Әлемдегі ахуал өте қауіпті бағытқа жылжып барады. Шығыс Еуропада соғыс (Украина-Ресей), Таяу Шығыста ондаған жылдар бойы бітпейтін қақтығыстар мен қантөгістер, соңғы уақытта оңтүстік-шығыс Азия аймағында да жағдай тұрақты емес. Тайуань үшін талас, Кимнің зымыран атуы, Қытайдың жаттығулары, Жапонияның әскери бағытқа өзгеріс жасауы бар. Үндістан-Пәкістан аймағын алып қарасақ, ол жақта да тыныштық қашты. Қысқасы, әлемде қақтығыс артты. Жаһан милитаристік саясатқа көшуде. Тұрақсыз геосаяси жағдайда елдің қауіпсіздігін сақтау және мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ету үшін бізге дипломатиялық келіссөздерден бөлек қуатты әскер қажет. Бұл заман талабы ғой.
Мықты әскер, біріншіден, мемлекеттік шекараның қорғалуы мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қуатты армия елге халықаралық мәртебе береді. Бұл инвестиция тартуға, қолайлы экономика құру мен елдің жаһандық қауымдастықтағы позициясын нығайтуға көмектеседі. Әрі мықты әскер аймақтағы тұрақтылықтың кепілі бола алады. Ал бұның қаншалықты маңызды екеніне Украинада, Таулы Қарабақта болған қақтығастар кезінде көзіміз жетті. Сондықтан мықты әскерді жасақтау әрекетін тоқтатпау керек.
Былтыр «Батыл тойтарыс-2023» жаттығуы өтті. Оған президент қатысты. Сол жаттығу барысында ол: «Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап» дегенді айтты. Яғни қауіп-қатер тек әскери емес, сан салада бар деген сөз. Ақпараттық, саяси, экономикалық шабуылдар дегендей.
Әскери саланың дамуы технологиялық прогреске де әсер етеді. Қарап тұрсақ, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту – дамыған елдердің көбінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде басты рөл атқарады. Егер импорттық тәуелділіктен арылып, қажетті тауарларды өз елімізде шығаратын өндірістік цикл болса, әскеріміз жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен (бронетранспортерлер, ұшқышсыз ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары) тек отандық өндірушілер арқылы қамтамасыздандырылар еді. Тоқаевтың жолдауында: «Мұның бәрін (бронетранспортерлер, ұшқышсыз ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары) біз өзімізде шығара аламыз және шығаруымыз керек. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет» деді.
Ал енді осы айтылғанға байланысты, бізде қандай компаниялар жұмыс істеп жатыр екен деп бір шолып шықтым. Әскери техника шығаратын кәсіпорындар елімізде қазір ақырындап дамып келе жатыр. Мысалы, Defence Tech Center, Kazakhstan Paramount Engineering, «Орал зауыты Зенит» АҚ, «Research&Development Центр «Қазақстан инжиниринг» ЖШС және т.б. дегендей.
Отандық компаниялардың басты артықшылығы олар нақты сұранысты біліп, елдегі жағдайды үнемі бақылап отырады, сондықтан да қажеттіліктерді жабу ықтималдығы шетелдік компаниялармен салыстырғанда жоғары. Оның үстіне алдағы уақытта әскерімізді 100% отандық техникамен қамтамасыз етсек, несі жаман. Қазақстан әскерінің саны аса көп емес, сондықтан нақты тапсырыспен және мемлекеттік қолдаумен оны жасауға болар еді.
Әлемге әйгілі Стокгольм бейбітшілік зерттеу институтының (SIPRI) мәліметінше, әлем бойынша қару-жарақ шығарудан елдер көшін АҚШ, Ресей мен Франция сияқты елдер бастап тұр. Егер біз де өз әскерімізді толық жабдықтауға қауқарлы болсақ, экспортқа шығатын күннің де ауылы алыс емес. Ал бұл өз кезегінде экономикаға да оң әсерін тигізер еді. Жалпы, Қазақстанның бронды техникасын сатып алған елдер қазір де бар. Көбіне арнайы жасаққа алады.
Өткен жылдың соңындағы Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының шұғыл кеңесінде президент армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтасыз ету қажет екенін, сондай-ақ отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін нығайтудың маңызын атап өткен еді. Себебі әскери өнеркәсіп – жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылым мен жалпы экономикалық дамуға ықпал ететін маңызды экономикалық сегмент.
Бірақ жоспарларды қойып, бүгінгі күнге оралсақ, қазір отандық өнеркәсіп әскерилерді техникамен толықтай қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан бүгін біз әскерімізді жабдықтауда шетелдік компаниялармен бірлесе қызмет атқарудамыз. Мысалы, былтыр қазақстандық «Орал зауыты Зенит» АҚ түркиялық ASFAT және YDA Group компанияларымен Қазақстан әскери-теңіз күштері үшін кемелер жасау туралы келісімге отырды. Келісімге сай Қазақстан Әскери-теңіз күштері үшін теңіз көліктері мен коммерциялық кемелерден бастап жауынгерлік кемелерге дейінгі түрлі платформа жобаланатын болады.
Бұған дейін әскери техникамен жабдықтау бойынша басты серіктес Ресей болса, енді Түркиямен екі арадағы тасымал артып келеді. Мысалы, соңғы жылдары Түркия Қазақстанға SARP-DUAL конфигурациясындағы (RCWS) SARP жетілдірілген қашықтан басқарылатын шабуыл модулін, Otokar ұсынатын TULPAR және ARMA брондалған жауынгерлік машиналарын тасымалдап отыр. Anka-S ұшқышсыз ұшу құралдарын алу бойынша келісім жасалды. Сонымен қатар еліміз Түркиямен бронетехника, оқ-дәрі, әскери киім мен кемелерді бірлесе өндіру бойынша да ынтымақтастық орнатқан.
Түріктердің әскери техникасының да, әскерінің де сапасы мен қуаты әлемдік дәрежеде мойындалғанын ескерсек, бұл өз кезегінде біздің әскерилердің де сапалы жабдықталуына әсер етеді. Айтпақшы өткен жылы әлемдегі әскери қару саудасындағы үздік 100 компания қатарына Түркияның үш компаниясы кірген екен.
Қорытындылай келгенде, әскердің дамуы мен нығаюы үшін жан-жақты жұмыс жүруі керек. Ол халықаралық қызметтер, оқу-жаттығулар, әскери техниканың дамуы, өзге елдермен тәжірибе алмасу сияқты жолдармен жүзеге асады.
Бірақ қауіптің қашан, қай тұстан келерін нақты біле алмаймыз. Сондықтан үнемі дайын болып, кез келген сәтте елге қорған болатын мықты әскер қалыптастырсақ, елдегі тұрақтылық пен аумақтық тұтастықты нығайта түсетіні анық.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
саясаттанушы
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!