Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жыл елімізде еріктілер жылы деп жарияланды. Бұлай арнайы назар бөліп, көңіл аударуға қоғамда соңғы жылдары халықтың көмегімен көптеген істің бітіп жатқаны себеп болса керек. Әсіресе, жастар түрлі бағытта жаңашыл бастамалар бастап, ел алғысына бөленіп жатқанына да куә – өзіміз. Негізі еріктілер – әлемдегі ең көп тараған белсенді топ. Кейбір мәліметтерге сенсек, дүниежүзінде ерікті түрде қызмет ұсынып, қоғамның дамуына атсалысып жүргендер қатары 1 миллиардқа жуықтаған. Президент «Еріктілер жылы» деп жарияламай тұрғанның өзінде Қазақстанда 15-16 мың ерікті болған. Ал қазір олардың саны 50 мыңнан асады. Бұл – қуантарлық жағдай. Ал Франция, Жапония, Германия елдерінде еріктілер саны жыл сайын көбейіп отырады екен. Тіпті, қоғамдық жұмысқа белсене араласып, еңбек күшінің жартысын құрайтын да солар көрінеді. Сырттағы елге тамсанып, таңдай қақпай-ақ қоялық. Өйткені осы тектес ұлы істер мен жарқын жобалардың дені біздің елде де еріктілер көмегімен іске асып жатқанының өзі – мәртебе, мақтаныш, абырой. Арамызда халықтың алғысына бөленіп, елдің мерейін асырып жүргендер аз емес. Солардың бір тобы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-да жұмыс істейді. Бүгін біз талай жанның үзілген үмітін жалғаған, сөнген жүрек шоқтарын қайта тұтатқан, жасыған жігерді қайта жандандырған еріктілер командасы туралы жазамыз. Өйткені олар бір жарым жыл ішінде баспанаға мұқтаж үш отбасының қуанышын еселеді.
ЖАЛҒАНҒАН ҮМІТ
Компаниядағы еріктілер көмегінің бастамашысы – салық менеджері Сәбит Сұлтанов. Игі іске бір жұдырықтай жұмылып кіріскен бұл топ арнайы жылдың жариялануын күтіп отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше жыл бойы түрлі деңгейдегі қайырымды жобаларға атсалысып, ұлттық, діни мерекелерде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына азық-түлік себеттерін таратып келді. 2018 жылдан бері ауқымды қайырымды істердің ұйытқысы, жақсылықтың жаршысына айналды. Ең алғаш рет ПҚҚР компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім мамандарынан тұрмысы төмен, екі баласы және өзі мүгедек көпбалалы ана туралы естиді. Сонда ойына бар келгені – сол отбасын қиындықтан құтқару. Сәбит жақсылыққа жаны құмар достарымен ақылдасып, кеңесе отырып осы отбасыға баспана сатып әперу үшін қаражат жинау туралы бастама көтереді. Өз ойын құптай кеткен достарының әрекеті Сәбитті одан сайын жігерлендіре түсті. Сөйтіп, жақсы іске білек сыбана кіріскен жігіттер қиындықта отырған жалғызбасты ананың өмір сүруіне қолайлы, маңында мектеп, балабақша, медициналық ұйым, инфрақұрылымы жақсы, көлік қиындығы кезікпейтін аумақтан пәтер іздестіре бастады. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, қаламыздың «Сәулет» аталып кеткен шағын ауданынан 2 бөлмелі пәтер табады. Еріктілер тобы тез арада пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әрқайсысы шама-шарқының келгенінше тұрмыстық техника сатып алып, пәтерді Нұргүлдің атына аударады.
Көру қабілеті бойынша мүгедек Нұргүл Арыстанбаева Қызылордаға көшіп келген сәттен бастап 7 жыл бойы жалдамалы пәтер жағалап жүрген. Жұмысының тұрақты болмауына байланысты уақытша дағдарыс орталығын да паналаған. Кейіннен апатты жағдайдағы жарамсыз жатақхананың 2 бөлмесіне орналастырылған. Тұрғын үй кезегінде 7251 кезекпен тіркелген кезегі қай кезде келетіні де белгісіз еді. Осы секілді әлеуметтік мәселелер қамкөңіл ананың денсаулығына кері әсерін де тигізген.
– Біз 10 адам болдық. Барлығы да өзімнің әріптестерім, жақын достарым. Мүмкіндігінше ақша жинадық, қарыздандық, 3-4 айдан кейін одан да құтылдық. Біз барлық шығынды команда мүшелеріне теңдей бөлеміз. Кейіннен қосылған әріптестер де болды. Кейбірі өздерінің атынан тоңазытқыш, газ плитасын әперді, – дейді Сәбит.
Ал бірнеше жыл қиындықта жүріп, баспанадан үміт үзген Нұргүл пәтерді өз атына аударарда тіпті сенбеген. Тек қолына үйдің кілтін ұстатқанда көз жасына ерік берген.
– Пәтердің енді маған тиесілі екеніне әлі де сене алмаймын. Қайырымды жандарға айтар алғысым шексіз. Ризамын. Менің өмірімде орын алған керемет оқиға, – деп еске алады Нұргүл.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Еріктілік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайтынына сенемін. Бұл – ең алдымен өркениетті елдің және зор жауапкершіліктің белгісі. Ғұлама Абай «Адамзаттың барлығын сүй, бауырым деп» деген өсиет қалдырды. Ерікті болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы еріктіліктің жарқын үлгісі боларына күменім жоқ. Мен волонтер жылы аясында ең алдымен еліміздің жастарына зор сенім артамын.
ТОП ЖІГІТТІҢ ТОСЫНСЫЙЫ
Команда мүшелері бастаған істерін аяғына дейін жеткізгенін, бір отбасына болса да шаттық сыйлап, алғысын алғандарын жетістік санап, бұл істі аяқсыз қалдырмауға шешім қабылдайды. Әрине, әркімнің өз мүмкіндігі жеткенше. Сөйтіп, өздері қуаныш сыйлайтын екінші кейіпкерді іздестіреді. 2019 жылдың маусым айында Сәбит «Facebook» әлеуметтік желісінен Аружан Сахитжан деген студенттің көмек сұраған өтінішін оқиды. Мәселені жіті зерттеп, терең үңілген Сәбитке Аружан мән-жайды ашып айтады.
Алты баланы жалғыз жетілдіріп отырған анасына қатерлі ісік диагнозы қойылған. Олар бірнеше жылдан бері әрең жылытылатын, қабырғалары көнеріп, көгерген екіқабатты ескі көппәтерлі үйде пәтер жалдап келген. Анасы Нұрсәуле балаларына тамақ, киім табу, пәтерақы төлеу үшін кез келген жұмыс істеп келген. Қиындықтан стреске түсіп, денсаулығы сыр бере бастаған ана балаларының болашағына алаңдап, жиі ауыратын болған. Салдарынан өмір сүруіне қауіпті диагноз қойылған. Әлеуметтік үй кезегіне тіркелсе де, кезегі әлі жетпеген көпбалалы ана үшін үміт сәулесі өшкен еді. Бірақ…
– Әлеуметтік желіде жарияланған өтініштен кейін біз ол отбасының жағдайын көзімізбен көріп қайттық. Кезекті пәтерімізді осы отбасына тарту етеміз деген шешім қабылдадық. Сөйтіп, командадағы дос, әріптес жігіттермен келісе отырып, «Шұғыла» мөлтек ауданынан жаңғыртудан өткен тұрғын үй таптық. 3 бөлмелі пәтер 4 миллион теңгеге сатылады деді. Алайда біз үй иесін әлеуметтік келісімге шақырып, баспананы не үшін, кімге, қандай жолмен сатып алатынымызды талқылап, нәтижесінде 3 миллион теңгеге сатып алуға келістік. Жанында екі мектеп, балалардың ойын алаңы, дүкен, дәріхана секілді әлеуметтік нысандар бар. Біз Аружан мен оның анасы Нұрсәулені нотариусқа шақырып, сол жерде оларға пәтер сыйлайтынымызды айтқанда олардың жүзіндегі қуаныш, эмоциясында шек болмады. Бұл жолғы әрекетіміз осындай тосынсый болды, – дейді Сәбит.
СЕНІМІ НЫҒАЙҒАН АНА
Бұл команда мүшелерінің де өз отбасы, ата-анасы, балалары бар. Әлеуметтік мәселелері де жоқ емес. Соған қарамастан жақсылықта жарысып, мұқтаж жандарға қол ұшын созуда аянып жатқан жоқ. Бәрі де Алланың күш-қуат пен денсаулығының арқасында осындай игі бастама өз жалғасын тауып, жуырда тағы да бір отбасына топтың атынан үшінші пәтерді сыйға тартты.
Бірде Сәбиттің телефонына «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы екі балалы келіншектің ескі үйлердің бірінде пәтер жалдап тұрып жатқандығы туралы хабарлама келіп түседі. Үлкені – 1-сынып оқушысы, кіші 4 жастағы ұлы – ми салдануы (ДЦП) бар мүгедек. Баласына үнемі бақылау, қамқорлық, күтім қажет. Сондықтан Мадина үйде отырса да шағын отырыстарға салат, дәмді тағам пісіріп сатады. Тапқан қаражаты күнделікті өмір сүруіне жеткілікті болса да, пәтер алуға жинақтауға жетпейді. Паналап отырған баспанасын иесі сатып жіберуіне байланысты баратын жері болмай, ананың жүйкесіне салмақ түседі.
Сәбит достарымен ақылдаса келе Мадинаның отбасына көмектесу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп Титов шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен екі бөлмелі жарық, жайлы, жылы пәтер табады. Үйдің қасында үлкен жол, мектеп, дүкен барлығы бар. Сондай-ақ, тұрғын үй жаңғырту бағдарламасынан өткен.
– Пәтерге кішігірім әрлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Мадинаны нотариусқа шақырып, оған егер өзі қарсы болмаса пәтер сыйға тартатынымызды жеткіздік, – дейді Сәбит Сұлтанов.
Мадина бұл тосынсыйға сене алмады. Көзі анық жеткен соң жекеменшік баспаналы болуға көмектескен жандарға алғысын білдірді. Ең бастысы, оның болашаққа деген сенімі нығайды.
Шыны керек, қазіргі кезде қайырымдылықпен, еріктілікпен айналысу – боямасыз ерлік. Барлығының да жоғарыда айтқандай өз отбасы бар. Соған қарамастан тапқан еңбегінің белгілі бір мөлшерін мұқтаж жанға бөліп беру – ерлік емей немене?! Тіпті кей сатып алынған пәтердің коммуналдық қарыздарын жабу үшін де қарызға ақша іздеген кездері болған, несие де алған. Соған қарамастан игі бастама, ұлы істерін, жүрекке жылы жобаларын одан әрі жалғастыру ниетте. Осы ретте айта кеткеніміз жөн, жақсылықтың жаршысы болып жүрген жігіттер өздерінің бұл әрекетін жариялауға қарсылық білдірді. Десек те, қиын жағдайдағы адамдардың өмір сүруіне қолайлы орта туғызып, олардың өшкен үміттерін оятып, сөнген сенімдерін қайта оралтуға мүмкіндік сыйлаған қайырымды жандардың қайырлы ісін өзгеге үлгі-өнеге еткенді жөн көрдік.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!