Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына ана тілімізде сұхбат берді. Бір сағатқа жуық сұхбатты белгілі тележурналист Жайна Сламбек жүргізді. Әңгіме барысында ашық айтатын, ашып айтатын мәселелерге шолу жасалды. Шолу жасалды дегенімізді іштей түсінген боларсыз, себебі сұхбат кезінде дегбір қашатын сұрақтар қойылғанымен, суфлер жайы аш адамның жағдайын тоқ адамның кекіріп баяндағанымен бірдей әсер қалдырды. Арқаға басылған үтіктің жайын арқаны кеңге салып айтуға бола ма, айтыңызшы?! Сонымен…
«Қаңтар қасіретіне» қалай баға беруге болады? Төңкеріс пе, әлде билікке қарсы бейбіт шеру ме? Президент әліптің артын бағайық деді. Лаңкестер, бейбіт тұрғындар, бұзақылар араласып кеткен аласапыраннан олардың ара-жігін ажырату оңай шаруа еместігін айтты. Әрине, қой терісін жамылған қасқыр да көп, сондай-ақ шөккен түйеге міне алмастардан «ақырған арыстан» шығарып жатқан жайлар да бар дейді-міс. Елдің ішін ала тайдай бүлдіргендердің мысықтілеу мақсаты болғаны айдан анық. Алайда арандап қалған халықты қайда қоясыз?
…Бәріміз алдын ала білген бір шындық бар. Ол – халықтың билікке наразылық білдіруі. Күндердің күнінде дәл осылай болатыны белгілі еді. «Жаңаөзен – басшы, біз – қосшы» деген сипатта болған стихиялы қарсылықтар – дүйім жұртқа ортақ мәселе. Бастапқы күндері Жаңаөзен халқы газдың бағасының қымбаттауына қарсы наразылығын білдіргенде, бүкіл ел солармен бірге тақымын қысып отырды. Соларға тілеулес болды. Неге? Себебі олар да жұрттың қалтасын жұлмалаған қымбатшылықты басынан өткеріп жатыр. Әңгіменің ашығын айтқанда, ешкім жетіскеннен көшеге шыққан жоқ. Сол қырғынның кезінде жаз-күз мезгілінде киетін, тоз-тозы шыққан спорттық үлгідегі аяқкиімді жаңаға ауыстырып киіп кеткен «ұрының» видеосы әлеуметтік желіні аралап кетті. Дұрыс, қанша жерден жоқ болса да кісі затына көз сатуға болмайды, алайда қыста аяғы қатқан адамға жылтыр сөзден гөрі, жылы аяқкиім қымбат екенін де ескерген жөн. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі халықтың әлеуметтік жағдайы өте төмендігін мойындап отыр. Осы жағдайды қалыпқа келтіру үшін кешенді жоспарлар негізінде алғашқы қадамдар жасап, тапсырма бергенін де білеміз. Алайда сол тапсырма тек тапсырма күйінде қалмаса игі. Президенттің сөзімен айтсақ, елдің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек.
Тергеу жұмыстары дегеніңіз өз алдына бөлек жыр. Ондағы орын алған азаптау фактілеріне көз жүгіртіп, расында да, қазақтың жаны сірі екен ғой дейсің… Қазақтың басынан кешкен нәубеті аз ба еді? Кешеге дейін көршінің тепкісінен теперіш көрді, енді «өз еркім – өзімде» дегенде көресіні тағы көрді. Мемлекет басшысы өз атына жолданған бейнеүндеулерден хабардар екенін айтты, сонда ол үндеулер әлеуметтік желіде жарияланбаса, «бас жарылса, бөрік ішінде» деген принциппен өмір сүруді жалғастыра береміз бе?! Президент халыққа ізгі қасиеттерді Абайдан асырып ешкім айта алмайды деп мысал келтіріпті ғой, осы тергеу жұмыстарындағы кей әділетсіздіктерді біз де Абайша толғайық.
«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны».
Көрші дегеннен шығады, сұхбатта Қазақстанның Ресейге тәуелдігі төңірегінде де біршама сұрақ қойылды. Президент Қ.Тоқаев «Солтүстік өңірдегі облыстарға бола алаңдамаңыздар» деді, көршінің қожайыны Путиннің сөзіне сенсек, біздің жерімізге көз сүзіп отырған ол жоқ екен. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі бүгінде латын графикасына көшуімізбен байланыстырылып отыр, алайда оған билік те асығар емес, оған қоса дайын тұрған оңды дүние де жоқ. «Апама жездем сайдың» кері.
Олигополия деген терминмен таныстық. Ол дегеніңіз шектеулі элита өкілдерінің үстемдігі екен. Ал оның нағыз Отаны – Қазақстан. Қазақстанның бар байлығын бұтының арасына қысып отырған 162 адам туралы әңгімеден қалыс қалмаған боларсыз. Айтқандай, «Тұңғыш Президент Н.Назарбаевқа қатысты ел арасындағы ашық қарсылықтан қандай сабақ аласыз?» деген де сауал қойылды. Нағыз дипломат ретінде жауап берді. Елбасының еңбегін айтты, алайда бұл оқиғадан жас басшылар сабақ алсын деді. Ал бұл наразылықтың соңында өткір әлеуметтік мәселелер тұрғанын жасырмады.
Мемлекет басшысы алдағы өзінің таңдауларына қатысты интрига жасады. «Сайлауға барамын ба, бармаймын ба, оны нақты айта алмаймын» деді. Наурыздың ортасында Қазақстан халқына Жолдау жасайтынын мәлімдеді. Жақсылықтан үміттіміз. Қазақты бүгінге дейін сүйреп келе жатқан екі сөз болса, соның бірі – «шүкір», екіншісі – «үмітсіз шайтан». Біреуі сабырға шақырса, енді бірі қамшылап, «тәуекел ет те, тас жұт» дейді. Бізге дәл қазір дағдарыстан шығу үшін екінші сөздің құны жоғары болса, халық үшін ең қайырлысы – біріншісі.
НАМАЗШАМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!