Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ақша деген – су»: сылтау ма, себеп пе?

13.03.2025, 9:20 76

Әлбетте, ел-жұрттың несие мен микрозаймдарға белшеден батуы – қаржылық сауатының жоқтығы. Қаржы саласының мамандары мен экономистер тұрғындардың болмашы нәрсеге несие рәсімдейтінін, яғни көбіне мұндай қадамға мақсатсыз түрде баратынын ашық айтып отыр. Әрі халықтың дені танысы  не  туысына  алып  берген  несиесін төлемей жүр. Несие дегеннен шығады, елімізде 120-ға жуық несиеге  өтініш  берген  рекордшы  әйел  бар  екен. Мұны  Қаржы  нарығын  реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Ұйым  келтірген  тағы  бір  статистикалық дерекке көз жүгіртіп көрейік. Қазақстандағы әрбір азамат орта есеппен 2 несие алады-мыс. Рас, «таныс не туыстан ақша сұрап жаманатты болғанымша, кредитке «кіргенім» дұрыс» деп бағамдайтындар бар. «Жалақымыз  жетпейді, сосын несие аламыз» деген сөздер  ешқандай кесімді жауап емес. Сарапшылар өз кезегінде халықтың қаржылық сауатын арттыра түсуді  көздейді. Әйтпесе, ел арасында неше түрлі оқиға  кездеседі…

Қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен оқырмандарға қаржылық сауат ұғымын былайша түсіндіруге тырысты.

– Өте қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, қаржылық сауат – кірісің мен шығысыңды есептеу, яғни шығысыңның тапқан табысыңнан көп болып кетпеуін қадағалау, жүйе­леу. Қаржылық сауатпен өмір сүргісі келетін, қаржысын басқарғысы келе­тін адамдардың ең бірінші істеуі керек жұмысы – кіріс-шығысын жазып отыру. Сол кезде ғана кем түсіп жатыр ма, артық па, бәрі белгілі болады. Егер кірісінен шығысы көп болса, үстіндегі қаржы қайда кетіп жатыр, қажетсіз бір күндік тірлікке ме, әлде капитал жасауға ма, соны бақылау қажет. Халықтың арасында кездесу­лер өткізген кезде ең көп кездескен қате­лік  осы  болды.

Сол уақытта көбі «тапқан табысымның осынша бөлігі азық-түлікке кетіп жатыр, қалғанын мынадай жұмыс­тарға жаратамын. Өзі санаулы қаржының қайда кетіп жатқанын білемін, оны жазудың не керегі бар?» десті. Тәжірибе жүзінде айтайын, «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысу­шыға «кіріс-шығыстарыңызды жазыңыздар» дегенмін, әлі ұмытпадым, өткен жылдың 24 мамыры еді. Сонда бір келіншек 24 күндік шығысын 385 мың деп жазып әкелді. Сосын «мына сандарды қайдан алдыңыз?» деп сұрадым. Ол банк аударымдары арқылы сауда жасаған екен, мен айтып тұрдым, ол кісі жазды. 24 күнде кеткен кірісі мен шығысын толық есептедік. Өзі дайындап келген қаржыдан екі есе көп болып шықты. Оны көрген кезде ол кісі таңғалды әрі қорықты. «Бұл – тек менің өзімнен шыққан шығын, әлі жұбайым, балам мен келінім бар. Оның бәрін есептеп көріңізші, мен осыншама көп қаржы кетті деп ойлағаным жоқ» деп басын шайқады, – дейді  қаржы  маманы.

Сарапшы  халықтың  дені  «шығысымның қайда кеткенін толық біле­мін» деу арқылы қателесетінін жеткізді.

– Ол кездегі шығын түсінікті, мамыр айы болғандықтан, көктемгі егін маусымы  жақындағандықтан, техникаға керекті заттар осы кісі арқылы  сатып  алынған  екен. Сондық­тан, қаржының басым бөлігі көліктің керек-­жарағына жұмсал­ғаны анық байқалды. Бұл жерде басты айтпағым – 385 мың деген қаржының екі есеге көбейгенінде. Халықтың дені «шығысымның қайда кеткенін толық  білемін»  деу  арқылы  қателеседі, – деп сөзін толықтырды Балдырған Мәмен.

