Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ула, машатай келе жатыл..!

15.10.2020, 8:50 1095

HALYQLINE.KZ

Әзіл-шыны  аралас

Кеңес өкіметінің тұсында болған оқиға еді. Ауылда құрылыс қоймасының меңгерушісі деген қызмет атқарамын. Өзімше әжептәуір бастықпын… Басынан құс ұшырмай тұрған «айхай, жиырма бестің..!» кезі…

Бір күні совхоз директоры прораб, мастер және мені кабинетіне шақырды. Бардық. Басекең әңгімені қысқа қайырды.

«Сақманға (қой төлдету науқаны) адам жетіспеуіне байланысты үшеуіңнің бірің Қарақұмдағы шопанның біріне өкіл болып барасыңдар. Кімді жіберетіндеріңді өзара шешіңдер!» деген директордың сөзінен соң абдырап қалдық. Жапан түздегі жалғыз үйлі шопанның үйінде табаны күректей бір ай болуға кім құштар дейсіз?! Ақыры жасы да, қызметі де кіші мен баратын болдым. Қойманы мастерге уақытша өткізіп, аяқ астынан өкіл болып шыға келдім.

Директор өкілдің міндеті шопанның қойды қалай төлдетіп жатқанын бақылап, қаракөлге сойылатын қозылардың санын, жем-шөптің жеке малына емес, совхоздың отар қойына берілуін қадағалау екенін, менің нұсқауымды шопан бұлжытпай орындауға тиістілігін қайта-қайта пісенттеп жатыр. Мен болсам құлазыған далада тура бір ай жүретініме іштей қатты қамығып тұрмын…

Келесі күні барлық тіркемесіне толтыра жем тиелген К-700 аталатын алып тракторге мініп, кеңшарға қарасты Шәкен деп аталатын елді мекенге қарай жол тарттық. Айтпақшы, аудан орталығынан шығарда тракторшы жігіт пен көмекшісі маған жалтақтай қарап, «жолға бірдеңе қамдап алсақ» деп күмілжіген болатын. Қызығы мол ауылды қимай келе жатқан мен селсоқ басымды изеген соң поселкенің (ол кезде қазіргі Әйтеке би кенті Жаңа Қазалы поселкесі деп аталады) теміржолдың арғы бетіндегі бөлігіндегі қуыс көшенің біріне тоқтап, оншақты қап жем сатып, «Агдам» деген жазуы бар, жуан бөтелкедегі төрт-бес шыны вино, екі-үш пәшке «Прима» сигареті мен бірнеше қалбыр балық консерві, «85» аталатын көмеш (біз жақта буханка нанды осылай атайды) нан алған ерлерің жаз күніндей жадыраған.. Алтай каналының жанындағы ГАИ-дың постысынан өтіп, құм ішіне бұрылдық. Аялдама жасалып, бірнеше тост айтылды. Көңілденіп алған тракторист ағамыз:

«Шәкен деген қала бар,

Москвамен пара-пар.

Трамвайдың орнында,

Түйе-шана деген бар…» деп аңырата әнге салып, су жаңа касемсотты азынатып, жол апшысын қуырып келеді. Ал менің… «Осы несіне мәз болып келе жатыр?!» деп шекем тырысып тұр. Кештетіп ферма орталығы Шәкене жетіп, жемді қоймашыға тапсырдық. Қаракөлеңке қойманың ішінде, таудай болып үйіліп жатқан жемнің үстіне әкелгенін аударып тастаған тракторист менімен қимай қоштасып, ауылға баратын жолға түскенде, жылап жібере жаздадым.

Ертеңіне мені Шәкенге жақын маңдағы бір шопанның үйіне ферма меңгерушісінің өзі жеткізіп салды. Беделім көтеріліп қалғандай сезіндім. Бірақ…

Өкіл ретіндегі қызметім басталды. Алайда өкіл емес, қойшының көмекшісіне айналғанымды өзім де сезбей қалдым. Директордың тапсырмасын орындай алмадым. Оған мүмкіндік те жоқ еді. Себебін айта кетейін. Жапандағы жалғыз үйде күндіз-түні үй иелерімен бірге боласың, шопанның ақ дастарқанынан әйелі дайындаған асты бірге ішіп-жейсің, кішкентай сәбилері «көкелеп» мойныңа асылады, өзің келіншегің мен балаңды сағынып жүргенде… қалайша елжіремейсің?! Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырайды. Ерлі-зайыпты екеуі ұрысып жатқанда тоныңды иығыңа қаусыра іліп, қораға қарап жылыстайсың. Қашанғы қол қусырып тұра берерсің?! Түйе шанамен әудем жердегі күдеден шөп әкеліп, қорадағы қойларға шашасың. Арасында үй жаққа құлағыңды салып қоясың. Шаң-шұң басылса, үйге барасың… басылмаса маторды от алдырып, отарды суарып тастайсың… басқа да шаруа табылады дегендей… Күйбеңдеп жүріп, тағы да үйіңді ойлайсың….

Адамға ең қиыны, жалғыздық екен. Жалғыз үй отырған шопанға бір адам келсе, құдасын көргендей қуанады. Әсіресе, жас балалары мәз-мейрам болады. Жазатайым әлдеқандай техниканың гүрілі естілсе, тілі толық шығып үлгермеген кенжесі «Ула, машатай келе жатыл..! (Ура, машина келе жатыр! дегені) деп жалаңбұт қалпы, есікке қарай жүгіреді. Біз де кәдімгідей елеңдеп отырамыз.

Жылжымастай болған бір айды да өткіздім. Үйге келгенімде сақал-мұртым өсіп, қарайып кеткен түрімді көрген келіншегім еңіреп, жылап жіберді. Жуынып-шайынып, рақаттана тамақтануға кірістім. Кенет… есік алдынан машинаның дауысы гүр ете қалды. Өзімнің шаңырағымда отырғаным, ауылда машина-тракторды жолықтыру таңсық еместігі тарс есімнен шығып кетіпті. Кеседегі шайымды жерге қоя салып, «Ура, машина келе жатыр!» деп орнымнан қалай ұшып тұрғанымды өзім де сезбей қалдым. Маған шошына қараған әйелім тағы да көз жасына ерік берді…

«Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген…

Құрметті оқырман! Мен бұл жазбамда маңғаз даланың сайыпқыран перзенттері, атакәсібін дамытып отырған шаруақор жандарды тілге тиек қылуды ойлағаным жоқ. Ешкімнің намысына да тигім келмейді. Артық кетсем, кешірім өтінемін! Алайда «әзілі жоқтың қолында шоқпары болады» дегенді де ескерсек!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: