Соңғы уақытта облыс орталығында адамдардың, әсіресе балалардың суға кетуі мен көпқабатты үй терезесінен абайсызда құлап кетуі көбейіп тұр. Мұны Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жасұлан Түйменов тарқатып айтып берді.
– Елімізде 2021 жылғы суға шомылу маусымы басталғанға дейін су айдындарында 81 адам суға батып кетті, оның 39-ы – бала. Ал Қызылорда қаласында 2021 жылғы 3 маусымдағы жағдайға сәйкес қала аумағындағы су айдындарында 5 бала(оның ішінде суға шомылу кезінде 4 бала, сәтсіз жағдайда 1 бала) қаза болды. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Атап айтсақ, өзен немесе каналдардың кез келген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп суға түсуі, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда, – дейді Ж.Қалдыбайұлы.
Бұған қоса суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмейтіні су айдындарында жазатайым оқиғалар санының көбеюіне әкеліп отыр.
Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы бөлімшелер қызметкерлерін жұмылдыра отырып, 2021 жылдың мамыр айының басынан азаматтардың судағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қызметкерлер күшейтілген түрде қала аумағынан өтетін Сырдария өзені жағалауында және су айдындарында полиция басқармасы, БАҚ өкілдері және еріктілермен бірлесіп, күнде рейдтік іс-шараларын өткізеді. Рейд барысында белгіленбеген аймақта суға шомылып жүрген 13 жеке тұлғаға ҚР ӘҚБтК 364-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Дегенмен, басқарма тарапынан судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, күн райының қатты ысуына байланысты тұрғындардың су айдындарының суға түсуге белгіленбеген жерлеріне шомылуы, соның салдарынан суда қаза болу жағдайлары азаймай отыр.
Үгіт-насихат жұмыстары бойынша жергілікті газеттерде – 7, әлеуметтік желілерде 12 мақала жарияланып, рейд барысында 533 дана үнпарақ таратылса, дауысзорайтқыш автокөлігі арқылы адамдар көп шоғырланатын орындарда күнделікті жүргізілді. Құзырлы органдармен бірлесіп, қаланың көрнекі жерлеріне 4 бильборд және суға шомылуға тыйым салынады деген 5 дана тақтайша орнатылып, қазіргі таңда тақтайшалардың жалпы саны 37-ге жетті.
Сонымен қатар, аталмыш басқарма қазіргі таңда қала аумағында балалардың терезеден құлау жағдайлары жиі болып жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Мысалы, ағымдағы жылдың басынан қазіргі күнге дейін қала көлемінде 5 жағдай тіркеліп, нәтижесінде жасөспірімдер ауруханаға жеткізілді.
– Көп жағдайда 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден құлау қаупіне жиі ұшырайды. Осы жағдайды болдырмас үшін қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын әр аптаның жұма күні жүйелі жүргізудеміз. Шара барысында арнайы дайындалған үнпарақтар кіреберіс есіктерге ілінуде және тұрғындарға таратылуда. Сонымен қатар, терезелерге арналған қауіпсіздік құлыптарын орнату туралы тұрғындарға, мектеп басшыларына түсіндірілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде, көпбалалы аналар тарапынан 28 пәтердің терезелеріне арнайы қауіпсіздік ілмешегі орнатылды, – деді басқарма бастығы.
Жаңыл РАХМЕТОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың
2-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!