Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байлық деген не?

12.03.2020, 10:21 1386

Айдар  әкемізге  ескерткіш  үшін

Көкірегімде айтпасам болмайтын ой-пікір жүреді. Толғағы жеткенде сыртқа шығару да қажет. Санамдағы шұбатылған жіп секілді ойдың бір ұшын ұстатайын, суыртпақтап тартып­  көріңіз.

Армияда борышымды өтеп жүрген кез болатын­. Үш жылдық мерзімнің бітер кезі таяған­, уайымсыз өтіп жатқан күндерімізді санаумен жүргенбіз. Кенет телеграмма арқылы­ шақыртты. Әкем қайтыс болғанын естідім. Он күнге елге қайттым. Үш күн жол жүріп, үйге жеттім. Әкем үйде жоқ, бірақ үйден жаңа ғана шығып кеткендей, әр нәрсе, әр зат әкемнің қойып кеткен жерінде, әкемнің тұтынған құралдары, киген киімдері өз орнында тұр екен. Тіпті ол кісінің ертеңге не істемекші болғанынан хабар беретін нәрселерді таныдым. Мал қораға кіріп, әкем шөп салған айырға сүйеніп тұрып, асқар тауымны­ң алақанының жылуын сезгендей болдым.

Түстен кейін ағаға айтып, әкемнің басына баруға жиналдым. «Құран бағыштайды» деп Айдар әкемізге өтініш айтқанбыз. Күн бесінге таянғанда «Бәйтен» деген жерге жеттік. Үлкен қорымның шетіне таман көмілген жас топыраққа таяп келеміз. Алда келе жатырмын. «Әкем осында» дегенді арт жағымнан естідім. «Әке!..». Дауысымның қалай шыққаны есімде жоқ, әйтеуір жас топырақ­ты құшақтап жылап жатыр екенмін. Әкеме деген бар сағынышым, өкінішім, өмірде айта алмай кеткен барлық жылы сөздерім, неше күннен көкірегім толып жиналғ­ан өксігім топан судай ақтарылып кеп, «Әке…» деген бір сөзбен жас топыраққа құйылды…

Амангелді жерден көтеріп алды, жұбатып жатыр…

Құран оқуға дайындалған Айдар әкеме көзім түсті. Арада біршама уақыт өтті. Ақсақалдың дауысы шыға қоймады, өзімді тоқ­татып әкеге қарасам, екі иығы бүлкілдеп, солқыл­дап жылап отыр екен. Туысқандығымыз өз алдына, Айдар әкеміз сыйлас, аралас-құралас қатысып отыратын, жақсы кісі еді.

Бірақ, жылаудың шын себебін Айдар әкеміздің бір ауыз сөзінен түсіндік. «Ахметте арман жоқ». Айдар әкемізде бала жоқ, Зейнеп­ әжеміз тумаған кісі болатын. Бір балаға зар болған, мұңлық кісінің бар қасіретін менің «Әке!» деген бір ауыз сөзім қозғап, шыдамның торын быт-шыт қылса керек. Бұл кісіні «әке» деп  айтатын бала болмаған еді.

Ақсақалға басу айтып, бір шамадан кейін, құран оқыдық.

Кейде мен ойлаймын, осы адамға бақытты­ болу үшін қанша нәрсе керек? Біреуге байлық­, біреуге мансап, біреуге атақ, тағы басқа…­

Менің әкем өмір бойы кедей болған кісі. Армансыз еді деп айта алмаймын. Адал еңбегіме­н күн көрген, таза жанды кісі болатын.­ Осы кісіні Айдар әкем армансыз, бақытты кісіге балады ғой.

Жұртқа белгілі қағиданы қайталағым келіп отыр. «Байлық – қолдың кірі» деген аталарымыз. Бірақ, байлыққа тойым бар ма? Машинасы бар адам кеме сатып алғысы, кемесі­ болса, арал сатып алғысы кеп тұрған жандарға кім байлықтың шегі бар деп айта алады? Мүмкін, байлық деген қолда барға шүкірлік ету шығар. Барыңды бағалай білу, адал еңбегіңнің зейнетін көру, бала-шаға өсіріп, құда күту, былдырлаған немереңді ертіп  жүру – байлық, бақыт емес пе? Бағалап  жатқан  кім  бар?

