2006 жылы сәуірде Арал қаласында теміржол вокзалына жақын маңда 2-қабатты емхана құрылысы басталып, желтоқсанның 15-і күні пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі келді. Сол кездегі аудан әкімі Н.Мұсабаев қаладағы еңбек және соғыс ардагерлерін жаңадан ашылатын емханаға жинап, осы құрылысқа қатысы бар қызметкерлер облыс әкімінің келуін күттік. Сағат 11-лер шамасында облыс әкімі жанында облыстық құрылыс басқармасының бастығы С.Нәметша және де басқа лауазым иелері бар, жаңа емхананың ашылу салтанатын бастап кетті. Сағат 13:00 шамасында ашылу рәсімі бітіп, бізді сол жерде жұмыс істеген бір азамат үйіне түскі асқа шақырды. Барсақ, әдемілеп балық қуырылған екен, түскі мезгіл болғасын, бастап жей бастадық. Сол сәтте үйдің егесі былай деді: Мынау алдарыңыздағы тыран деген балық, қылқаны көптеу болады, сіздер қаладан келген қонақтар байқаңыздар, балықты асықпай жеңіздер, сүйегіне қақалып қалмаңыздар, әсіресе балықтың бас жағында еламан деген сүйек болады, соған абай болыңыздар. «Еламан кетті дегенше, еліңе сәлем айта бер» деген сөз қалған бұрынғылардан, -еді. Біз түсінбей: «Ол не деген сүйек, неге олай деп айтылған?» деп сұрақ қойып едік. Былай деп жауап берді: «Балықта «еламан» деген сүйек бар. Сағалдырық тұсында болады. Ортасы жалпақ, екі жағы үшкір, ұзындығы екі-үш елідей, жалпы балық көлеміне қарай өлшене береді. Сіз тікені бар деп тыжырынып жемейтін балықтың басқа сүйегі тамаққа кетсе, не әрі, не бері, әйтеуір, шығарып аласыз. Ал, мына еламан сүйек кетті дегенше… Еліңе сәлем айта бер! Беті аулақ, бірақ бұл бәле өңешіңізге байқамай кетсе, жұтынған сайын тамаққа қадала беретін көрінеді. Түбі ажалға әкелетін осы сүйекке бола халық арасында балықтан тағам істесе, қонаққа шақырмайтыны сондықтан.
Сосын мынандай хикаятты айтып берді.
Бұл – өткен дәуірдің әңгімесі. Теңізге жақын орналасқан балықшы ауылға қыз айттырып, алыстан құдалар келіпті дейді. Келген қонақтарға таңсық ас – балық дайындалған көрінеді. Дәмді балыққа құдалар сүйсіне қол созып, ет жегендей еңсере бастайды ғой баяғы. Сол кезде әлгі қызға келген күйеудің тамағына балықтың сүйегі байқаусызда кетіп қалыпты. Ол байғұс қақалып-шашалып қинала бастаған. Мұны көрген ел әбігерге түсіп, улап-шулап, істемеген амалы қалмайды. Сол кезде ұзатылғалы отырған балықшының қызы, қалыңдық келіп, күйеудің алдындағы жеген балығының сүйегін аударыстырса керек. Сөйтсе, әлгі еламан сүйек жоқ. Бағы ашылмаған қыз сол жерде сылқ етіп отыра кетіпті. Қадалған жерінен шықпайтын сүйектің жайын білетін балықшы ауылдың қызы болашақ күйеуден күдер үзіп, «Еламан сүйек кетіпті, еліне сәлем айта бер» деп көз жасын төге берген көрінеді. Міне, бір ауыз сөздің тарихы осы екен…
Бұдан кейін біз алдымыздағы қуырылған тыран балықты асықпай-үсікпей, сақтықпен жей бастадық.
Ералы Есімов,
зейнеткер,
Астана қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!