Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардагерлерге көмек көрсетіледі

07.05.2024, 12:00 390

9 мамыр – Жеңіс күні. Жаугершілік заман енді-енді бітті, бейбітшілік келді деген тұста ата-бабаларымыз 1939 жылдан бастап, одан бері 1941-1945 жылдар аралығында кенеттен тағы  да  бір  сұм соғысты  басынан  өткерді. Қазақ  халқының  қаншама  батыр ері де, әйелі де Кеңес одағы әскерінің қатарына қосылып, фашистік Германияға қарсы ел қорғады. Оның жартысына жуығы сол соғыста шейіт болып, енді жартысы ауыр жарақатпен, бірі сау күйі елге қайтқан болатын. Өкініштісі сол, елге оралғандардың көпшілігі қазір ортамызда жоқ. Жалпы, соғысты көзі көргендердің алдының жасы жүзден асты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда бас-аяғы 176 соғыс ардагері тұрады. Оның төртеуі – Сыр  өңірінде.

Ел үшін, жер үшін майданда қан төккен азаматтарымызды әрдайым қадірлеп, барында бағалау – біз үшін міндет. Сондықтан да, уақыт өткен сайын 9 мамыр – Жеңіс күні берілетін сыйақының да көлемі ұлғайып келеді. Жеңіс күніне орай қызылордалық әр соғыс ардагеріне 2,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік бюджет тарапынан жәрдемақы берілмек.

Бұл жайында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев мамыр айындағы мерекелерді атап өту мәселелері талқыға салынған мәжілісте айтты.

– Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 2,5 млн теңге көлемінде төлем төлеу туралы шешім қабылданды. Бұл – біздің аға ұрпақ алдындағы парызымыз. Бүгінгі бейбіт өмірімізге қан кешіп жүріп жеткізген жандардың ерлігіне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Өткен жылы қарт майдангерлерге 1 үй, 1 көлік, сонымен бірге 1,5 млн теңгеден табыс­талған еді. Биыл да бір ардагерге Қызылорда қаласынан үй берілді. Бұдан да басқа демеушілер есебінен ақшалай және материалдық көмек көрсетіледі. Қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары мерекені атап өтудің жоспарына енген іс-шараларды сапалы әрі мәнді етіп ұйымдас­тыруы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Қызылордадағы соғыс ардагерлерінің ең үлкені – 102  жаста. Қызылорда қаласы, Сыр­дария мен Қазалы аудандарының әкімдіктері Жеңіс күніне сәйкес өтелетін төлемді аудару жұмыс­тарын  ұйымдастыру  үстінде.

Мереке қарсаңында Нұрлы­бек Мәшбекұлы 102 жастағы қарт майдан­гер Яхия Тасыровты құттықтау үшін арнайы Сырдария ауданына ат басын бұрды. Ұлы Отан соғысы ардагерін құттықтап, сыйлық табыс­тады. Сырдариялық Яхия Тасыров 1941 жылдың аяқ жағында әскерге аттанып, Ресейдің Сібір, Омбы қалаларында әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылы майданға шақырту алған. Соғыс жылдары Сталинградты, Курскі­ні, Польшаны қорғауға елеулі үлес қосқан. 1945 жылы аяқ жарақатымен елге оралып, аудандағы сүт зауытында әртүрлі қызмет атқарды. «Қызыл  жұлдыз»  орденімен,  «Ұлы Отан соғысы I-II дәрежелі» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германия­ны  жеңгені  үшін»   және  т.б.  медальдармен  марапатталған.

Қазіргі таңда 4 соғыс ардагерінен бөлек Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 3843 азамат тіркелді. Бұл жайында облыстық облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жұмабекұлы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг­те  айтты.

– Ұлы Отан соғысына Сыр өңірінен 70 мыңнан астам азамат аттанып, олардың көпшілігі сол майдан­да ерлік­пен  қаза тапты. Ал, аман-есен елге оралған соғыс ардагерлері өкініштісі сол, жылдан-жылға азаюда. Сондықтан, ол  кісілерді қадірлеу, барынша құрметтеу – біздің басты парызымыз. Жалпы, жыл сайын мереке қарсаңында облыс әкімінің қолдауымен ардагарлерімізге барынша әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысына қатысқан 4 ардагерге  2 510 560 теңге­ден біржолғы жәрдемақы төленетін болады. Соны­мен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқия­рлық еңбегі  және мінсіз әскери қызметі үшін арнайы медальдармен ма­рапатталған ардагерлерге 221,5 мың (60 АЕК) теңгеден беріледі. Ал, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің жұбай­ларына және қайтыс болған мүгедек  ардагерлердің  жұбайларына  147,6 мың (40 АЕК) теңгеден төленеді. Сондай-ақ,  тылда  кемінде  алты  ай  жұмыс  істеген  1 990 азаматқа  147,6 мың (40 АЕК) теңгеден беріледі. Бұдан бөлек, Жеңіс күні қарсаңында Чернобыль, Семей, Ауғанстанда болған ұрыстарда ерлік көрсеткен азаматтар да біржолғы әлеуметтік  көмекпен қамты­латын  болады, – деді  Ғабит  Жұмабекұлы.

Қарттарға, оның ішінде майдан ардагерлеріне қанша сый-құрмет көрсетсек те артық етпейді. Себе­бі, біздің бейбіт өміріміз, емен-жарқын, еш қиындықсыз жақсы заманда күй кешіп жат­қанымыз сол кісілерге тікелей байланысты. Сондықтан, жаны­мызға жалау болған ардагерлерге қай кезде де ілтипат,  реті келсе, көмек көрсетіп жүрейік. 9 мамыр – Жеңіс  күні  құтты  болсын!

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: