлер арасындағы көрсеткіштен (70%) айтарлықтай төмен. Әйелдердің 32,6%-ы жеткілікті деңгейде қауіпсіз сезінсе, ерлердің 26%-ы осындай пікірде. Ал өздерін қауіпсіз сезінбейтін әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда едәуір жоғары: әйелдер  арасында 7,3%, ерлер арасында 3,4%.

Әйелдерге қатысты дискриминация қоғам ішінде үйреншікті тақырыпқа айналып қалғанын заңгер-әлеуметтанушы Халида Әжіғұлова да  растады.

– Әйелдерге қатысты дискриминация, жеккөрушілік жүйелі құбылысқа, яғни бейресми сая­си идеологияның бір бөлігіне айналып кетті. Қағаз жүзінде әйелдер мен ерлердің құқықтары тең болғанымен, іс жүзінде әйелдер қылмыстық процестің өзінде жан-жақты дискриминацияға ұшырап отыр. Бұл әйелдерге қарсы қылмыс мәселесін ушықтырады. Салдарынан зорлық көрген әйелдер саны артады, олар абьюзерлерді жауап­қа  тарта  алмайды, – дейді  Х.Әжіғұлова.

Қазақстанда  білім беру саласындағы әйел­дердің үлесі айтарлықтай жоғары. 2023-2024 оқу жылының басында жоғары оқу орындарында оқитын қыздардың саны 314,1 мыңға жетіп, ұлдард­ың санынан (278,6 мың) асып түсті. Бұл әйелдердің білімге деген ұмтылысын және жоғары біліктілікке ие болуға ұмтылатынын көрсетеді. Сонымен қатар, жеке кәсіп­керлік  саласында  да  әйелдердің  саны  басым. 2024 жылдың тамыз айының соңындағы  мәліметтер  бойынша, Қазақстанда 958,7 мың  жеке  кәсіпкер  әйел  және 817,6 мың жеке кәсіпкер ер тіркел­ген. Жұмыс істеп тұрған жеке кәсіп­керлер арасында да әйелдердің саны басым. 914,3 мыңы – әйел,  768,4 мыңы – ер-­азамат.

Жалпы жұмыс істейтін халық арасында да әйелдердің саны ерлерден жоғары: 2024 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бо­йын­ша жұмыс істейтін  әйелдердің саны 2,06 миллион  болса,  ерлердің саны 1,91 мил­лионды құрады. Алайда, бұл жетістіктерге қара­мастан, әйелдердің орташа айлық жалақысы ерлерге қарағанда 25,7%-ға төмен. Әйелдердің орташа жалақысы 311,2 мың теңге болса, ерлерде бұл көрсеткіш 418,8 мың теңгені құрайды. Бұл айыр­машылықтың бір себебі – әйелдер негізі­нен білім беру мен денсаулық сақтау сала­ларында жұмыс істейді, ал бұл салалардағы жала­қы  деңгейі  төмен.

Жоғары білімді, сауатты және еңбекқор бола тұра, Қазақстандағы әйелдер өздерін толық қауіпсіз сезіне алмайды және олардың экономикаға қосқан үлесі жеткілікті дәрежеде бағаланбайды. Бұл көрсеткіштер елімізде гендерлік теңдікке қол жеткізу жолында әлі де атқарылуы тиіс жұмыстардың бар екенін аңғартады. Бұл – зерттеу қорытындысынан түйгеніміз.

Е.ҚАЛИЕВ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: