…бір көкеміз шылымын тістеп отырып, «Тап, әкеңнің… Қазір шылымның өзі сапасыз шығып жатыр. Бұрын бір талына құмарымыз қанып, бір рақаттанып қалушы ек. Қазір қатарынан үш талын тартсаң да, отыра бересің» деді. Сонадайда отырған біз «ой, сіз де бір» деп қалдық. Бірақ ойланатындайы бар.
* * *
Кейде асқазан шұрылдап, үйдегі «бас аспаздың» артында қарап тұрып, «Тамақ қашан піседі-ей» деп жататынымыз бар. Ас үйден шықпайды екен деп жүрмеңіз. Расымен, еркекке әйел заты асқазан арқылы жол табатынын білетін боларсыз. Сонда байқайтыным, бірнеше ас қасық тұз салып жатады. Ал бала күнімізде үйде үлкендер болмағанда тамақты өзіміз істейміз. Сонда бір ас қасық жетіп жататын. Тұздың да дәмі татымсыз болып бара ма, қалай?!
* * *
Бұрын қалам ұстап едік, қазір қалақ ұстадық. Қалақ дегенім енді, бір жағынан бақыр, ыдыс дейікші. Малға мөлшерін анықтап жем салатын ыдысымыз ғой. Дүниенің кең кезінде әкеміздің малға жем салып жатқанын байқаймыз. Сонда бір бақыраш жемнің өзі жетіп жататын. Оған бидай, күріштің жармасын салып жатқан біреуі жоқ. Қазір қаптаған қоспалар, одан бөлек, әлгі әкем салатын жемді, дәл сол бақырашпен үшеуін бірден бересің. Ал шылқып, семіріп жатқан малды байқамайсың. Міне, жемнің де сапасы құри бастағаны… Осы жерде айта кетейін, бұрын бір жоңышқа престі екі адам көтеріп көліктің төбесіне әрең лақтыратын, қазір бір адам екеуін лақтырады. Бұл адамдардың палуан боп кеткенінен емес, бұл – престің қуыршаққа айналуынан. Ал мал ауырса, дәрі саламыз, ине егеміз. Қазір оның да мөлшерін шамасынан сәл-пәл арттыратын болдық. Өйткені, бекітілген мөлшермен берсең, малдың дертінен айығуы қиын.
* * *
Биыл «Басқа түссе, баспақшыл» деп баспана салдық. Құрылысшылардың қайсысы болмасын, «Жетпей қалады» деген желеумен құрылыс материалдарын артығымен есептейді. Неге? Өйткені, бұрын 5-6 қорап шрупты бір үйдің шатырына жұмсайтындар, қазір 10-15 қораппен істеп жатыр. Олардың ешбірі түйірлеп, қалтасына салып әкетпейді. Қорап ішіндегі шруптың түйір санын азайтып, оны да қысқартқан. Ал 12-лік страпела дегеніңіз – 10, 10 дегеніңіз – 8, 8 дегеніңіз 5 сантиметр болып қысқарған. Оны алушы да, сатушы да біледі. Бірақ біле тұра 10 сантиметрлік керек болса, 12-лікті сатып алып, кете барасың. Ағаштың кел келген түрі осылай сантиметрлеп желініп жатыр. Бұл дерт темір сататындарға да жұғыпты.
* * *
Көлік айдаймыз ғой. Бұрындары көліктің мотор майын жаңадан ауыстырғаннан кейін 7 мың шақырымға дейін жүретінбіз. Қазір 3 мың жүргеннен бастап, өзің де қипақтай бастайсың. Өйткені, одан да сапа кеткенін байқау қиын емес.
* * *
Мал базарға барып тұрамыз. Содан ең ұзын 8 метрлік жіп бер дейсің ғой. Міне, деп қолыңа ұстата салады. Оны сол жерде метрлеп санап жатқан ешкім жоқ. Сайып келгенде, ол да 6 метрден сәл асады екен. Ағаш базардағы сантиметрлеп жеу мұнда метрге дейін кетіп қалған. Осы ретте айта кетейік, ауызекі тілде бір пар жіп деп жатамыз ғой, ол да әжептәуірге қысқарып қалған. Пресс басуға аламыз, есебі шықпай, басымызды қасып жатамыз.
Айтып-айтпай не керек, бәрі қысқарып жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің саны ғана емес, басқа жұмыстардың, материалдардың, өнімдердің де сапасы қысқарып жатыр. Үлкендер Самарқанның көк тасы еритін кезеңді «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» дейтін еді. Сол уақыт жыл бойына жалғасып кеткендей көрінеді маған. Тауықтың қай жері қай кезде тарылатынын менен жақсы білесіздер. Қоғам дамыған сайын, осылай болғаны ма?! Біз қайда барамыз?! Мына мен айтқан сапасыздықтар қоғамдағы қысқарған дүниелердің 0,001 проценті ғана шығар…
Дәулет ҚЫРДАН.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!