Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Айтуға ыңғайсыз…»

11.02.2026, 15:20 48

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрландыру тақырыбын назардан тыс қалдырған жоқ. Баяндамалар барысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев президенттің сұрағына бірнеше мәрте қайта оралуына тура келді. Мемлекет басшысы әсіресе денсаулық сақтау саласындағы автоматтандыру мәселесіне ерекше тоқталды.

Бұл туралы halyqline.kz тілшісі El.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Президент тек Мәдиевтен ғана емес, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан да нақты жауап күтті. Себебі медицина саласындағы цифрлық жүйелердің әлі күнге дейін бір арнаға тоғыспауы президенттің ашық наразылығын тудырды.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жүргізілген аудит барысында салада бір-бірімен байланысы жоқ, әр жерде жеке жұмыс істейтін 30 ақпараттық жүйе анықталған. Қазіргі таңда қажетсіз платформаларды қысқартып, олардың санын сегізге дейін азайту жоспары бар.

– Тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Аудит нәтижесінде шашырап жүрген 30 ақпараттық жүйе анықталды. Қазір олардың ішіндегі қажетсіздерін алып тастап, сегіз жүйеге дейін қысқарту жөнінде нақты жоспар бар, – деді министр.

Ақмарал Әлназарова да әріптесінің сөзін қуаттап, екі министрлік бұл бағытта бірлесе жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, деректерді орталықтандыру мәселесі жақын арада шешімін табуы тиіс.

– Қазір ЖИ министрлігімен бірге тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы тоқсанның соңына дейін Деректер сақтау қоймасы құрылады. Бұл жеке-жеке жұмыс істеп тұрған жүйелерді бір ортақ ақпараттық базаға біріктіруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Алайда министрлердің жауабы мемлекет басшысын толық қанағаттандырмағаны байқалды. Президент медицина саласында бір бағытта жұмыс істейтін ондаған жүйенің әлі күнге дейін біріктірілмегеніне таңданысын жасырмады.

Бұл мәселені жеке қарау керек. Бір саланың ішінде өз алдына бөлек-бөлек жұмыс істейтін 30 жүйе деген не? Айтуға да ыңғайсыз… – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: коллаж El.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: