Жаздың келуін балалардың не үшін жақсы көретіні белгілі. Тоғыз айлық сабақтан кейін қай жасөспірім болсын тынығып, жайма-шуақ жаз айында асыр салып ойнап, уақытын көңілді өткізгісі келеді. Осы тұста балалардың бос уақытын тиімді етуде үлкен рөл атқаратын лагерьлер жұмысын назардан тыс қалдыруға болмайды. Лагерь – балалардың жазғы демалысын жөнді өткізу үшін таптырмас орын. Себебі, мұнда балалар тек қана топтық жұмыс пен уақытылы режимді емес, бәсекеге бейімділікке, саламатты өмір салтын ұстануға, ұлттық салт-дәстүрлер мен ойындарды құрметтеуге дағдыланады. Лагерьде көбіне ортасына ашыла қоймайтын тұйық баланың аздаған уақытта қағылезденіп, ашыла түскен сәттері көп кездеседі. Ал, керісінше сотқарлау келген тәкаппар балалар жіп тыйылып, өзінен әлсіздерге құрметі артып, бұзықтықты азайтқанын да көзбен көріп жүрміз. Балаға тәрбие беру – лагерьдің басты мақсаты.
«Анаға тағзым» орталығы ашылғалы бері ілкімді істердің жобасын бастап, жүзеге асырумен келеді. Университет, колледж, мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ бойжеткендерге психологиялық көмек беріп, шығармашылығын шыңдаған орталық жазда да тыным таппақ емес. Олар бұл жолы өңірдегі бар лагерьді аралап, мектептен тыс демалып жатқан балалардың рухани-мәдени баюына, бір-бірімен етене араласып, қоғаммен байланысуына мұрындық болды. Дәлірек айтқанда, «Даму LIFT» жобасы аясында лагерьлерді аралап, шеберлік сағаттарын жүргізді. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, рухани-адамгершілік тәрбие беру. Сондай-ақ, әдептілік әліппесін, дастарқан әдебін және ата-бабадан мирас болып қалған қолөнерді бүгінгінің балаларына дәріптеу. Көшпелі жобаның барысында «Анаға тағзым» қызметкерлері айдынды Арал өңірінен бастап қарт Қаратауға дейін біршама шақырымды игеріп, балалардың жарты күнінің пайдалы өтуіне септігін тигізді. Шілде айының 11-і күні көштің соңы «Талдысу» лагеріне аттанған ұжымның игі бастамасын ақпараттандыру мақсатында облыстық білім басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен бір топ БАҚ өкілінің де Жаңақорғанға жолы түсті.
– «Даму LIFT» жобасы – білім басқармасымен бірлескен «Анаға тағзым» орталығының төл жобасы. Аталған жоба жыл бедерінде жүзеге асып жатыр. Осы алты ай көлемінде жоғары оқу орындары, мектеп, кәсіптік колледж оқушы-студенттерімен біршама жұмыс атқардық. Жалпы 2800 оқушы, 1500 студентті қамтып отырмыз. Осы бір апта көлемінде Аралдан бастаған сапарымыз Жаңақорғанда орналасқан «Талдысу» лагеріне де келіп жетті, – дейді «Анаға тағзым» орталығы директорының орынбасары Жанар Сағындықова.
Сыйымдылығы 300 адамға татитын лагерьдің негізі 2010 жылы қаланған. Айта кетейік, орталық биыл жазғы тынығу маусымында 2100 баланы қамтуды жоспарлаған. «Талдысу» жалпы Сыр өңіріндегі ең көлемді лагерь болып саналады. Лагерь тек балаларды тынықтыру жұмысымен ғана емес, сонымен қатар, оқушыларды пәндік олимпиадаға дайындаумен де айналысады. Жатақханалары 2 қабаттық типтік жобадағы 4 корпустан тұрады. Әр корпус 80 адамға арналған жатын орын, екі демалыс бөлмесі, тәрбиешілер бөлмесі, себезгі және ваннамен қамтылған. Жазғы лагерьде оқушылар сарайы жұмыс істейді. Мұнда көрме залы, кітапхана, тәрбиешілер бөлмесі, оқу залы, сондай-ақ, жас кітапханашылар, шахмат, домбыра, қолөнер, сурет, робототехника, үстел теннисі, ән, би секілді үйірмелер бар. Тынығу орталығы 160 орындық асхана және жазғы клубпен қамтамасыз етілген.
Шеберлік сағатының басы ораторлық қабілетті арттырумен басталды. Бәріміз білетіндей, қазақ халқы дау-дамайды әрқашан ымыраға келумен шешкен тапқыр әрі шешен болған. Алаш қозғалысы өкілдерінің өзі ең алдымен көшбасшылық қабілетке екпін қойғаны бесенеден белгілі. Оқушы кезінен облыстық, республикалық дебат турнирлерінің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған, бүгінде «Анаға тағзым» орталығының қызметкері Айжан Орынбасар бүлдіршіндерді топ-топқа бөліп, ойын ойнатты. Сонымен қатар, балалардың психологиялық тұрақтылығы да назардан тыс қалмады. Аталған орталықтың психолог маманы Аруна Ергеш бұған дейін біршама оқушы-студентпен кері байланыс жасап, тағылымдама өткізген. Ол «Талдысу» лагерінің балғындарына «Достық торы» терапиялық жаттығуын жасатты.
– Біз «Даму LIFT» жобасы аясында мектеп оқушыларымен кездесу өткізуді місе тұтқанбыз. Қала оқушыларымен тренинг, тимбилдингтер ұйымдастыратын едік. Десек те, ауыл балалары мұндай мүмкіндікті пайдалана алмай қалып жататыны белгілі. Сол себепті, тура жазғы демалыс кезінде аудан аралап, ауыл балаларына кеңес беруді ұйғардық. Бұл тренингім достық қарым-қатынасты нығайтуға негізделген. Қазір балалар арасында бәсекелестік қатты орныққан. Сондықтан, біз бұл жолы достыққа екпін қоюды жөн көрдік. Қазір бір тренингтің өзінде қырыққа жуық баланы қамтып отырмыз. Бүгінде көп баланы тежейтін нәрсе ол – тұйықтық, араласа алмау, буллингке ұшырау мәселесі. Бір-бірімен тіл табыса алмайтындар көп. «Достық торы» аталатын бұл ойынның балаларға психологиялық пайдасы орасан зор, – дейді Аруна Ергеш.
Орталық мамандары лагерь балаларының креативті индустрияның құрылымымен ерте танысуына да түрткі болды. Оқушылар тәлімгерлерінен кәсіптің кілтін табудың әліппесімен танысты. Нақтырақ айтқанда, лимонад дайындап, гипспен әшекей-құрал жасаудың тәсілдерін үйренді. Балаларды қолөнерге шыңдаған – «Мирас» клубының жетекшісі Ақмарал Ибайдуллақызы. Ол өз кезегінде гипспен жұмыс істеудің бала санасына қалай әсер ететініне тоқталып өтті.
– Гипспен жұмыс істеудің өтпелі жастағы балаға әсері мол. Яғни, мұндай қолөнер жұмысымен ерте айналысқан баланың сәйкесінше даму процесі де әдеттегіден жоғары, тез болады. Жалпы, лагерьдегі балалардың қолөнерге құмарлығын байқауға болады. Жолымыз Қамбаштан басталды. Қамбаштан бері қарай әр лагерьде біздің қолөнер, гипспен жұмыс сабақтарымызға оқушылар тез қызығып, артынша үйренісіп кетті. Қызығушылық жоғары деңгейде, – дейді ол.
Садақ атып, ләңгі тебуге таласқан балалардың саны көп. Топ-топқа бөлінген оқушылар жан-жақтан қаумалап, қашықтыққа садақ атудан, асық атып, ләңгі тебуден жарысты. Әсілінде, ұлттық ойындардың ер балалардың ерік-жігерінің өсуіне, онсызда «Z» ұрпағы саналып кеткен, көп уақытын смартфон мен компьютер алдында телміріп өткізген жасөспірімдердің физикалық әлеуетіне әкелер пайдасы мол. Орталық мамандары мәдениетті де жадынан шығармаған. Өңірге белгілі жыршы әрі «Анаға тағзым» орталығының көркемдік жетекшісі Феруза Оңталап тынығушыларға домбыраның шығу тарихы жөнінде сөз етіп, жырдан шашу шашты. Бала кезінен домбыраның құлағында ойнаған жас күйші «Алаш аманаты» күйін орындап, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. «Домбыраға он жасымнан бастап қызықтым. Қазір домбыра үйірмесіне қатысып келе жатқаныма төрт жыл уақыт болды. Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» секілді жиырма шақты күй білемін» дейді лагерь тынығушысы Әзима Бабас.
Бұдан бөлек, балалар арт-терапия, яғни сурет салудың қыр-сырымен танысты. Сурет салуды жай өнер деп қана емес, адамның психологиялық портреті ретінде тану керек дейді өнертанушылар. Сурет салу адамға ерекше гармония сыйлайтыны, тоқырауда жүргендерге ем болатыны бесенеден белгілі. Осы таным-түсінік төңірегінде «Анаға тағзым» орталығының қызметкері, дизайнер Арайлым Төлеген шеберлік сағатын өтті.
– Сурет адамның алға қойған мақсатына, амбициясына жауап береді деген психологиялық зерттеу бар. Сондай-ақ, салған суреті арқылы таңдаған түсі және не салғанына байланысты баланың характерін де анықтауға болады. Оларға шеберлік сағатымда армандарыңдағы кез келген дүниені салыңдар деген тапсырма бердім. Байқауымша, кейбірі материалдық құндылыққа ден қойса, ал біреуі отбасын салған екен. Ал қиялға ерік бергендер мүлде өзге нәрселер салады. Оларға салған суреттері арқылы психологиялық образын айтсам, бәрі күліп «иә, тура өзім» деп таңғалып жатыр. Бәріміз білетіндей, «Анаға тағзым» – мемлекет басшысы бұйырған креативті индустрияның бірден-бір институты. Сол себепті, балаларды креативті индустрияға арт-терапия арқылы баулуды жөн көрдік, – дейді Арайлым Төлеген.
Суретші тынығушылар арасынан тәлімгер Арайлым Шахкерімнің еңбегін ерекше бағалапты. Арайлымның айтуынша, ол өзінің бұрын-соңды сурет салу қабілеті бар екенін білмеген, арт-терапия сабағында байқаған.
– Суреттерім өзіме әрқашан әдемі болып көрінетін. Бірақ бұл талантымды өзгелер түсінбейтін шығар деп жасырып келдім. Десе де, Арайлым апай сурет салуға икемім бар екенін айтты. Тәлімгердің берген психологиялық тестінде ағаш, күн және бұлтты салдым. Және олардың астына тауды бейнеледім. Арманыңды сал деген тапсырмада арманымдағы көлік пен үйді салдым, – дейді жас суретшілер арасынан оза шапқан А.Шахкерім.
Айта кету керек, бір ауысымға жиылған 300 оқушының бәрі ауыл-аймақтан емес, арасында қаладан келгендер де бар. Соның бірі – Кәусар Тілек. Ол лагерьдегі күнделікті тәрбие сағаттарына және жаңадан танысқан достарына дән риза.
– Қызылорда қаласынан «Талдысу» лагеріне келдім. Лагерь маған өте ұнады. Тынығушылар бұрын бір-бірін танымаса да, бірден араласып кетті. Бәрі шетінен бауырмал. Аз уақытта көптеген жаңа дос тауып үлгердім. Алдағы әр жазда осы лагерьді таңдайтыныма сенімдімін, – дейді ол.
Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрлыбек Байымбетов атаулы жобаны жүзеге асырып, тынығушылардың ризашылығына бөленген «Анаға тағзым» орталығы ұжымына алғысын айтады.
– «Анаға тағзым» орталығы кезекті іссапарын біздің «Талдысу» лагерінде өткізгеніне қуаныштымыз. Бұл «Даму LIFT» жобасын біраздан бері әлеуметтік желілерден бақылап келдік. Аталған жобаның балаға берер оң әсері өте көп. Оқушылардың қабілетін анықтай отыра, кәсіпке баулуға, болашағын айқындауға ықпалы мол. Лагерь қызметкерлері атынан басшылық құрамға, жалпы қызметкерлерге алғысымды білдіремін, – деді ол.
«Анаға тағзымның» жолсапары концерттік іс-шарамен қорытындыланды. Кеш барысында жас бүлдіршіндер қойылған сұрақтарға жауап беріп, тәтті сыйлықтар ұтып алды. Сондай-ақ, көңіл көтеру мақсатында ән айтып, флэшмоб биледі. Жалпы, бір күндік іс-шарада әр санат бойынша үздік болып көзге көрінгендер алғыс иеленді. Кеш соңында «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова және лагерь директоры Нұрлыбек Байымбетов сөз сөйлеп, жас жеткіншектерге алдағы уақытта сәттілік тілеп, ризашылықтарын білдірді.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!