Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскери-техникалық мектепте ант қабылдау рәсімі өтті

04.08.2021, 16:15 651

HALYQLINE.KZ Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі «Әскери-техникалық мектебінің» Қызылорда қаласындағы филиалының 25 сарбазы әскери ант қабылдады.

Қызылорда гарнизонындағы әскери-техникалық мектептің сарбаздары санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, өздерінің Отан алдындағы әскери антын қабылдады. Олар 40 күндей аталған мектепте кәсіби даярлықтардан өтті. Тактикалық дайындықтар мен қаруды қалай қолдану керектігін жете меңгеріп те үлгерді. Аз уақыт ішінде әскери тәртіппен танысып, түрлі әскери теориялық сабақтарды оқып, білгендерін іс-тәжірибеде қолдана білді. Сарбаздардың қуанышынан осы әскери ант қабылдау рәсімін асыға күткендері де байқалады.

Қызылорда қаласындағы әскери-техникалық мектебінің директоры Рахметулла Мұхамбетов жоспарлы сабақтардың бірінші аптасында курсанттар Қазақстан Қарулы Күштері мен әскери тәртіп туралы мәліметтер алса, оқудың келесі апталарында теорияда оқығандарын қолдану жұмыстарымен айналысатындығын және бұл жағдайлар сарбаздарды темірдей тәртіпке баулитынын атап өтті.

Әскери мектеп қысқа мерзім ішінде сарбаздарға қарудан оқ атудан басқа да әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік береді. Әскери-техникалық мектепті «атқыш» мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін Қарулы Күштерімізге қызмет ететін азаматтардың саны артып келеді.

– Қызылорда қаласының әскери-техникалық мектебінің сарбазы атанғаныма қуаныштымын. Осы мектепте оқыған уақыт аралықта біраз сабақтар өткізілді. Оқу-жаттығу алаңдарында болып, әскери шеберлікті меңгеріп шықтық. Қарсыласпен бетпе-бет келгенде, қарусыз және қоршауда қалған жағдайдағы неше түрлі қоян-қолтық жекпе-жек өнерін меңгердік. Алдағы уақытта әскери қызмет атқарсам деген ойдамын, – дейді әскери-техникалық мектебінің түлегі  Азамат Оралбаев.  

Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебі алдағы уақытта да Отанға адал қызмет ететін мамандарды қабылдайтын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: