Жуырда Дүниежүзілік банктің сарапшылары COVID-19 індетінің кесірінен Қазақстанда 800 мыңнан астам адам кедейлік қамытын іледі деген болжам айтты. Банк мамандары Қазақстандағы кедейлік 2020 жылы бұрын болжанған 8,3 пайыздан 12,7 пайызға дейін өседі деген тұжырым жасады. Демек, 18,7 млн халық санына шаққанда әлеуметтік ахуалы төмен адамдардың саны 2,3 млн-ға жетпекші. Айтпақшы, Дүниежүзілік банк күн сайын 5,5 АҚШ долларынан аз табыс табатын адамдарды кедейлердің қатарына қосады. Өткен жылы еліміздегі мұндай табысы барлар 6,8 пайызды құраған. Қаржылық институттың «Дағдарысты жеңу» атты баяндамасында әлемдік экономистер ұзаққа созылған дағдарыс кедейлік пен еліміздегі теңсіздікті ұлғайтатынын айтады.
КІМГЕ СЕНЕМІЗ: РАХАРАДЖАҒА МА,
ӘЛДЕ, ҮКІМЕТКЕ МЕ?
Індеттің еңбек нарығына тигізген зияны мен оның салдарын жұмсартуға қатысты іс-шаралар әсіресе, кәсіби біліктілігі төмен (қара жұмыс істейтіндер) салаларға жағымсыз жағынан әсер етті. Сондай-ақ, карантин кезіндегі сапалы білімге деген қолжетімсіздік адам капиталын дамытуға кері әсерін тигізді.
Дүниежүзілік банктің аға экономисі Самсу Рахараджа баяндаманы таныстыру кезінде: «Бұған дейін кедейлік шегінде тұрған адамдардың бәрі тұрмысы төмен халықтың қатарына қосылады. COVID-19 індеті мен жұмысынан айрылуы салдарынан олар қайта кедейлікке ұшырайды. Бұл – өте өзекті мәселе» деп мәлімдеді. Ол мұнайға деген сұраныстың төмендеуі мен індеттің созылуы еліміздің экономикасына үлкен қауіп екенін айта келе, Үкімет қолда бар ресурстарын кедейлерге қосымша көмекке, өндірістік активтерді қорғауға бағыттауды қайта қарастырған жөн екенін мәлім етті.
Шілденің басында Ұлттық экономика министрінің орынбасары Мәди Тәкиев жыл қорытындысы бойынша ІЖӨ өседі (бірақ ол әлі 0,9 пайыз деңгейінен өзгерген жоқ) деп мәлімдеген еді. Алайда Самсу Рахараджа еліміздегі ІЖӨ-нің өсуіне ешқандай себептің жоқтығын айтады.
«Әлемдік рецессияның Қазақстан экспортына толық әсерін байқаған жоқпыз. Меніңше, ол 1-2 айдан кейін сезіледі. Егер адамдар кісі көп шоғырланатын жерге бару, жұмысқа шығу қауіпсіз емес деп ойласа, өз тіршілігін шектейді. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге әсер етеді» деп түсіндірді шетелдік сарапшы.
АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚЫМБАТТАП, КЕДЕЙЛЕР КӨБЕЙЕДІ
Дүниежүзілік банктің ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жетекші экономисі Сергей Зоря індеттің салдарынан Орталық Азиядағы 2,5 млн-ға жуық адам кедейліктің құрсауында өмір сүреді деген болжамын жария етті. Оның айтуынша, Орталық Азия елдерінің тұрғындары күнкөрісінің 40-тан 60 пайызына дейін шығынын азық-түлікке жұмсайды, сол себептен бағалардың өсуі әлеуметтік ахуалға ерекше ықпал етеді.
«Орталық Азияда ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі бөлігін құрайды. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін елдермен салыстырғанда, экономикалық әлсіздігін көрсетеді. Мысалы, ЭЫДҰ-да ауыл шаруашылығы ІЖӨ-нің 4 пайызын және жұмыспен қамтудың 6 пайызын құрайды. Ал Орталық Азия өңірінде ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің рөлі айтарлықтай жоғары. Сондықтан, бұл сектордағы дағдарысты фермерлер ғана емес, барлық адамдар анық сезінеді» деп түсіндірді ойын Сергей Зоря.
Шетелдік сарапшы Қазақстанның көршілес елдерге бидай мен ұн сатуға экспорттық квота енгізуі жағымсыз ықпал еткенін айтады. Себебі, Орталық Азиядағы барлық мемлекеттер Қазақстаннан импортталатын осы өнімге тәуелді. С.Зоря кеселдің кесірінен азық-түлік бағалары күрт өсіп, кедейлердің табысы азайғандықтан азық-түлікке қолжетімділігі төмендейді деп сөзін түйіндеді.
МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК
100 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН КЕМ БОЛМАУЫ ТИІС
Дүниежүзілік банк мамандарының болжамына қатысты сауалды отандық сарапшыларға да қойып, ой-пікірлерін тыңдадық. Саясаттанушы Ерлан Саиров әлеуметтік ахуалдың күрделі екенін, еліміздегі кедейлер санының артуы ықтималдығын жоққа шығармайды. Ол пандемияның кесірінен еліміздегі орта таптың кедейге, ал кедейлердің сіңірі шыққан кедейге айналуы мүмкін деген нақты пайымын жеткізді.
«Кедейлік – Қазақстан үшін өте өзекті мәселе. Өйткені, мұнайдың бағасы қымбат болып, әлеуметтік проблемалар көбеймей тұрған кезде ауылдағы кедейлердің саны көп болған. Індеттің кесірінен орташа таптағылар кедейге, ал кедейлер сіңірі шыққан кедейге айналуы мүмкін. Жағдай өте күрделі» деді ол. Сарапшы бұған екі фактордың әсері болғанына тоқталды. Біріншіден, мұнайдың бағасы тым арзандап кетті. Екіншіден, қазір көптеген шағын және орта бизнес субъектілері тоқтады. Республикалық бюджет қысқаруда. Квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін адамдардың біразына жұмыссыз қалу қаупі төнді. Үкімет осы мәселеге алдымен бас қатыруы қажет.
«Бүгінгі таңдағы ең негізгі мәселе – халыққа тікелей материалдық көмек беру. Мәселен, АҚШ, Еуропаның көп елдері тұрғындарға материалдық жәрдемақша беру мәселесін оң шешуге кіріскенін көріп отырмыз. Бізге де осы мәселемен айналысу керек. Менің ойымша, 42500 теңге аз. Тікелей материалдық көмектің көлемі 100 000 теңгеден кем болмауы тиіс. Азық-түлік жиынтығының көлемі 42 500 теңге болғаны дұрыс. Себебі, азық-түлік жиынтығына әр адамның күн сайын қанша калория қажет ететінін есептеуден құралады» деп түсіндірді өзінің ұстанымын Е.Саиров.
Сондай-ақ, ол кедейлер санын ұлғайтпау үшін Үкімет сапалы, тұрақты жұмыс орындарын құруға білек сыбанып кірісетін кез жеткенін қадап айтты. «Егер адамдар жұмыссыз қалса, үйіндегі тоңазытқыш бос қалады. Ол босаса, кәстрөлдерге салатын азық қалмайды. Қарыны ашқан жұрт билікке наразылық білдіріп, көшеге шығып кететін болса, ахуал қиындайды. Міне, Үкімет қазір осы мәселені тездетіп шешіп, нақты іс-қимылдарды жүзеге асыруы тиіс. Кедейлікті болдырмау – өте күрделі мәселе. Себебі, мұны шешу немесе шешпеу әлеуметтік келешегімізге және ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей әсер етеді. Осыны естен шығармағанымыз абзал» деді отандық саясаттанушы.
БАНКТІҢ БОЛЖАМЫМЕН ТОЛЫҚ КЕЛІСЕМІН
Экономикалық саясат институтының президенті, экономист Қайырбек Арыстанбеков Дүниежүзілік банк сарапшыларының еліміздегі кедейлер саны 800 мыңға дейін көбейеді деген болжамымен келісетінін айтады. Кедейлердің саны тіпті одан да жоғары болуы мүмкін. Себебі, соңғы 10 жылда Қазақстандағы экономикалық саясаттың сапасы төмендегендіктен кедейлік шегінде тұрған халықтың әлеуметтік топтары өте көп. «Менің ойымша, індеттің экономикаға бес түрлі ықпалы болды. Олар: вирустың таралуы, барлық елдердегі үрейдің пайда болуы, қаржы нарықтарының жабылуы, өзін-өзі оқшаулау, басқа өмір сүру дағдысына көшу. COVID-19-дың жоғарыдағыдай сатылы ықпалдары біздің әлеуметтік-экономикалық дамуымызды тежеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі 3-5 пайызға құлдырауы ықтимал. Демек ІЖӨ құлдыраса, халықтың әл-ауқаты нашарлап, жұмыссыздық көбейіп, кедейлік жайлайды деген сөз» деді Қайырбек Арыстанбеков нақты тұжырым жасап.
Сарапшы Ұлттық банктің теңге бағамын тұрақты ұстай алмауы да кедейліктің өршуіне септігін тигізеді деген пікірін ортаға салды. Мәселен, соңғы 7 жылдағы Қазақстандағы 3 мәрте болған девальвация халықтың сатып алу қабілетін төмендетті. Импорт қымбаттап, халықтың жалақысы мен әлеуметтік көмектерінің доллармен шаққандағы құнының төмендеуі халықтың әл-ауқатын әлсіретіп жіберді. «Меніңше, төтенше жағдайда және карантин кезіндегі мемлекеттің 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдауы, әрине, жеткіліксіз. Өйткені, бізде әлеуметтік топтардың жіктелуі және сатылары бар. Бұған өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндерді, мүгедектерді, көпбалалы отбасыларды жатқызуға болады. Табысынан айрылғандарға 42 500 теңге қомақты қаржы емес, бірақ жоқтан жақсы. Алайда басқа елдермен салыстырсақ, бұл көмектің аясы, көлемі өте аз. Сол себептен мемлекет қосымша әлеуметтік пакетті енгізу мәселесін пысықтауы қажет. Мысалы, бір отбасына беріледі деген индикатор бар. Ал, оны адам басына деп неге есептемейміз? Көпбалалы отбасында 4 бала болса, соған сәйкес әлеуметтік көмек те ұлғайтылуы керек» дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист,
Нұр-Сұлтан қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!