Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алты жыл аш жүрсең де, ата салтыңды ұмытпа

27.10.2023, 9:15 300

HALYQLINE.KZ

Жарты ғасырға жуық түрлі салада қызмет жасап, біраз жақсы адаммен кездесіп, әңгімесін тыңдап, дәмдес болдым. Ерекше адамдардың айтқан әңгімелері, бастарынан өткен оқиғалары ойыңда қалып қояды екен. Осыдан біраз жыл бұрын ауданымызға елордадан «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында үлкен комиссия келді. Сол кісілерді күтуді аудан әкімі маған жүктеген. Дереу келетін кісілердің тізімін алып, дайындық басталып кетті. Комиссияны елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Тәжіқараұлы (суретте) бастап келді. Ол кісінің интернеттен өмірбаянын алып оқып, таң қалдым. Он алты жасынан еңбекке араласып, талай қызметтік сатылардан өткен. Ауылда мұнайшыдан бастаған ағамыз басқа қызметтерін санамағанда, аудан, қала, облыс әкімі, мұнай мен газдың бірінші министрі, мәжіліс депутаты, елшілік қызметтерде болған екен.

Жиналыс аудан әкімдігінде өтті. Комиссия алдында аудан әкімінің сала орынбасарлары, құқық қорғау мекемелерінің басшылары баяндама жасап жатты. Былайынша қарағанда бәрі дұрыс сияқты көрінді маған. Жиналыс соңын Астанадан келген қонағымыз қорытындылады. Еліміздегі сыбайлас жемқорлық туралы ашық ақпаратты алғашқы рет есітіп жағамызды ұстадық. Біздің елімізде жемқорлықтың жайлағанын сиырдың жазғы тастаған жапасымен теңеді. «Жапаны түртсең, астынан құжынаған құрт шығады. Сондықтан жапаға тиіспей сол күйінде қалдырайық. Біраз азаматтар сотталып кетуі мүмкін. Ол жапаны ашудың да уақыты келер, я жемқорлық құрты өзі тесіп шығады» деді. Түбінде жемқорлар, мемлекетті сатқандар елдің алдында жауап беретінін, жемқорлық тыйылмаса, ол мемлекет құрдымға кететінін сол кезде Равиль аға қорықпай, ашық айтқан екен. Бізге ол кезде мемлекетіміз қарыштап түзу жолмен дамып келе жатқандай болып көрінетін.

Жиналыс бітіп, қонақтарды аудан әкімі арнайы дайындалған дастарқаннан дәм татуға шақырды. Облыс әкімінің орынбасары рақмет айтып, жұмыстарын сылтауратып қайтуға ыңғай білдірді. Осы кезде басты қонағымыз Равиль аға «Бізге арналған ас болса, астан үлкен емеспіз, бұйырғанын ішіп кетеміз. Жігіттер асықсаңыздар, сіздер жұмыстарыңызға жүре беріңіздер» деді. Жігіттер амал жоқ, ағаның қасында қалды. Дастархан басындағы Равиль ағаның әңгімесі бөлек екен. Нағыз «Қоңыр әңгіме». Көпті көріп оны түйіндегендігі, адамды баурап алатын кішпейілдігі, үлкендігі, ата-бабадан қалған салт дәстүрге байланысты айтқан оқиғасы есімде қалыпты:

Кезінде Атырау облысының әкімі қызметінде жүргенде орталықтан бірнеше кісі келіп, мұнайлы өлкені тікұшақпен аралайды. Жұмыс жоспарға Бекет атаға тікұшақты қондырып, зиярат етуді де кіргізеді. Межелеген уақытта әулие атаның мазарының басында болады. Бұл кісілерді кесененің басында отырған шырақшы аға күтіп алады. Үлкен қазанда бір малдың еті асылып, қонақ жайлауға дайындық жүріп жатыр екен. Келген кісілер қол жайып, құран бағыштап, Бекет атаға тағзым етеді. Асығыс жиналған қонақтарға, шырақшы ағаның «Сыбағалы дайын астан дәм татып кетіңіздер, сіздер келеді деп хабар келгеннен бері мына несібелеріңізді босағаға байланғанмын» дегеніне қарамай, жұмысбасты кісілер ғой, асығыс ұшып кетеді. Шырақшы аға отбасымен ренжіңкіреп қала береді. «Ойымызда бөтен ешнәрсе жоқ, жұмыс барысын айтып ұшақ көтерілем дегенше тасыр-тұсыр, жер айналып, денеміз өзімізге бағынбай, құлап бара жатқанымызды сезіп те үлгірмедік. Ес жиғанша ұшақтағы адамдардың айғайы, ыңырсыған дауыстар, бүкіл өмірім көз алдымда зымырап өте шықты. Қираған ұшақтан шығып, дел-сал болып бір-бірімізді түгендеп, аманшылығымызды біліп жатырмыз. Адамдарымыз негізінен дін аман екен. Қол-аяғы ауырсынған кісілерге алғашқы көмек беріп, жан-жағымызға қарадық. Ұшақ командирінің айтуынша, жерден көтерілем дегенше ұшақтың моторы өшіп қалыпты. Шамамен екі-үш минуттың ішінде Бекет атадан бес-алты шақырым ұзап кеткен секілдіміз. Рация істен шықан екен. Ұшағымыз темір жәшікке ұқсап шашылып, май суы төгіліп жатыр. Құдай сақтап, құмшауыт төбенің басынан сырғанап түсіппіз. Кейін білдік, ұшақ командирінің шеберлігінің арқасында тірі қалыппыз. Ұшақты құлап бара жатқан бетте сол үйілген құмға бағыттаған екен. Есімізді жиып, ақылдасып, жолға жарайтын үш адам әулиені бағыттап жүріп кеттік. Бір жарым-екі сағатта Бекет атаның басында болдық. Шырақшымен құшақтасып көрісіп, азан-қазан болдық. Бізге арналған қазандағы ет әлі түсірілмеген екен. Алла несібемізді өзімізге бұйыртыпты. Екі-үш сағаттың ішінде пендешіліктің кесірінен бе, әлде әулие атамыздың назарындағы дәмнен аттап кеткенімізден бе, біз сабамызға, яғни тәубемізге келдік. Облыстан да іздеу салып, құтқарушы жігіттер де жетті. Құлаған ұшақта қалған әріптестеріміз де бізге қосылды. Қазақта күткен қонағына сыбағалы малын, хабарды естігеннен босағаға байлап семіртетін болған. Шырақшы ағаға біздің келетін хабарымыз, бір ай бұрын жеткен екен. Құтқарушыларымыз бар, басшы, қосшымыз бәріміз бір қазаннан ас ішіп, дұғамызды оқып, сол жерден асықпай тарқастық. Қазақта «Бұйырған ас тісті бұзып кіреді» деп бекер айтпаған екен. Бұл оқиға менің өміріме үлкен сабақ болды. Қазақта «Алты жыл аш жүрсең де, ата салтыңды ұмытпа» деген. Ата-бабамыз үшін дастарқан киелі нәрсе саналған. Сондықтан қазақта «Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің» деп бекер айтылмағанын ұқтым. Қазақ атамның мыңдаған жылдар бойы мирас қылып қалдырып кеткен салт-дәстүрін сақтап, ұмытпауымыз керек. Қалдырған әрбір дана сөздерінің астында терең мағына жатыр, осы ойларыңда жүрсін, жас достарым» деп әңгімесін аяқтады Равиль аға.

Бұл оқиға ақпарат құралдарында жарияланбай, жабық қалыпты.

Марат  ОМАРОВ,

Сырдария  ауданы

Сурет  ашық дерекөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: