РФ Халық артисі Сергей Захаров 1950 жылдың 1 мамырында Украинаның Николаев қаласында дүниеге келгенімен, әкесі Григорий Захаров әскери адам болғандықтан, Қазалының іргесінде орналасқан Ленинск (Байқоңыр) қаласына қызмет бабымен көшіп келеді. Анасы Зинаида Евгенийқызы телефонистка болды. Байқоныр қаласына Сережаның мектепке баратын жылы көшіп келіп 13 жыл тұрды. Байқоңырдағы мектептің 8-сыныбынан кейін оқымай, мектептен шығып кетті.
Басты себебі музыка еді, бес жасынан бастап ән салған ол мектеп көркемөнерпаздарының белсенді мүшесі болды.
Алпысыншы жылдардың ортасы бұл — Леверпульдік төрттік атанған «Битлз» тобының дүрілдеп тұрған кезі. Сол кезде Серегей қатарларымен топ құрып, Ленинск қаласының Арбатта орналасқан би алаңында және кешкісін ресторанда ән салып, танымал болады. Жасы 17-ге келгесін өзімен бірге оқыған парталасы татар қызы Алла Смагұлқызына үйленіп те алады, 18-ге келгенде әке атанғанына қарамастан, қатал әкесі армияға жібереді.
Осы Байқоңырдағы әскери бөлімде екі жыл борышын өтейді. Сол кезде ротаның запеваласы болғандықтан, Москвадағы байқауға Орта Азия әскери округі атынан қатысып жеке дауыста орындаған әні үшін бірінші орын алады. Армиядан босағасын жақсы мінездемемен 1971 жылы Москвадағы Гнесиндер атындағы музыкалық училищесінің вокал факультетіне оқуға түседі. Екінші жағынан СССР халық артисі Леонид Утесовтың ансамблінің әншісі ретінде ел аралап танымал болады. 1974 жылы Болгариядағы «Золотой Орфей» және Польшадағы «Сопот» фестиваліне қатысып, екеуінен де жеңімпаз болып жүлдеге ие болады. Дрезден мен Братислава қалаларында жеке концертін берді.
Бұл үлкен жетістік еді. Тап осы жылы «Советская культура» газетінде журналист Галина Ужованың Захаровты қаралайтын алғашқы мақала шықты. Онда оның Байқоңырдағы мектепті бітірмей 8-сыныптан кейін тастап кетіп би алаңында ойнап, топтық төбелеске қатысқаның және ресторандарда ән салғанын, тіпті неке жасына жетпей үйленгеніне дейін жазды.
Кейін Сергейдің өзі бұл мақаланы СССР халық артисі Леонид Утесовтың тапсырысымен жазылғанын бір сұхбатында айтып кетті. Атақты артист С.Захаровтың өзінің оркестірінен кетіп қалғанын кешірмей, аяғынан шала беретінін біліп, Ленинградтағы Римский-Корсаков атындағы музыкалық училищеге ауысып оқуын жалғастырды және Ленинград мюзк-холлына әнші болып орналасты. Пәтер берілгесін Байқоңырдағы әйелі Анна мен қызы Натальяны көшіріп алды. Сосын сотталуыны себепші болған төбелес болды. Ленинградқа Байқонырда ансамбльде бірге ойнаған достары қонаққа келеді. Кешкісін мюзик-холлдағы концертіне шақырып, администратор М.Кудряцовқа достарын кіргізуін өтінеді. Ол болса дөрекі түрде жауап береді, Сергей де дауыс көтеріп өз айтқанынан қайтпай контромарка түбінен достарына орын тауып береді. Концерт аяқталып достарымен мюзик-холлдың кафесінде достарына қонақжайлық көрсетіп отырғанда, администратор М.Кудряцев бұл жерде кім директор екенін білдіру үшін өзінің тобымен келіп «разборка» жасайды.
Нәтижесінде екі жақтың топтық төбелесі болып бұрынғы боксер М.Кудряцов таяқ жеп қалады. Милициядан ертеңіне повестка алған Захаров жарты жыл бойы тергеліп, бір жылға сотталып кетеді. Сол кезде Захаровты қаралайтын мақалалар бірінен соң бірі шығып жатты. «Вечерный Ленинград» газетінде «Баритон разбушевался», «Крокодиль» жураналында фельеотон жарық көрді. Ол кезде ондай оқиғалар айтыла бермегендіктен біздер жоқ болып кеткен С.Захаровты Ленингад обкомының бірінші хатшысы Романов соттатып жіберіпті деген хабарға сендік. Мюзик-холлда әнші Людмила Сенчинамен арасындағы «романды» біліп қалған Романов әдейі іс ұйымдастырып соттатқан деген хабар көп уақытқа дейін қалықтап жүрді. Себебі, Романовтың өзі Люда Сенчинаға көңілі ауып қырындап жүрген кезі еді. Сергей жазасын Ленинград түбіндегі Слац қаласындағы құрылыс нысанында өтеп шықты. Сотталып келген әншіні совет идеологиясы штыкпен қарсы қабылдады. Өзінің мюзик -холлында қызмет істеп жүріп, ел аралап концерт қойып шайқалып кеткен беделін өзінің адал еңбегімен қайтарып алды.
1983 жылдан бастап телевидиние мен түрлі салтанатты концертке шақыра бастады. Ақыры 1996 жылы Ресейдің Халық артисі деген атақты да алды.
Талантты әнші 2019 жылы 14 ақпанда 69 жасында кенеттен қайтыс болды. Оның баритон дауысымен орындаған орыс романстары және эстардалық әндері елдің есіңде қалды.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!