Шыны керек, қаржылық са­уат ұғымы соңғы жылдары ғана жиі айтыла­тын және жазылатын болды. Оның  себебі  бесенеден  белгілі.

Қоғамда «Тапқан табысымыз қайда кетіп жатыр?» деп ойланатындар азайып, тиісінше «Ақша деген – су» деп өз-өзін өтірік жұбатып, ақтап алғысы келетіндер көбейген сыңайлы. Бұл орынды себеп пе, сылтау ма?

– Тұрғындарға қаржылық сабақ­тар  өткен кезде көпшіліктен «бір айда немесе бір жылда қанша қаржы жұмсайтыныңызды білесіз бе?» деп сұраймын. Сонда барлығы дерлік, «жоба­мен  білеміз ғой» десіп жатады. Сонда  бір  ғана  қосымша  арқылы айналым  қаржысын көрген кезде көпшілігі таңғалады. Орта есеппен табысы 200 мың адамның бір жылдағы айналым қаржысы 2,5-3 миллион болуы керек деп есептейміз. Ал көп адамның бұл қаржысы 5-7 миллион, кейде 12 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл қандай ақша? Қарызға алынған ақша ма? Егер қарыз болса, тапқан табыс қайда кетіп жатыр? Міне, осындай заңды сұрақ туындайды, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша қаржы  сарапшысы.

2022 жылы Қазақстанда бір азаматтың өз атына рәсімдеген несие­сі 79-ға жетіпті. Ал 2023 жылы банктерден 69 рет қарыз алған ер адам тіркелген. Қаржы маманы Балдырған Мәмен несиеге қатысты өз тәжірибесінде кездескен жайттарға да тоқ­талып  өтті.

– Менің практикамда бір басында 17-18 несиесі бар адам кездесті. Олар әртүрлі қаржылық мақсатқа алынған. Одан бөлек, бір студенттің, яғни 20 жасқа толмаған баланың микро­қаржы ұйымдарынан алған несиесінің саны 23-ке жеткен. Менің тағы бір таңғалатыным – пирамиданың белгісі бар екенін толық түсіндіріп, дәлелдеп тұрғанның өзінде сондай ұйымдарға ақша салғанын мақтанышпен айтып, өзгеге өлермендікпен жарнама жасайтын  адамның  көптігі, – деді  ол.

Қаншама тұрғынның қаржылық көкжиегін кеңейтіп жүрген маман­нан қарызға кірудің белгілері жайында сұрадық. Әрине, әр адам сезінсін, көңілге түйіп жүрсін деген оймен. Сөйтсек, мәселенің мәні  терең­де  болып  шықты.

– Ақша жинай алмаудағы мәселе – нақты қаржылық жоспардың болмауы. Біз отбасылық бюджетті қалыптастыру, жүйелеудің бәрін жеткізіп болғаннан кейін ғана бір жылдық қаржылық жоспар құру жайын көтереміз. Бір ғана мысал, туғаннан бастап қасыңызда жүрген балаңыздың үйленетіні, қыздың тұрмыс құратыны белгілі, яғни соның дайын­дық жұмыстары бар дегендей. Иә, жиған қаржысы немесе қорада малы бар адамдардың жайы түсінікті десек, басқалары ше, не істейді? Яғни, «қарыз қалай қалыптасады?» деген сұрақтың жауабы да – осы, – деп сөзін  қорытындылады  ол.

Қаржылық  сауатқа  келгенде көбіміз  ақсаймыз. Оған  дау жоқ. Ал  басқарылмаған  ақшаның қайда кетіп жатқанын ешкім білмей қалатыны түсінікті жайт. Сіз қалай ойлайсыз, ақша деген шын мәнінде су  сияқты ма? Бұлай  деу  сылтау  болар,  мүмкін себеп  шығар!?

Рыскелді  ЖАХМАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: