Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ халқының кемеңгерлігі

03.03.2025, 10:45 84

Ассамблеяға – 30 жыл

Еліміз өзінің тәуелсіз даму жолына түскен уақытта көптеген қиыншылықтарға тап болғаны белгілі. Экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік тұрақсыздық жағдайында этносаралық келісімді сақтау мәселесі де жас мемлекеттің алдына өткір қойылды. Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде тәуелсіз мемлекет құрудың қазақстандық тәжірибесі этносаралық қатынастар тұрақтылығының ерекше маңызды фактор екендігін көрсетіп берді. Өйткені мемелекеттік құрылыс жетістіктері мен қоғамның өсіп-өркендеуі этносаралық қатынастар тұрақтылығына тәуелді болатыны белгілі болды. Міне, осындай қысылтаяң жағдайда этносаралық келісім мен татулықтың қазақстандық моделінің негізі қаланған болатын. Осылайша, қазақ халқының барлық этностарды топтастырудағы рөлі тарихи тұрғыда айқындалды. Осы кезге дейін қазақ елінің барлық аумақтарында әрбір этникалық топтың қоғамның барлық саласында белсенді қызмет етуіне тең құқықты жағдай туғызылып отыр. Қазіргі ғаламдық дағдарыс жағдайында да этносаралық қатынастар мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Себебі, дағдарыс онсыз да күрделі болып келетін әлеуметтік қатынастардың шиеленісуіне алғышарттар жасайтыны белгілі.

​Сондықтан да, этносаралық келісімнің толерантылықтың қазақстандық моделінің түп-тамырында тарихтың сын сағатында қазақ жері мен қазақ халқының көрсеткен көмегі мен қолдауына деген қазақстандық этностардың шексіз алғысы, ыстық ілтипаты жатыр. Қазақ халқының табиғатындағы данышпандық пен дархандық, салт-санасындағы толеранттылық жаңа тарихи жағдайда Қазақстандағы этносаралық қайшылықтардың алдын алуға, оған жол бермеуге алғышарт жасады.

​Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің халықаралық құқықтық нормаларға негізделген демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға дайындығын көрсетіп берді соған сәйкес өзін әлемдік қауымдастықтың құрамдас бір бөлігі екендігін жариялады.

Еліміз біріккен ұлттар ұйымының мүшесі ретінде және адам құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың құқықтары мен мүдделерін толық қамтамасыз етті.

​Биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Кезінде әлемде баламасы жоқ болып ашылған бұл ұйым бүгінгі күнге дейін елімізде қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау бағытында еңбек етіп келеді. 2023 жылдың басында, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен, ассамблея жанынан әр өңірлерде Ақсақалдар кеңестері ашылып, жергілікті жерлерде әлеуметтік маңызы бар түйіткілді мәселелердің оңтайлы шешілуіне билік ұйымдарына ұсынымдар беру арқылы ат салысып келеді. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар мен білім беру ошақтарында қазақ тіліне, салт-дәстүрге, жастар тәрбиесіне, қоғамдық-саяси тұрақтылыққа қатысты кездесулер өткізіп келеді. Жыл сайын өткізілетін Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерді аймақ тұрғындарына жеткізіп, тиімді жақтарын талқылаумен де айналысады.

​Қазақ халқы қиын-қыстау кездерде ақыл сөзге тоқтап, ақсақалдардың ақыл-кеңестеріне жүгініп отырған. Бұл – біздің болмысыз, әрі діліміз. Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқы барлық этнос өкілдерін оң бастамаларға топтастырып, елдің дамуы мен өркендеуіне қызмет жасауы тиіс деп ойлаймын. Жасап қана қоймай, әр істе оларға үлгі болуымыз керек.

 Н. Ерманов,

Қызылорда облыстық Қазақстан

халқы Ассамблеясының

ақсақалдар кеңесінің төрағасы ​​​​​​

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: