Кеше қаладағы «Достық үйі» ғимаратында Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында Қызылорда қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев қоғамдағы маңызды өзгерістерге ықпал етіп жүрген азаматтық сектор өкілдерін құттықтады.
Айдын Бөкенбайұлы ҮЕҰ, этномәдени бірлестік өкілдері азаматтық бастамаларды ілгерілетудің және әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызды күші екендігін, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны, адам құқықтарын қорғау, бірлікті нығайту және басқа да көптеген салада белсенді жұмыс атқарып келе жатқандығын атап өтті.
Іс-шара барысында бір топ белсенді ҮЕҮ, этномәдени бірлестік жетекшілері қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сый-құрмет көрсетілді. Облыстық «Мүгедек әйелдердің «Жәрдем-Содействие» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж.Аликулова, қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Шахатов, «Көкжиек» қоғамдық қорының төрайымы А.Тұрбаева, «Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Нұржанов аймағымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың ерен еңбектерін сөз етіп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға күш салатындықтарын жеткізді.
«Қазақстандағы орыс қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Н.Мишукова, облыстық «Wiedergeburt» неміс этномәдени бірлестігі жетекшісі И.Шек Алғыс айту күні қарсаңында қазақ халқына қиын-қыстау кезеңде қоныс аударып келген өзге ұлт өкілдеріне пана беріп, қолдау көрсеткендеріне алғыстарын айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!