Айдар әкемізді айтқаным, басқамызды тәубеге шақыру ғана болатын…

Бұл кісінің тағы бір көзім көрген уақиға­сын орталарыңызға тастайын, оқыңыз…

Ауылымызда Сәрсенбай деген ағамыз кешег­і Отан соғысынан аман оралды. Келе Тұрсынкүл атты жеңгемізбен бас қосып, шаңыр­ақ көтерген. Жеңгеміз бала көтере қоймағасын, бір ұл, бір қызды асырап алады. Осыдан кейін он бес жылдан соң, жеңгеміз жүкті болып, алтын асықтай ұл туады.

Ағаның үйінде той басталады. Бесікке салар­дан бастап, тұсаукесер, сүндет той, мектеп­ке бару, тағысын тағы, тойлар жалғаса­ берді. Ағаның үйі қонақсыз өткен күні жоқ. Жеңгеміз де құлпырып сала берді. Баласы Айтбайдың келесі класқа көшуі де тойланды. Баласы да сабақты беске оқып, көз қуанышымызға айналып еді. Дым сылтау табылмаса, «Айтбай бес алыпты» дей салатын едік, жеңгем­із барын салып, дастарқан жаятын.

Той он бір жылға ғана жетті. Баланың ғұмыры тым қысқа болды. Күзде баланы ат теуіп өлтірді. «Әттеген-ай» деп бүкіл ауыл жылад­ы. Аға-жеңгемізді не деп жұбатарымызды  білмедік. Жеңгеміз күндіз-түні дамылдамай аңырады, ағамыз бүк түсті, қай­ғы­дан қан құсты. Екі мұңлықты қойдыруға ешкімнің шамасы келмеді. Күннен-күнге көз алдымызда сөніп бара жатты. Екеуінің күндері таусылып бара жатқаны анық еді. Халін сұрап, жан-жақтан келіп, қоштасып жатты. Інісінің жағдайын естіген Айдар әке де келген. Міне, осы кісі Сәрсенбайды алып қалған. Даладан айғай салып кіріп: «Әй, Сәрсенбай, көтер басыңды, Құдайды не деп қарғайсың, сен неге маған қарамайсың? Сен жыласаң, балаңның моласына қарап жылайсың, мен қайда қарап жылаймын, менде мола да жоқ қой?! Он бір жыл баланың жөргегін иіскеп, өсіріп, қызығын көрдің емес пе, Құдайдың бұл сыйын неге бағаламайсың, маған қарап шүкірлік қыл, мен Жаратқаннан «бір баланы бір күнге көрсетіп, сосын мені алсай»  деп   жылап келемін, Құдайды қар­ғаған жерім жоқ!?..», – деген екен. Осыдан кейін бүк түсіп жатқан кісі басын көтеріп, ағасының  қолын  алыпты.

Екеуі де дәрігерге емделіп, Сәрсенбай ағамыз бен Тұрсынкүл жеңгеміз осыдан кейін, жиырма жылға жақын өмір сүрді. Екеуіне­ де баласының қасынан топырақ бұйырды.

Ал Айдар әкеміз осыдан кейін көп ұзаған жоқ. Ауыл болып, ағайын болып жиналып шығарып салдық. Артында іздеушісі қалмаған Айдар әкемізді көз көргендер, сыйлас, дәмдес болған кісілер естеріне алып, құран бағыштар  деп  үміт етемін.

Аузы дуалы кісіден осындай сөз қалды. Мен тек болған уақиғаны баяндаушы  ғанамын.

Жақсымбек  НҰРЫМБЕТОВ,

Қызылорда  қаласы,

Баймұрат  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: