Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданындағы мемлекеттік қызметтің беделін түсірген ауылдық округ әкімі жауапқа тартылды,- деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Самар ауылдық округінің әкімі мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзған. Ол басқа әлеуетті жеткізушілерді тендерге қатысу мүмкіндігінен айырып, бір көзден бір ЖШС-мен негізсіз екі шарт жасасты.
-Келісімшарттардың жалпы сомасы 20 млн теңгеден асты. Бұл қаражатқа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қоршау және аудан орталығына бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары сатып алынған. Алайда соңғы шарт бойынша нақты орындалмаған жұмыстар үшін ішінара төлем жасалған. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін аудан прокуратурасының қаулысына сәйкес, Самар ауылдық округінің әкімі ӘҚБтК-нің 207-бабы 11-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, — деп хабарлады прокуратурадан.
Сонымен қатар аудан прокуратурасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның әдеп кеңесінің қарауына ауыл әкімін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізді.
“Себебі ол өз заңсыз әрекеттерімен мемлекеттік қызметтің беделін түсірген. Әдеп кеңесінің шешімімен ауыл әкіміне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді”, — делінген хабарламада.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!