Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арт-спорттағы алаяқтық пен жемқорлық толастамай тұр

03.12.2024, 9:00 117

HALYQLINE.KZ

Арт-спорт саласын дамыту бағытын Президенттің өзі құптап, алға қойған. Содан бері, нақтылап айтқанда, 2021 жылдан бастап елімізде жаппай балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында үйірме-секциялар саны артып, тиісінше оған қатысушы балалардың да саны күрт көбейді. Әрине, алғашында мәдени бастамаға балалардың тартылуын, үйірмелердің көбеюін жақсы қабылдап, дән риза болып едік… Алайда соңғы уақыттары арт-спорт саласының артындағы біраз қылықты көзіміз көрген соң, жаға ұстадық. Бұл тек Қызылорда өңірінде ғана талқыда жүрген мәселе емес. Түркістан, Алматы облыстарында да осы мәселенің ізі байқалады. Көп жерде ашық айтылмағанымен, әлеуметтік желілерден осы шамадағы ақпараттар көп тарауда. Айтып өткендей, арт-спорттағы ұрлық бізден де айналып өтпепті. БАҚ-қа сүйенсек, балаларды жалған түрде тізімге қосып, үстінен ақша көргісі келген 99 ұйымға енді мемлекет тарапынан бір тиын да берілмейді. Ал әлі айыптан жалтарып, ізін суытқысы келгендерді тергеп-тәркілеу жұмыстарымен арнайы мониторинг айналысып жатыр. Қысқасы, арт-спортқа енді қаражат бөлінбейтін болды. Бірақ, бұған дейінгі кеткен миллиондаған, миллиардтаған сомаларға кім есеп береді, нақты істі болғандардың аты аталды ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап беру үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова және облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев Өңірлік коммуникациялар қызметіне келді. Ақпарат алаңында Сыр журналистері спикерлерге көкейтесті сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Атап өткендей, 2021 жылғы Президент жолдауынан кейін шығармашылық пен спортты дамыту мақсатында осы арт-спорт жобасы қолға алынған. 2021-2024 жыл аралығында спорттық және шығармашылық үйірмелерді мемлекет қаржыландырып келген. Аталған мәселе аясында 47 кәсіпкер кінәлі деп танылып, келісімшарт бұзылды. Мира Қазбекованың айтуынша, қарапайым зерделеу барысында камералардың дұрыс орнатылмағаны, сәйкесінше балалардың бір ай бойы келген-келмегенін анықтаудың өзі қиынға түскен. Екіншіден, «DamuBala» платформасында тіркелген бала санының шынымен келуші балалар санымен сәйкес болмай қалған жағдайлар да тіркелген. Үшіншіден, негізінде жетекшілер әр балаға жеке-жеке портфолио арнауы керек. Зерделеу барысында көп үйірмеде қатысушы жеткіншектердің мүлде қандай да бір байқау, конкурстарға қатыспағанын, партфолионың жасалмағанын да байқауға болады.

Сонымен қатар, спорт бағытында да алаяқтық жасағандар анықталды. Дәлірек айтсақ, мемлекеттік бағдарламамен 176 кәсіпкер осы уақытқа дейін қаржы алып келген, зерделеу барысында олардың саны 111-ге азайып, 2000-ға жуық баланың жалған тіркеуде болғаны расталып, тізімнен шығарылды.

– Жалпы мониторинг жұмыстарын күшейту керектігіне көзіміз жетті. Соған байланысты жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп жатырмыз. Қазір қала, аудан көлемінде мәдениет, спорт мамандары болып зерделеу жұмыстарын күшейтудеміз, – дейді Мира Қазбекова.

Бала санына келер болсақ, жалпы 16 мыңға жуық баланың 4 мыңдайы заңсыз тіркелген. Бұдан бөлек өнім беруші тарапынан ата-аналардың ЭЦП кілтін қолдану арқылы балаларды әртүрлі үйірмеге жазу факторы да кездескен. Ата-аналар қауымы осы орайда балаларын өздері қалаған секцияға жаза алмай отыр. Тіркелген 16 мың баланы тиісті органдармен мекенжайын тексерген сәтте басқа қала тұрғындарының облыс көлеміндегі үйірмелерге тіркелгені жайлы да ақпарат шыққан. Мысалға алатын болсақ, Сырдария ауданындағы домбыра үйірмесіне жаңақорғандық оқушылар жазылғаны секілді. Бұл жағдай облыс төңірегімен шектелсе бір сәрі, оқушылар арасында алматылық, түркістандық жасөспірімдер де бар екен…

Осы тұста Жұлдызхан Ерқосаев мониторинг кезіндегі секциялардың жай-күйіне баға берді.

Біріншіден, балалардың қауіпсіздігіне жауап беретін 30 күндік жады бар камералардың жоқтығына куә болдық. Және балалардың гигиенасына жауап беретін жуыну бөлмесінің жоқтығы да қынжылтты. Осы кемшіліктердің бәрі ескеріліп, бүгінде бюджетке 2,6 млрд теңге қайтарылды, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Арт-спорттағы алаяқтық пен жемқорлық толастамай тұр. Бұған осы брифингте толық куә болдық. Расын айту керек, есепсіз кеткен қаражатты бері алсақ, балаларға берілген білімнің де сапасыздығы жанды қынжылтады. Жалған кәсіп иелері тиісті жазасын алады деген үміттеміз. Бұл іске әзір нүкте қойылмайтын секілді. Тергеп-тексеру жұмыстары әлі де қызу жүріп жатыр.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Коллаж: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: