Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз етіп жүрміз?

11.06.2024, 9:35 223

Қазіргі таңда баланың қауіпсіздігі өзекті тақырып екені анық. Балалар – қоғамның болашағы, олардың әл-ауқаты мен дамуы саламатты және гүлденген қоғам құруда шешуші рөл атқарады. Олардың толық әлеуетін дамыту үшін қамқорлық, сүйіспеншілік, білім және қолдау қажет. Бала алма ағашы секілді, оны егіп ғана қоймай, жақсы өсіп, жеміс беруі үшін көп күтім керек. Сол себепті, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды болып табылады және көп нәрсе қоғамның, мемлекеттің, ата-аналардың, білім беру мекемелерінің және азаматтардың күш-жігерін талап етеді.

Бүкіл әлемде дәстүр бойынша 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп, ескі халықаралық мейрамдардың бірінен саналады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күллі әлемге балалар мәселесін шешуге тура келді. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Онда балалардың бақытты болуының басты себебі тек әлемнің тұрақтылығында деген ой айтылды. Ал Халықаралық балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы атап өткізілді. Балаларды қорғау күні күнтізбеде 1 маусым болып бекітілген. Бұл күнді таңдауға екі тарихи оқиға себеп болған:

1). 1925 жылы Женева конференциясының өтуі;

2). Сан-Францискода Қытайдың бас консулының жетім балаларға арнап айдаһар – кемелер мерекесін өткізуі.

Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөнінде барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес. Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Олардың аман-есен, қауіпсіздікте болуы кез келген адамның міндетіне кіруі керек.

Балаларға қауіп таныс емес орындар, отты немесе суды дұрыс қолданбау, бейтаныс адамдармен байланыс, смартфондар немесе тіпті интернетті дұрыс пайдаланбау сияқты әртүрлі көзден туындауы мүмкін.

Осы аталып өткен критерийлердің қазіргі таңдағы ауқымдысы – ол смартфоннан, әлеуметтік желілерден келетін қауіп. Балалардың телефонды шамадан тыс пайдалануы бірқатар жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін, соның ішінде:

Физикалық денсаулық. Экранның алдында ұзақ уақыт өткізу көру проблемаларына, ұйқының бұзылуына, қол, мойын және арқа ауруларына алып келуі;

Психологиялық салауаттылық. Интернет әлеміне көп үңілу технологияға тәуелділіктің дамуына, сондай-ақ қарапайым өмірде қарым-қатынас жасау қабілетінің төмендеуіне ықпал етуі;

Қауіпсіздік. Балалар әлеуметтік желі арқылы бейтаныс адамдармен танысып, диалог құруы. Бұл – өте үлкен мәселе, себебі қазіргі таңда осы арқылы пиғылы жаман адамдар балаларды алдап, нәтижесі жантүршігерлік оқиғаларға алып келіп жатқанын көріп, естіп жүрміз. Сонымен қатар, ата-ана баланың көріп отырған киносы мен мультфильмінің жас шектеуіне назар аудармайды. Әлеуметтік желіде не керектінің бәрін оңай көре беруге болады. Осы тұста ата-ана аталған қағидаларды ескеріп, баланы әрдайым қадағалап отыру қажет.

Дамытушылық. Экранға үнемі телміріп отыру балалардың ойыншықтармен ойнауға, белсенді қозғалыста болатын ойын түрлеріне қызығушылығын төмендетіп, бұл когнитивті дамуға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Балаларды тиісті қадағалауды қамтамасыз ету, пайдалану уақытына шектеу қою және цифрлық әлемде өзін қауіпсіз және жауапкершілікпен ұстауды үйрету маңызды.

Осы орайда, психолог маман Гүлжайна Ғабитқызының тақырып төңірегіндегі пікірін білген едік.

– Ата-ананың баламен дұрыс қарым-қатынас орнатып, сөйлеспеуі де келеңсіздіктерге алып келеді. Зейінінің тұрақсыздығы, баланың бір орында отыра алмауы, смартфон берсең ғана тынышталуы, телефон берсең ғана тамақ ішіп, бермесең, тамақ ішпеуі баланың телефонға тәуелді екенін көрсетеді. Тіпті, 3-4 жасқа дейін ата-ана балаға сенбей, тек өзі тамақтандырып жатады, бұл да бір жағынан балаға уайымдағандықтан дұрыс та шығар, дегенмен бала өзі тамақ ішіп үйреніп, өз бетінше іс-әрекет жасайтын болса, бала өзінің сана-сезімін, кіші және ірі маторикаларын дамытады.

Сонымен қатар, ең басты баланың қауіпсіздігін сақтау ол қыздың анасымен (кішкентай болса да), ұлдың әкесімен сөйлесуі, өзінің шекарасын сақтауды және жыныстық сауаттылықты үйрету деген сияқты осындай қауіпсіздіктен бастау қажет, сол кезде біз қатты қасірет алып келетін ситуациялардың алдын аламыз, – деді ол.

Бала тілінің кеш шығуына смартфонның әсері қандай? Ата-ана нені ескеруі тиіс?

– Балалардың тілінің кеш шығуына смартфон кері әсер етіп отыр. Балаға обал, оның көзіне, денсаулығына қаншама зиян келіп жатыр. Егер бала экран алдында тым көп уақыт өткізсе, бұл ата-аналармен және басқа балалармен қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін азайтуы мүмкін. Бұл сөйлеу және тілдік дағдылардың дамуын бәсеңдетуі ғажап емес, өйткені бұл процесте тұлғааралық қарым-қатынас басты рөл атқарады.

Смартфонды пайдалану баланың назарын ынталандырулар мен ақпараттың шектеулі жиынтығына аударуы мүмкін. Бұл сөздіктің дамуын бәсеңдетеді және әртүрлі сөздер мен сөз тіркестерімен тәжірибе жасау мүмкіндіктерін, сөйлеу және артикуляция дағдыларын  азайтады. Кейбір ата-ана осы мәселелерді көре тұра, тек өзінің тыныштығын ойлап, бала тәрбиесіне салғырт қарап, оның салдарының қаншалықты қауіпті екенін елемейді. Сонымен қатар балалардың 5-6 жасқа дейін сөйлемеуі де көп жағдайда осы смартфонға келіп тіреледі. Сол себепті ата-ана баланың сөйлеу тілі анық шықпайынша, дұрыс сөйлемейінше балаға телефон бермеген абзал. Оның орнына ата-ана баламен ауызекі, бетпе-бет қарап отырып сөйлесу қажет, тіпті бала түсіне қоймаса да бұл өте маңызды, себебі баламен көп сөйлесу оның тілінің тез шығуына, дамуына жақсы әсерін тигізеді. Таза ауада уақыт өткізіңіз, ойын ойнаңыз, кітап оқып беріңіз және сөйлесіңіз. Балаңызға сөйлеу мен тілдің дамуына ықпал ететін түрлі ойын мен ойыншықтарды беріңіз, – деп сөзін жалғастырды.

Смартфонды тек балалардан ғана алшақтатпай оны бірінші өзіңізден бастау керек. Маман солай дейді. Себебі, бала ата-анасының айнасы секілді, сол үшін оған үлгі боларлықтай жақсы әдеттерді көбейткеннің пайдасы көп.

Ақнұр НАЗАР,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің 1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: