Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баба ұрпақтары кесенеде сенбілік жасады

18.10.2021, 9:00 491

HALYQLINE.KZ

«Бабаға құрмет – ұрпаққа міндет». Осынау бір ауыз сөзде қаншама мағына жатыр десеңізші. Бүгін есті сөздің ұлағатын тағы да терең сезінгендей болдым. Көзінің тірісінде айтулы батыр, қасиетті әулие атанған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (ел арасында Нұрымбет аталып кеткен) бабамызға арналып Қазалы ауданы орталығынан халықтың демеушілігімен салынған еңселі кесене – көпшіліктің ерекше қастер тұтатын киелі мекенінің бірі.

Қазіргі таңда кесененің іші мен аумағы әсем көркі, мұнтаздай тазалығымен көз тартады. Бұл туған даласын, елі-жұртын жаулардан қорғап, бар ғұмырын ат үстінде өткізіп, сол жолда жанын қиған әз бабаға деген халқының шексіз сүйіспеншілігінің белгісі екені хақ.

Бұған дейін кесенеде Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев, кент әкімі Қайрақбай Орынбасаров, Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеу бастаған дербес бөлімдер, мекеме, ұжымдар, жастар өкілдері, білім, теміржол, энергетика саласы, кәсіпкерлер, баба ұрпақтары, жекелеген тұрғындар қостап бірнеше мәрте сенбілік жасалып, толымды тірлік тындырылғанын жазған болатынмын.

Кешегі сенбіде сол игі үрдіс жалғасын тапты. Бұл жолы батырдың атақонысы, биік төбесінің басында әкесі Нұрымбет пен әкесінің ағасы Өтеген, өзге де туыстары, ұрпақтары мәңгілік тыныстап жатқан қиелі топырақ Жанқожа батыр ауылынан әлденеше көлікпен баба ұрпақтары келіп, кесене аумағында тазалық жұмысын жүргізді. Олардың арасынан Арықбалық ауылдық округінің әкімі Мәулен Қайруллаев, бас маманы Жұбаныш Барақбаев, Молдғали Жұбаназаров ағамызды, Қыдырбай Асанбергенов, Жайық Сәндібеков, Қаршыға Қалымбетов, Мереке Рысбаев басқа да (баршасының аты-жөндерін жазбағаныма кешірім сұраймын!) бірқатар азаматтарды байқадым. Сенбілікке қатысушылар алдымен баба кесенесінің ішіне кіріп, батыр атамыздың аруағына тағзым жасады. Кесене шырақшысы Дәурен Әбдіқалық бауырымыз Жанқожа бабамыздың рухына арнап құран бағыштады.

Шаруа жайын білетін ауыл перзенттерінің қолы тиген жер әп-сәтте өзгеріп сала берді. Кесененің арқа беткейіндегі қаулап өскен арам шөптерді отап, ашық жерге тасып, өртеп, қураған ағаш бұтақтарын ауылдан өздерімен бірге ала келген арнайы арамен қырқып, аула ішіне тазалық жасаған ауыл азаматтарының қимылына сүйсіндім.

Күн райы да жұмыс істеуге қолайлы, шайдай ашық болды. Аспанымыз ашық, бейбітшілік заман болғай!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: