Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бауырына бір бүйрегін берген батыл қыз

29.02.2024, 11:40 323

Жанар Райханқызы – Қызылорда облысы, Арал ауданындағы №64 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі. 2019 жылы ағасы Әділбек Боранбаевтың денсаулығынан кінәрат табылғанда-ақ, бір бүйрегін беруге шешім қабылдаған батыл жан. Ол бауырына донор болу  үшін  4 жыл  бойы салмақ тастауға  мәжбүр  болған. Тіпті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тамаша» театры арқылы көпшілікке танымал Асылбек  Боранбай  да  інісіне донор  болғысы  келгенімен, қан  тобы  сәйкес  шықпағанын  айтады.

– Үлкен ағам Асылбек Боран­баев – елге танымал артист. Одан ке­йін мені­мен тетелес ағам – Әділбек Боранбаев. Мен – үйдің кенжесімін. Екінші ағамның басына ауыр сынақ тап болып, бәрімізді алаңдатты. Дәрігерлердің «науқастың күн са­йын жағдайы нашарлауда» деген сөзі «ағаңыздың санаулы күндері ғана қалды» дегендей естілетін. Қатты қорықтым. Алғашында үлкен ағам Асылбек қан тапсырып, бір бүйрегін беруге бел байлаған. Алайда қан тобы сәйкес келмеді. Ал менің қан сараптамам сәйкес келгенімен, артық салмағым ота жасауға кедергі келтірді. Сол сәттен бастап мен өзіме «қалайда арықтап, бауырымды өлім аузынан құтқарамын» деп мақсат қойдым. Жаттығу залында қаншама күндерім, айларым, тіпті жылдарым өтті. Бірнеше рет дәрігерге барып көрінгенімде еститінім бір жауап еді: «жарамайсыз, әлі де толықсыз». Бірақ мен берілмедім, соңына дейін күрестім, – дейді Жанар  Райханқызы.

Кейіпкеріміз 4 жылдан аса уақытта 50 келіден ары салмақ тастаған. Бәрі де – бауыры үшін жасаған жанкешті  әрекеті.

– Әне-міне дегенше 4 жыл өтіп кетіпті. Әділбектің жағдайы одан сайын нашарлай түсті. Түрі кетіп, қу сүйегі ғана қалды. Әр барған са­йын ағамның бейнесін көріп, жылап алатынмын. Бірақ дәл сол кездер мені қатты қамшылады. 4 жыл бұрын арықтап, ағамды құтқарамын деген мақсатымды орындаймын деп өзіме серт бердім. Апталап нәр татпай, күніне екі мезгіл жаттығу залына барып тер төктім. Жақындарымның «болды енді, өзіңді қинай берме, ешнәрсе шықпайды» деген  сөзі де маған ерекше мотивация болды. Анам да «балаларыңды ойла, өзіңді ойла» деді. Бірақ мен берілмедім. Соңына дейін күресіп, 50 келіден ары салмақ тас­тадым, – деп  толықтырды  сөзін.

Жанар Райханқызы артық салмақты тастау арқылы ағасына ғана емес, өзіне де көмектесті деуге болады. Ағасы Әділбек екеуінің қан сарапт­амасына дәрігерлердің өзі таңданысын  білдіріпті.

– Бір ай бұрын дәрігерлер ота жа­сауға келісім берді. Тіпті, таңданыс­тарын жасырмады. Өйткені, ағам екеуміздің қан сараптамамыз 99,9 па­йыз бірдей болып шықты. Сол кездегі қуанышымды көрсеңіз ғой. Өзімді өмірде менен бақытты жан жоқ жоқтай сезіндім. Шүкір, барлығы сәтті өтті. Отадан соң екеуміз бір палатада жаттық. Оянып, бір-бірімізге қарай береміз. Ағам сонда қолымды қысып тұрып «Рақмет, саған бауырым!» деп алғаусыз  алғысын  білдірді, – деді  ол.

Шынын айту керек, кейіпкері­міздің батылдығы екінің бірінің қолынан келмейді. 50 келі салмақтан арылу Жанар Райханованың өзіне де пайдалы болары анық. Ең бастысы – адам өмірі. Бұл – бауырына бір бүйрегін берген Жанар ханымның ерлігі.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: