Алдағы мереке күндерінде облыс тұрғындарын үздіксіз жылумен және табиғи газбен қамтамасыз ету үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыс тұрғындарына электр энергиясы мен ауыз судың үздіксіз берілуі де қатаң бақыланады. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сала мамандары мереке күндері коммуналдық қызметтердің жұмысы туралы баяндады.
– Алдағы Наурыз мейрамы қарсаңында облыстағы коммуналдық қызметтер үздіксіз жұмыс істейтін болады. Облыс тұрғындарын «Қызылорда су жүйесі» мекесі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етеді. Бас су жинау кешені арқылы қаланың орталығы, Тасбөгет кенті, Саяхат, СПМК-70, Сәулет, Сырдария, Ипподром мен қала орталығы, теміржол ауданы мен Шанхай және Коммунизм мөлтек аудандары ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ, демалыс күндері мүмкін болатын штаттан тыс жағдайлардың алдын алып, жою бойынша уақытылы шаралар қабылдаймыз, – деді Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов.
– Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай облыс көлемінде 21-25 наурыз аралығында тәулік бойы электр жарығының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету мақсатында жауапты мамандар тағайындалды. Электр жарығын үзбеу үшін аудандық электр тораптары бекітілген ауысымға сәйкес мәселелер туындаған жағдайда үздіксіз жұмыс істейді. Егер қала тұрғындары тарапынан қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда Орталық АЭТ – 23-56-43; Қызылжарма АЭТ – 25-48-50; Тасбөгет АЭТ – 21-50-05 жедел нөміріне қоңырау шалуларына болады, – деді Қызылорда электр тарату тораптары АҚ-ның басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Шалқар Рахышев.
– Жалпы Қызылорда қаласы бойынша 199,05 шақырым жылу желілері бар. Қазіргі таңда қаланы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылордажылуэлектрорталығы» тұрақты түрде жұмыс істеуде. Мереке күндері де біздің мекеме күшейтілген режимде жұмыс істейді, – деді «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің директоры Дінмұхаммед Исламов.
– Біздің филиал газ құбыр жолдары арқылы газды тасымалдау қызметін көрсетеді. Облыс бойынша барлық санаттағы тұтынушыларға газбен қамту қызметін іске асырамыз. Осы ретте тұрғындарға газ тұтыну жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтау үшін дабылқаққыш қондырғыларын орнату керектігін ескертеміз. Сонымен қатар, үйіңізде газдың иісі анықталған жағдайда 104 телефоны бойынша авариялық-диспетчерлік қызметке дереу хабарласуларыңызды сұраймыз, – деді «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы апатты-диспетчерлік қызметінің бастығы Базарбек Ерімбетов.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!