ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова іссапармен Сыр өңірінде болды. Облыс тұрғындарының әлеуметтік тұрмысын жақсарту мақсатында бірқатар атқарылатын қызметтер барысын өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әлеуметтік саланы арттыруға басымдық берген болатын. Халықтың әлеуметтік жағдайын дамыту бағытында жүктелген тапсырма бойынша министр 2023 жылы жүзеге асқалы отырған Әлеуметтік кодекс жайлы мәлімет берді. Сондай-ақ, аймақ тұрғындарының хал-ахуалымен танысып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.
– Әлеуметтік кодекстің негізгі мақсаты Қазақстандағы әр отбасының әл-ауқатын көтеру және дамыту болып табылады. Сондай-ақ, бұл кодекс тек жағдайы төмен отбасыларға ғана емес, барлық отбасылы жандарға арнайы қарастырылып жатыр. Яғни, барлық қазақстандық азамат өз отбасы үшін осы әлеуметтік кодексті пайдалана алады деген сөз. Мәселен, тұрмыстық жағдайы жақсы, бірақ отбасында мүмкіндігі шектеулі бір адам болса, онда ол әлеуметтік кодекс арқылы мемлекеттен көмек ала алады. Сонымен қатар көпбалалы отбасы, бірақ балалары 18 жастан асып кеткен болса да әлеуметтік көмек қарастырылады. Міне, осындай шешімдердің арқасында біз еліміздегі тұрғындардың тұрмыстық жағдайын бірқалыпты қыла аламыз деп ойлаймыз, – деді министр.
Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Онда азаматтардың дүниеге келуінен бастап зейнетке шығатын уақыт аралығындағы әлеуметтік тәуелділіктерінің барлығы қамтылған. Өткен жылдан бері Мемлекет басшысы отбасының әлеуметтік картасы жайлы айтып келеді. Отбасының цифрлық картасында мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде 6,3 млн қазақстандық отбасы немесе 19,4 млн азамат туралы ақпаратты қамтиды. Қазақстандық отбасылардың жағдайын 5 категория бойынша топтап қарастыратын болады. Олар – әл-ауқаты жақсы, қанағаттандыратын, әл-ауқаты төмен, дағдарыстағы, мүшкіл. Ендігі уақытта әр өңір осы бағытта халықтың тұрмыстық жағдайы мен басқа да өзге ақпараттар барысында мәліметтер жинап, нақты қорытындысын шығарып отырады. Облыста әл-ауқаты төмен 231 555 отбасы, 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат болса, оның 45 пайызы – ауыл тұрғындары. Осы тұрғыда, жаңа кодексте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және зейнетақы, жәрдемақымен қамсыздандыру жүйесі де қамтылған.
– Кодекс жобасында мүмкіндігі шектеулі адамдары бар әр отбасына тағайындалатын арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен трансформациялау көзделуде. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуге олардың отбасы мүшелерін тарту өте құптарлық жағдай. Мұнда отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Оған еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Сондай-ақ, келер жылы тек зейнетақыға облысқа 95 млрд теңге бөлініп отыр. Республика көлемінде зейнетақы қоры 74 пайыз болса, аймақ бойынша 77 пайызының зейнетақы жарнасы бар. Сонымен қоса облыста жұмыспен қамту динамикасы оң ықпал көрсетуде. Облыстың әлеуметтік саласын жақсартуға министрлік тарапынан алдағы үш жылға 500 млрд теңге бөлінеді, – деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен бірге министр әлеуметтік желіге келіп түскен тұрғындар сауалына жауап беріп, «міндетті түрде толғандырған сұрақтарыңызды қарастыратын боламыз» деп тұшымды жауап қайтарды.
Иә, ендігі жылы елде жәрдемақы мөлшері өсіп, айлық есептік көрсеткіш пен төменгі күнкөріс шегінің ұлғаюына байланысты әлеуметтік көмек мөлшері өзгеретіні қуантады. Сондай-ақ, оған дайындайтын құжат түрлеріне де жеңілдіктер қарастырылып, қолжетімді әрі оңай тағайындалатын болады.
Аймағымызға жұмыс сапарымен келген министр ең алдымен облыс әкімімен актив отырысын, журналистермен баспасөз конференциясын өткізіп, одан кейін Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы мен Талсуат оңалту орталығына, сондай-ақ Шиелі ауданындағы балаларды оңалту орталығына барды. Онда медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылармен кездесті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!