Биыл Шиелі ауданында 31 501 гектар жерге егін егілсе, оның 12 918 гектары, яғни негізгі үлесін күріш өнімі құрайды. Сондай-ақ, ауданда әртараптандыру дақылдарына ерекше ден қойылған. Мәселен, 1 421 гектарға бидай, 1 250 гектарға тары мен жүгері, 9 923 гектарға мал азықтық дақылдар мен 5 495 гектарға бақша дақылдары орналастырылған. Ауданда суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісімен 2 050 гектар жерге көкөніс және бақша дақылдары егілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов айтты.
– Биыл ауыл шаруашылығы саласы бойынша 4 млрд 496 млн теңгенің өнімі өндірілді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортты азайту мақсатында әр отбасының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарымен 1 550 гектар жер дайындалып, бау-бақша өнімдері егілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары бүгінде жаңа үлгідегі техникалармен толыққан. Техника паркі кейінгі 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63 пайызға жаңарды. Биыл жаңадан 30 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 1,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы тұста егістік алқаптарының бірде-бір гектары судан қалмасын деп, күні-түні судың сағасын күзеткен су шаруашылығы мамандарының еңбегіне де ерекше тоқталып, алғыс айтқым келеді. Себебі, күрішті суға бастыратын жауапты сәтте су мамандарының көмегімен шаруашылықтарға 59 дана су насостары қойылып, «Шиелісушар» өндірістік учаскесі теңгерімдегі 5 каналдың 13,6 шақырымы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 6 каналдың 89 шақырымы тазаланып, сын сағаттан абыроймен шығуымызға үлкен септігін тигізді. Сонымен қатар, Сырдария өзеніндегі су тасқынының алдын алу мақсатында және экологиялық қажеттілікті орындау үшін аудан аумағындағы Шиелі-Телікөл, Бұлақты, Тарша, Ошақты, Қалғандария, Таушұқырой және Хан-қожа көлдер жүйесіне 367 млн текше метр су жіберілді. Нәтижесінде, аудандағы соңғы он жылда су бармаған көлдер мен шабындық-жайылымдардың 98,5 пайызы суарылды, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Сонымен қатар, Шиелі ауданы бойынша 39 елді мекеннің 95 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қызылқайың, Қосүйеңкі елді мекендерінде ауыз су жүйесінің құрылысына 447 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілген. Биыл Ақтам, Лесхоз елді мекеніне су тұщытқыш орнатуға аудандық бюджеттен 40 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде Шиелі ауданы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!