Кеше ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Арал ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауданда жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық жобалармен, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің қызметімен танысты, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Іссапар барысында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, ҚР Үкіметі аппаратының өңірлік инспекторы Арман Мәлік, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің топтық су құбырларын дамыту басқармасының басшысы Бұлан Тұрлыбеков, сондай-ақ «Қазсушар» РМК «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары Бақытжан Бәкішевтер болды.
Ауданға келген Ералы Лұқпанұлы бастаған делегация алдымен Тоқабай ауылына барып, елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп тұрған су айдау насосты станциясының жұмысымен танысты.
Қазіргі уақытта ауыл толықтай орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған. Жылдар бойы таза суға мұқтаж болып келген тұрғындар өткен жылдың соңынан бастап сапалы әрі таза ауызсумен тұрақты түрде қамтылып отыр. Мұнан бөлек ауданға қарасты Ерімбетжаға, Тастүбек ауылдары да орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылды.
Су айдау насосты станциясының ғимаратында Премьер-министр кеңесшісіне нысанның техникалық мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылып, ауызсудың әрбір үйге кідіріссіз әрі қажетті көлемде жеткізіліп жатқандығы баяндалды.
Өз кезегінде Ералы Лұқпанұлы шалғай елді мекендерде осындай маңызды жобалардың жүзеге асырылып жатқаны үлкен қолдау екенін атап өтіп, жауапты сала мамандарына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Абай ауылына барып, елді мекенді ауызсумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қазіргі уақытта ауылішілік ауызсу құбыры толықтай тартылған. Жобаның бас мердігері – «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС.
Аталған жобаларды жүзеге асыруға 2025 жылға Ұлттық қордан және арнайы мемлекеттік қордан қомақты қаржы бөлінген.
Ералы Лұқпанұлы су айдау насосты станциясында мекеме қызметкерлері және жауапты азаматтарға халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әрбір жобаның нақты нәтижесі болуы керектігін атап өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!