Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Амал ұлттық мереке ретінде белгіленсін!

26.02.2026, 5:30 28

HALYQLINE.KZ

Ертеде қазақ халқында 14 наурыз – Амал мерекесі деп аталған.

Кейіннен бұл дәстүр еліміздің батыс өңірлерінде ғана сақталып қалды.

Қазіргі уақытта кейбіреулер 14 наурызды тек «Көрісу күні» деп атап жүр. Алайда, үлкендермен көрісу – Амал мерекесінің бір ғана белгісі ғана.

Қазақтың салт-дәстүрі саф алтындай сақталған киелі Маңғыстауда Амал мерекесі мыңдаған жылдан бері аталып келеді.

Бұл мерекені кешегі кеңестік саясат та тоқтата алмады.

Амал – мейірім мен шапағат күні.

Біздің бала күнімізде Амал мерекесі ерекше сәнмен тойланатын.

Амалға дайындық: 13 наурыз күні «Ертең үйге қонақ келеді» деп, үйдің іші-сыртын түгел тазалайтынбыз.

Барлығымыз жуынып-шайынып, ертеңгі Амалға арнап мол дастарқан әзірленетін.

Ырыс пен несібе:

Әкеміз: «Амал күні Алла Тағала жаңажылдық ырыс-несібемізді шашады» деп, таң атпай тұрғызатын.

Анам сандығын ашып, жаңа киімдерін, маталарын жайып қоятын.

Үлкенге көрісу:

Алдымен өз үй ішімізбен көрісіп, күн шықпай жатып көршілерге баратынбыз.

Қай үйге барсаң да, құшақ жая қарсы алып, дастарқаннан дәм татқызатын.

Балаларға тәттілер берілетін.

Бата алу:

Үлкендер: «Амал күні 40 үйдің есігін ашыңдар» дейтін.

Біз бүкіл ауылды аралап, ақсақалдардың: «Жасың құтты болсын! Өмір жасың ұзақ, несібең мол болсын!» деген батасын алатынбыз.

Біз бұрындары жылына бір ғана қол алысып көрісетінбіз.

Татуласу: Ауылдың абыройлы ақсақалдары араз болып жүрген ағайынды татуластырып, елдің бірлігін нығайтатын.

Неліктен Амал мерекесіне мемлекеттік мәртебе керек?

Амал – «Ұлыстың ұлы күні, Самарқанның сары тасы жібитін күн» деп те айтылады.

22 наурыз – Орталық Азия халықтарына ортақ мереке болса, Амал – қазақтың тек өзіне тән, төл мерекесі.

Күн мен түннің нақты теңелуі 14-20 наурыз арасына келеді деген ғылыми және халықтық пікірлер де бар.

Сондықтан, 14 наурыз – Амал күнін ұлттық мереке ретінде жариялап, наурыз айындағы мерекелік күндер тізбегіне ресми түрде енгізуді ұсынамын.

Қазақстан Республикасының заңы бойынша бұл ұсыныс Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 000 адамның қолын жинап, ресми петиция жолдауымыз қажет.

Амал – мейірімділік пен бірліктің, татулық пен ырыстың мерекесі.

Бұл – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтары.

Құрметті ағайын, осы бастаманы қолдап, барынша таратуларыңызды сұраймын! Қоғамдық ұйымдар мен заңгерлер бірігіп, заңды жолмен қол жинауға дайындалуымыз керек.

Біз біріксек ғана талап орындалады, ал өзіміз мән бермесек көп ұсыныстың бірі болып қала береді.

Құрметпен,

Жәнібек  Сүйеуұлы  ҚОЖЫҚ.

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Фото: newsroom.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: