Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Алма піс, аузыма түс…»

14.07.2022, 11:00 468

«Күніне 5000-7000 теңге аралығында табыс тапқың келсе жаз», «Ватсапқа жауап беріп отыратын менеджерлер керек, күніне 6000 теңге табасыз», «150 курсты бар болғаны 490 теңгеге сатып ал да, кәсіпкер атан». Осы мәтінді жамылған жалған аккаунттар әлеужелінің «гүліне» айналды. Соңғы бес жылда осындай алаяқтық әрекеті артып, көбінің қалтасын қағуда. Мұндай жарнамаларға көзіміз үйренген. Десе де ауру бара-бара асқынып кетпеуі үшін «емдеп»  қойған   жөн.

Instagram, Tiktok, Facebook әлеу­меттік желілері арқылы мұндай посттар таргет арқылы көзіңізге түседі. Әрбір үшінші стористен кейін жарнамалар шығуы инстаграмның өзгерген функциясының әсерінен болып отыр. Жақында «Күніне 5000-7000 теңге аралығында табыс тапқың келсе жаз» деген жазба көзіме түсті. Жазып көріп едім, 5000 теңге төлеп, командаға қосылады екенсіз. Ал ары қарай өзіңіз де табыс табу үшін дәл осылай инстаграм арқылы таргет жіберіп, келген клиентке ең төмені 5000 теңге аралығында ақы сұрып, командаға қосылатыны жөнінде ескертесіз. Бұл ешқандай жұмыспен айналыспайтын «жатып алып» ақша табатындардың «амал» тірлігі екен. Өйткені жұмыс процесі – жазған адамның ақшасын алып, топқа қосып, ол да солай таргетке жарнамасын жіберіп қойып өтірік жұмысқа шақыру екенін білдім. Айтқандай, топ тек Telegrаm қосымшасы арқылы құрылып, жаңа құрам сонда іріктеліп қосылады. Бұлай жасаудың негізгі себебі, «жұмысшылардың» жеке деректері көрінбейді… Олай күніне мыңдаған клиенттен еш негізсіз ақша  алып, «жұмысына» жолдама беретіндердің қатарында Зейнеп есімді бойжеткен болды. Бұл мені осы «жұмысқа» алып келген жарнама иесі еді. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, мені осы «жұмыста» икемдеп, қулықтың қыр-сырын үйреткен «ұс­тазымның» заманға сай ақша табу жайлы «ақыл-кеңесін» біле отырыңыз.

– Ақша табудың мұндай тиімді жолдары азайған. Сол үшін еш ойланбастан адал жолмен пайдаға кенелуге кеңес беремін. Бір рет өзіңізге бес мың теңгелік инвестиция құю арқылы миллиондаған табысқа шықпауыңыз­ға кім кепіл? Күніне 2-3 сағат уақыт бөлсеңіз болды, мен секілді күніне кемі 20-30 мың теңге тауып, ақшаға қарық  боласыз, – деді.

Егер сізге осындай сөзбен танысыңыз немесе қаржылық пирамида өкілдері жазса, өзіңізді ондай сала арқылы ақы табудан аулақ ұстағаныңыз  жөн.

Менің бұл «жұмысқа» кіргенім­нің басты себебі пайда табу емес, «ақ-қара­сын» анықтау болатын. Сөйт­сем, анықтайтын ештеңесі жоқ, алаяқ­тықпен ақша табудың бір жолы болып шықты. Whatsapp желісі арқылы да клиентке жауап беру – өзің секілді жазған адамдарды топқа ештеңе сатпастан қосып, осылай арам ақша табуға үйрету болып тұр. Ал 490 теңгелік курс – еш мән-мағынасыз Telegrаm арналарында жарық көрген ақпараттар. Қазір Telegrаm-да «инфобизнес», «смартлайф», «адам қос, ақша ал», «ақша тап» деген топтар трендте тұр. Яғни сізді осы атаулар арқылы пайда табуға шақырса бас тартып, пайдалы нәрсеге шығындалуға кеңес береміз. Мұндай ақша табу топтары қаржы пирамидасын құрудың жаңа саясатын әзірлеуде. Жеңіл жолмен ақша табу үшін курс сатып әуре болмаңыз. «Алма піс, аузыма түстің» жайынан аулақ болыңыз. Өйткені ол – жал­қаудың  жұмысы.

Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: