Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаш: Жарқын жобалар жалғасады

31.07.2024, 12:24 301

Аудандардың алға жылжуында ала-құлалықтың болмағаны жөн. Саланың ілгерілеуінде салғырттық, шешімнен шикілік шықпаса құба-құп. Күнкөрістің қамы мен тұрмыстың түйткілі тұрғынды титықтатып жібереді. Бірақ, Жалағашта бастау алған ілкімді істер ілік іздеудің қажеті жоғын түсіндіргендей. Жыл басынан бері атқарылған тірлік те тындырымды. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың БАҚ өкілдеріне берген есебінен елді мекендердің еңсе тіктегенін де түйдік.

Биыл бекітілген аудан бюджеті 12,5 млрд теңгені құрайды. Экономикалық көрсеткіш те оң. Барлық бағыт бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда даму индикаторына қол жеткізді. Кәсіпкерлік саласы да жанданып келеді. Мұны Жалағашқа түскен жолсапарда талай мәрте байқағанбыз. Жалындаған жастан еңкейген қартқа дейін кәсіпке бейімделіп, бейнеттің берекесін көріп отыр. Бүгінде шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2949-ға жетіп, оның 2815 субъектісі нақты жұмыс істеуде. 6 ай мерзімде атаулы салаға қаржы институттары арқылы 2,3 млрд теңге тартылып, 52 жоба қаржыландырылды. Қолдау шараларының негізінде 54 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, кент, ауылдық округтер арқылы «Ауыл аманаты» жобасына 318,3 млн теңгені құрайтын 49 жоба дайындалды. Тамыз айынан бастап қаржы бөлу қолға алынбақ.

Өңірде өнім өндіруге де басымдық берілген. Бұл бағытта жеке кәсіпкер Д.Ержановтың жеке қаражаты есебінен «Күріш ақтау және жем өндіру» зауыты жылдың соңына дейін іске қосылып, басқа да жұмыс орындары ашылмақ. Түрлі өнім шығаруға тиімді мүмкіндік.

Жол жөндеу жұмысындағы жүйелілік жүгенсіздікті жойды. Елді мекендердің ішкі көшелері орташа және күрделі жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ, елді мекендерді ауданмен байланыстыратын жол да назардан тыс қалмады. Биыл құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылуда.

Әр өңірдегі өзекжарды мәселе – ауызсу мен «көгілдір отын». Алайда Жалағашта бұл шешімін тапқан. Тұрғындар 100 пайыз орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылған.

– Аудан халқының 45,1 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Өткен жылы бастау алған Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер мекеме құрылыс-монтаждау жұмыстарын қыркүйек айында аяқтап, жылу беру маусымына дейін іске қосу жоспарлануда. Аталған жобалар жүзеге асырылғаннан кейін аудан тұрғындарының 57,8 пайызы газбен қамтылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, елді мекендерді газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыратын боламыз. Осы орайда, ағымдағы жылы Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Сонымен қатар, Жалағаш кентіндегі №123, №246 орта мектептерін табиғи газға ауыстыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 42,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде, – деді Ардақ Ибраимов.

Бүгінде ел қатарлы күн көру үшін, қомақты қаржы тауып, отбасыны асырау үшін тұрақты жұмысқа орналасу маңызды. Кейде жұмыспен қамту жөнінде де кикілжің туындайтыны жасырын емес. Сонымен қатар, тұрмыста қиналмау үшін тұрғын үйдің болғаны жөн. Содан болар, бұқара баспана жайына келгенде азар да безер болғысы келмейді. Ауданда әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға барынша көңіл бөлінген.

– Ауданда республикалық бюджет және облыстың ішкі қарыздары есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 101 тұрғын үй сатып алуға 1 млрд 484,6 млн теңге бөлінді. Жыл аяғына дейін жеке кәсіпкерлер арқылы аудан орталығынан салынған үйлер сатып алынып, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға табысталатын болады.Бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар жыл аяғына дейін толық аяқталатын болады. Сапасы жеке бақылауымда.

Елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы аудандық бюджеттен 16,8 млн теңге бөлініп, 5 қызметтік тұрғын үй алынса, биыл Қаракеткен, Еңбек, Мырзабай ахун ауылдық округтерінен 3 қызметтік тұрғын үй сатып алынуда, – деді аудан әкімі.

Бірнеше мәселенің басын қайырып, тоқетерін түйіндеген басшылық жұмыссыздық жайына да бейжай қарамаған. Өйткені, жұмыссыздық мәселесін азайтуда нәтижелі жұмыс істеу маңызды деп есептейді.  Бұл бағытта 811 жаңа жұмыс орны ашылған.

Жалағашта жағымды жаңалық аз емес. Әлі біраз саладағы жетістікті айтып, талдауға болады. Оны аудан халқы күн сайын бағамдап жүрген де болар. Әрі жарқын жобалардың жалғасын табатынына сенеді. Тарихқа тұнған мекенде қос қуаныш қатар тойланбақ. Ауданның құрылғанына – 85 жыл және «Жалағаш жаршысы» газетіне 90 жыл толып отыр. Бұл қазан айында облыстық деңгейде атап өтілмек.

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: