Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бесіктің пайдасын білесіз бе?

06.03.2022, 11:00 484

HALYQLINE.KZ Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-ана аз. Тіпті «бесік зиян…» дейтіндер де бар. Бұл баяғы кеңестен қалған көзқарас. Кешегi кеңестiк дәуiрде мединституттың оқытушылары шәкірттеріне бесікті жамандап оқытатын арнайы тапсырма болған. Ол заманда жек көрген нәрсеңізді «ескіліктің қалдығы» десеңіз жетіп жатыр. Дәлелдің қажеті жоқ. Сөйтіп, бесік қолданыстан шығып қалды. Әйтпегенде, жүздеген ғасыр сынақтан өткен бесікті пайдасыз деп кім айтады? Оның ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз.

Айталық: Біріншіден – қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Екіншіден – баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етедi. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Үшіншіден – баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды. Төртіншіден – сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Бесіншіден – бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі. Алтыншыдан – бесік белгілі бір ритммен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Жетіншіден – бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сегізіншіден – бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.

Бұлар бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана. Бесікті пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып жатырмыз. «Бесікке салу», «Тыштыма», т.б. жоғалды. Үлкен жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дегенді тегін айтпаған шығар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: