Бұл оқиға совет заманында болған еді. СССР Ғылым академиясына қарасты шипажайда ғылым докторлары мен кандидаттары демалып жатқандардың арасында «1-2 күннен кейін демалуға академик келеді екен» деген сыбыс гу-гу ете қалды. Айтылған күні «Волга» ГАЗ-21 қызметтік автокөлігінен ұзын бойлы, шашы толық ағарып кетсе де, сымбатты шал мен еңкіштеу тартқан кемпірі екеуі түсіп, күні бұрын броньдалып қойылған люкс бөлмесіне барып орналасты. Келген күннен бастап кемпірі бір тыным таппай, шалының асты-үстіне түсіп, жағдайын жасаумен болды. Асханадағы өздеріне бекітілген төрт адамдық орында бұлармен бірге жасы Бальзак суреттеген әйелдер жасындағы бір сұлу келіншек болды. Бұл жастағы әйелдер өздері туралы «замуж уже поздно, но и до смерти далеко» дейтін еді. Академик бұл оның соңғы мүмкіндігі екендігін біліп, бірінші күні танысып, тамырын басып барлау жасап алды да, өзі сияқты басы бос біреу алып кетпес үшін келесі күні сөзден іске көшті. Бұл әккі келіншек туристік агенттікте гид болып істегендіктен, сөзге шешен әрі білімді болып шыққасын шалмен ортақ әңгімесі бірден жарасып кетті. Кемпірі қай уақытта көрсе де, екеуі түрлі тақырыпты қозғап, қызу әңгімелесіп отыратын болды. Шалдың басын айналдырғаны соншалық егер кемпірі келіп алып кетпесе, сұлу келіншекпен таң атқанша әңгімелесетін түрі бар еді. Ақыры шыдамы таусылған кемпірі шалының басын айналдырып алған «басқыншы» әйелмен ашық сөйлесуді жөн көрді де сұрақты төтесінен қойды.
– Маған мынаны айтыңызшы, сізге менің күйеуім неге керек?
Қулығы 40 есекке жүк болатындай сұлу әрі қу келіншек жақсылап күліп алып, махаббат, еркіндік, тағдыр туралы түрлі цитаталармен жауап беріп, кемпірді сөзбен бір тұқырттым деп ойлап, академикпен ертең ЗАГС-ке баратындай өзін еркін сезіне бастады. Кемпірі оған мән бермей: «Ол көп ауыратын адам, уақытында дәрісін ішіп отыруы керек және диета ұстанған оған ерекше күтім керек!» дегенде, келіншек күліп жіберіп: «Академиктің айлығына бірнеше күтушіні жалдауға да болады!», – деді.
Сол кезде ғана кемпір үндемей қалып, алаяқ әйелдің бетіне тіке қарап:
«Енді түсіндім. Мәселе мынада ғой. Бұл жерде академик мен ғой!», – деді.
Бақытжан Абдуллаұлы,
тарихшы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!