Бір дәуірде халықты ояту үшін сөз жеткілікті болған. Ол сөз биік мінберден айтылмаса да, жұрттың жүрегіне жететін. Әр сөйлемнің артында азаматтық жауапкершілік, әр ойдың астарында ұлттық мұрат жататын. Сол кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы «Маса» арқылы қоғамға үн қатты. Ол өз мысалдары арқылы халықты сөкпей, қорқытпай, тек мазасын алып, маса секілді ызыңдап өтті. Қайраткердің маса бейнесін таңдауы да кездейсоқ емес. Маса адамның тыныштығын бұзып, тәтті ұйқысын қашырады. Ал ұйқысы қашқан адам еріксіз қозғалатыны белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы – қоғамның сол қозғалысын қалап, кеңес үкіметіне жаншылған елдің еңсесін тіктеуді басты мақсатына айналдырған жан. Өйткені ол тыныш жатқан жұрттың тірі көрінгенімен, ішкі серпіліссіз әлсірей беретінін түсінді. Оның ойынша, халықты аяп үнсіз қалу арқылы сол жұртты ұйқыға қайта бөлеу – нағыз сатқындық.
Бүгінгі заманның бұрынғыдан көрінісі мүлде бөлек сияқты көрінгенімен, мазмұны жағынан ұқсастықтар аз емес. Қазіргі қоғамда ақпарат жетіспейді деу қиын. Керісінше, ақпарат тасқыны адамды шаршататын деңгейге жетті. Әлеуметтік желілерде пікір көп, талқылау үздіксіз, сын айтушылар да аз емес. Бірақ «осының бәрі нақты әрекетке ұласып жатыр ма?» деген сұрақ жауапсыз қалып жатыр. Жемқорлық бар екенін, әлеуметтік теңсіздік бар екенін білеміз, жүйенің кемшілігін де жасырмай айтып жүрміз. Бірақ білу мен жауап беру – екі бөлек нәрсе. Ақпарат адамды хабардар етеді, ал жауапкершілік адамды өзгертеді. Қоғамдағы басты мәселе де дәл осы жауапкершіліктің әлсіреуі болып тұр.
Қазіргі қалың қазақтың ұйқысы көз ұйқысы емес. Абай да, Шәкәрім де, Міржақып та адамда жүрек көзі, ақыл көзі, көкірек көзі, бас көзі бар деген тұжырымды алға тартады. Бүгінгі ұйқы сол көздердің ұйқысы секілді…
Әділетсіздікке үйрену де – қауіпті дүние. Алғашында қарсылық тудыратын құбылыс уақыт өте келе қалыпты жағдайға айналады. Себебі адам қарсы тұруды тоқтатады, сөйтіп ардың дауысы бәсеңдейді. Намыс ұранға айналады, адалдық әңгіме деңгейінде қалады. Осындай ортада қоғам сырттай өзгеріссіз көрінгенімен, ішкі қуаты, рухы әлсірей бастайды. Ахмет маса болып мазалады. Ал «бүгінгі адамды немен мазалауға болады?» деген сұрақты қоя білу керек. Әрине, қорқыту арқылы өзгеріс болмайды. Қатты айғай да ұзаққа бармайды. Ал жай ұрандату уақытша әсер береді. Айтқымыз келгені, бүгінгі ояту адамның өз орнын сезінуінен басталуы керек. Әр азамат қоғамнан тек талап етуші емес, қоғамға үлес қосушы екенін түсінгенде ғана қозғалыс басталады. Қоғамға қызмет ету деген ұғымды біз көбіне үлкен жобалармен, жоғары лауазыммен байланыстырамыз. Ал, шын мәнінде, қоғамға қызмет күнделікті өмірдің ішінде жүреді. Қоғамға қызмет ету – өз кәсібіне адал болу, мұғалімнің білімді жауапкершілікпен беруі, дәрігердің науқасқа адам ретінде қарауы, журналистің шындықты бұрмаламай жеткізуі, мемлекеттік қызметшінің бюджет қаржысын әділ игеруі, әрқайсысы қоғамды нығайтатын әрекет. Мұндай әрекеттер бір қарағанда ұсақ көрінуі де мүмкін. Бірақ қоғамды ұстап тұрған тіректер дәл осындай қарапайым, бірақ салмақты әрекеттен құралады. Бүгін де қоғам үшін жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Бірақ олар атойлап, алға шығып жүрген жоқ. Олар өз міндетін адал орындап жүр. Көбі көзге түспейді, марапат алмайды. Десе де, олардың еңбегі қоғамның тұрақтылығына тірек болып отыр. Мұндай адамдардың әрекеті бірден нәтиже бермеуі мүмкін, алайда ұзақ мерзімде дәл сол әрекеттер қоғам мәдениетін өзгертіп, жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады.
Иә, аз болса да әрекет етіп жүргендер бар. Көзге түсе бермейтін, аты аталмайтын, бірақ ішінен мазасызданып, өз ұстанымынан айнымай келе жатқан жандар бар. Олар көпшіліктің алдында сөйлемейді, мінберге шығып ұрандатпайды, өздерін қоғамның құтқарушысы ретінде де көрсетпейді. Алайда дәл сол үнсіз жандар ортақ кеңістіктің шын тірегіне айналып отыр. Көбінің жолы жеңіл болған жоқ. Себебі ояту дегенді физикалық әрекет емес, ішкі сілкініс дегеніміз дұрыс секілді. Ал санадағы сілкініс – әрдайым ұйқы мен тыныштықты ұрлайтын дүние. Тыныштыққа үйренген орта үшін ойлану қиын, өз кемшілігіңмен бетпе-бет келу одан да қиын. Себебі адам өзіне үңілген сайын жауапкершілік салмағы арта түседі. Көбі дәл осы салмақтан қашады. Сондықтан оятуға талпынған жан көбіне әлекке қалады, өйткені ол өзгелерден бұрын өзіне талап қояды, өзінен бастауды ұсынады, ал мұндай ұсыныс бәріне бірдей жайлы бола бермейді.
Сонда да әрекет тоқтамауы керек. Себебі қоғамның болашағы бір реттік бастамамен, бір сәттік ұмтылыспен қалыптаспайды. Қоғам күн сайын қайталанатын жауапкершіліктің есебінен ғана өзгереді. Ардың дауысы біртіндеп күшейе бастайды. Немқұрайдылық әлсірейді. Үнсіздік бұрынғыдай қалыпты нәрсе болып көрінбейді. Сол уақытқа дейін адал әрекет тоқтамауы керек. Кейде нәтиже көрінбеген сайын адамның еңсесі түседі. Істеп жүрген ісінің бос кетіп жатқандай әсері болады. Қоғамның бейжайлығы өзгермейтін заң секілді көрінеді. Дәл осындай тұста адам өзіне мына сұрақтарды қоюы керек. Мен не үшін әрекет етіп жүрмін? Мен не күтіп жүрмін? Мен кімнің оянуын қалаймын? Егер әрекет мақтау үшін жасалса, әрине ол ұзаққа бармайды. Ал қолдау үшін жасалса, бәрібір бір күні тоқтайды. Ал әрекет ар алдындағы борыштан туса, ондай әрекет адамды қажытпайды, керісінше ішкі құлшынысқа айналады. Сол құлшыныс сынбаса, адам да сынбайды.
Не десек те, қоғам бір күнде түзелмейді, бірақ дәл сол күн сайын қайталанатын ұсақ адалдықтардың есебінен ғана түзеле бастайды. Бір мектептегі ұстаздың әділдігі, емханадағы дәрігердің жанкештілігі, редакциядағы бір журналистің шындыққа адалдығы көзге көрінбесе де, сол көрінбейтін еңбек елдің ертеңгі қуатына әсер етеді.
Сондықтан әрекет бірден жеңіс әкелмесе де, ол жеңілдік дем қабылдамау керек. Ең алдымен адамның өз ішіндегі ұйқыны сейілткенде ғана қоғамдағы ақыл, жүрек көзі баяу серпіле бастайды. Бар өзгеріс дәл осы жерден басталады.
Әлекке қалу да осы тұста басқа мағынаға ие болады. Әлекке қалуды біреудің сөзін сөйлеп, дауға ілінуден гөрі, ардың тынышын бұзған соң пайда болатын жауапкершілік деп қабылдаған дұрыс секілді. Өзіңді-өзің алдаудан бас тарту, өзгені жұбату үшін өтірік айтуға көнбеу, өз үнсіздігіңді ақтап алуға жол бермеу деген әрекетті арқалаған адам түбінде жалғыз қалуы да мүмкін. Себебі мұндай жанашырлыққа қоғам әлі дайын емес. Десе де, тоқтамаған жөн. Тоқтаған сәттен бастап қайтадан үйрену басталады. Үйрену басталған жерде немқұрайдылық күшейеді. Немқұрайдылық күшейген жерде ар тағы да тынышталады. Сол үшін әрекет тоқтамауы керек.
К.ҚҰРМЕТ
Коллаж: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!