«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мемлекеттен темір жол билетіне жыл сайын 24 млрд теңгеден астам субсидия алады екен. Мұны Үкімет басшысына сауал жолдаған мәжіліс депутаттары айтты, деп хабарлайды HALYQLINE.KZ тілшісі.
Депутаттар жылына 24 млрд теңге субсидия алатын ұлттық компанияның қызметі сын көтермейтінін, теміржол саласындағы мәселелердің қашан ретке келтіретінін сұрады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. Смайыловқа
Депутаттық сауал
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Жаз келсе болды, қоғамда темір жол жолаушылары тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда қайталанатын жағдай. Темір жол жолаушылар тасымалы сапасының төмендігі сын көтермейді.
Себебі, жолаушылар құрамының көп бөлігі кеңес заманының мұрасы.
Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз.
Көптеген уәделер бар, бірақ іс жүзінде жоспарланған қарқындар сақталмайды.
Қазіргі уақытта теміржол құрамының 60 проценті тозған, пайдалануға жарамайды. Ал, министрлік пен Қазақстан Теміржолы вагондар паркін түбегейлі жаңартуды 2030 жылға жоспарлап отыр екен.
Осы орайда, ескере кететін жайт «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни, 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 80 проценттен де асып кетпейтініне кім кепіл?!
Одан қалса, кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында қоңыздары жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды.
Жаз бойы «AMANAT» партиясына шағымданған азаматтардың санының есебі жоқ. Оған қоса, халықтың жан айқайын әлеуметтік желіден әбден көрдік. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады. Бұл бір.
Билеттер тапшылығымен қатар, билет бағасының қымбатшылығын
көріп отырмыз. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді.
Ресми беттерде тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қолжетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражаттар бөлінуіне қарамастан орын алып отыр. Мұны екі деңіз.
Ең қызығы, қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздардың жиі кешігетіні тағы бар. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды.
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Жыл сайын біз азаматтарымыздың ішкі туризмге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көріп отырмыз.
Негізгі турмаршруттардағы жолаушылар ағынын басқаруға қатысты стратегиялық жоспар қажет.
Сол себепті, депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұраймыз.
Бұл жай ғана бір депутаттың сауалы емес, бір өңірден екінші өңірге жаз бойы жете алмаған мыңдаған азаматтардың аманаты.
Жылына 24 млрдтан астам тікелей субсидия алатын Ұлттық компанияның жұмысын қашан ретке келтіреміз?!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Парламент Мәжілісінің депутаттары,
«AMANAT» партиясының Е. Бейсенбаев
Фракция мүшелері:
М. Жайымбетов
С. Мусабаев
Ж. Сүлейменова
С. Пономарев
Д. Исабеков
Қазақстан Халық партиясының И. Смирнова
Фракция мүшеcі:
К. Сейтжан
«Ауыл» халықтық-демократиялық
патриоттық партиясының
Фракция мүшесі: А. Зейнуллин
Жеке мандатты депутат: Д. Мұқаев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!