Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы 3 кластерлік учаскелерден құралған. Қорықтың жануарлар дүниесі сан алуан. Мәселен, қорықта 250 түрге жуық құстар кездеседі, оның ішінде 33 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Жалпы елімізде аталмыш кітапқа (2010 жылғы басылымы) 57 түр құс енгізілген болатын. Барсакелмес қорығында құстардың көп бөлігі «Дельта» учаскесінде кездеседі.
Кіші Арал теңізі – Сібір мен Оңтүстік және Алдыңғы Азия мен Африкада құстардың қыстайтын орындарын байланыстыратын, көшу жолдарындағы мыңдаған құстардың аялдама орындары ретінде өте маңызды рөл атқарады және де Қазақстанның негізгі орнитологиялық аумақтарының халықаралық тізіміне енгізілген (IBA). Бұл аумақта көші-қон кезінде 20-50 мың суда жүзетін мен су маңында мекендейтін құстар аялдайды және бұл аймақ барлық парамертлер бойынша халықаралық өлшемдерге (А1, А4i b A4ii) сәйкес келеді, осыған орай Сырдария өзенінің авандельтасы мен Кіші Арал теңізіне іргелес аумақтарды құстар үшін жаһандық маңызды деп есептеуге болады.
Әдеби мәліметтер мен далалық бақылаулар бойынша бұл аумақта жылдың әр мезгілінде құстардың 250 дейін түрлері кездеседі, олардың ішінде 100 жуық түрі ұя салатындар. Өңірдегі құстар түрлерінің негізін сулы-батпақты кешен өкілдері (70%), одан аз мөлшерде шөлдік (20%) және тоғайлы (10%) экожүйелердің өкілдері құрайды.
Бұл аумақ алакөз сүңгуір мен аққұйрықты субүркіттің, ал іргелес шөлдер – қылқұйрық бұлдырықтың, ақбауыр және қарабауыр бұлдырықтың ұя салу орындары ретінде өте маңызды. Сулы-батпақты алқаптар (әсіресе таяз сулар) көшетін құстар: қоқиқаздардың, жалбағайлардың, бұйра және қызғылт бірқазандардың түлеу, азықтану және демалу аялдамасы ретінде үлкен рөл атқарады.
ТҚХҰ-ның қызыл тізіміне енгізілген, жаһандық қауіп төнген түрлерден мұнда 13 түр кездеседі: бұйра бірқазан, қызылжемсаулы қарашақаз, ақбас үйрек, алакөз сүңгуір, дала құладыны, кезқұйрықты субүркіт, қарақұс, шаңқылдақ қыран, тазқара, ителгі, дала күйкентайы, жек, дала қарақасы. Оның ішінде тек алакөз сүңгуір мен дала қарақасы ұя салады.
Қазіргі таңда Сырдария атырауының таязды бөлігі құстарының фаунасы әлі де қалыптасу сатысында және бұл процесс 5-10 жылдай жалғасын табады.
А.Есенова,
Барсакелмес қорығының экоолгиялық
ағарту жөніндегі бас инженері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!