Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Украинада Каховка бөгеті жарылғаннан кейін 700 мың адам сусыз қалған

12.06.2023, 12:48 226

HALYQLINE.KZ

Украинада Каховка СЭС-інің бөгеті жарылған соң шамамен 700 мың адам сусыз қалған. Бұл жөнінде Associated Press агенттігіне берген сұхбатында БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер бойынша орынбасары Мартин Гриффитс мәлімдеген

Мәселе Украина және Ресей әскері бақылауындағы аумақ тұрғындары жөнінде болып отыр.

Қазір Херсон облысында су ластанғандықтан суда шомылуға және балық аулауға тыйым салынған.

Гриффитстің айтуынша, БҰҰ Украина бақылауындағы су басқан елдімекендерде тұратын 30 мың тұрғынға көмек көрсеткен. Ол жақта көп ерікті жұмыс істеп жатыр. Ал Ресей әскері БҰҰ өкілдеріне өздері бақылап отырған аймаққа кіруге рұқсат бермеген.

Херсон облысының әскери әкімшілігінің жетекшісі Александр Прикудин Днепрдің оң жағалауында судың деңгейі бір түнде 26 см-ге төмен түскенін айтты. Оның сөзінше, Днепрдің оң жағалауында су астында 32 елдімекен қалған. 2716 адам эвакуацияланған.

10 маусымда Украина ішкі істер министрі су басқан елдімекендерде 4 адам қаза болғанын хабарлады. 27 адам із-түзсіз жоғалған. Бұл тек Украина бақылауындағы облыстар бойынша дерек. Қаза болғандар саны одан да көп болуы мүмкін: еріктілердің есебінше, қазір 300-ден астамның тағдыры белгісіз.

Ресей төтенше жағдай министрлігі 6 маусымнан бері Херсон облысының Ресей бақылауындағы су басқан аудандарынан 1736 адам қауіпсіз жерге көшірілгенін хабарлады.

«Укргидроэнерго» мекемесінің айтуынша, Каховка су қоймасының су деңгейі күрт төмендеп барады. 11 маусым күні оның деңгейі 9,35 метр болса, бір күнде бір метрге төмен түскен, ал бөгет жарылғалы бері 7 метр төмен түскен.

Днепрдің Солтүстік Қырым арнасын сумен қамтамасыз етіп отырған бөліктерінде су тартыла бастаған. Осының салдарынан Ресей аннексиялап алған Қырымда су тапшылығы туындауы мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: