Қызылорда қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 369 млрд 412 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 118,5 пайызға артқан. Бұл облыс бойынша жалпы инвестиция көлемінің 47,7 пайызына тең.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеді.
Кездесу барысында шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады.
Нұржан Сәбитұлының мәліметінше, есепті кезеңде құрылыс саласында да оң серпін байқалады. Қала аумағында атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 182 млрд 276 млн теңгеге жетіп, 111,3 пайыздық өсім көрсеткен. Облыстағы үлесі 49,8 пайызды құрайды.
«Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 17 млрд 076 млн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 100,8 пайызды көрсетті. Ал бөлшек сауда айналымы 499 млрд 724 млн теңгеге жетіп, 102,6 пайызға артты. Бұл көрсеткіш облыс көлемінің 86,1 пайызына тең. Әлеуметтің ең әлеуетті әрі өзекті мәселесі баспана. Бұл бағытта Қызылорда республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Өткен жылы көпқабатты тұрғын үйлерді салу және сатып алу үшін 35 млрд 812 млн теңге жұмсалып, 1 890 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізген. Ал биыл кезекте тұрған отбасыларға тұрғын үй сатып алу мақсатында облыстық бюджеттен 39 млрд 474 млн теңге бөлініп отыр», – деді Нұржан Ахатов.
Сонымен қатар, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен өткен жылы бұл салаға 30 млрд теңге қарастырылып, нәтижесінде 79 көшеде жол құрылысы жүргізіліп, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылған.
Қаланың негізгі магистральдарының бірі — «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылы екі кезең бойынша жаңғыртылып, толықтай пайдалануға берілді. Қала әкімінің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және Қызылорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!