Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкеге сағыныш

15.05.2025, 7:40 152

«Кімнің қызысың?» деген сұрақ жасымыз елуге жақындаса да әлі қойылады. Осы сауал қойылғанда балаша қуанып қаламын. Сосын «Нұрылла Нұрекешовтың қызымын. Соғыс ардагері, сынықшы болған. Руым – Палуан. Нағашым – Тоғыс. Шешем Балшекер – тігінші» деп марқая жауап  беремін. «Ее, айналайын-ай.  Әкең де, шешең де жақсы адамдар  ғой. Кезінде көмегі тиіп еді» деп сынықшылығын айтып, еске алып  жататын.

Ата-ананың орны ерекше, орны толмас жандар екені анам өмірден өткен кезде сезіндім. Әкемнің мәңгілікке кеткеніне биыл он төрт жыл болып отыр. Әкеміз тірі болғанда биыл 100 жасқа келеді екен. Жүз жасы­на арнап ас береміз деп отыр­ғанда, аяулы асыл жанымыз – анамыз өмірден өтті. Мен сол кезде сезіндім алдымдағы бір қорғаным құлағанын. Оған дейін әкеміздің жоқтығын анамыз барда аса білдіртпеген екен ғой. Қара шаңыраққа барғанда анамыз алдымызда отыратын бар айналайынын айтып. Қазір тым-тырыс, тек орны ғана бар. Аллаға мың да бір шүкіршілік етеміз. Жан-жағымыз түгел, аман болайық. Аға-жеңгеміз барын тосып әлек болып жатады, анамыздың жоқтығын білдірмеуге  әлек.

Менің әкем Нұрылла Нұрекеш­ұлы соғыс ардагері болды. Әр Жеңіс күні мерекесінде барлық медалі тағылған костюм-шалбарын киіп, «Жеңіс» саябағына жол тартатын. Ол кеткенде қара шаңырақта мал сойылып, апыр-топыр дастарқан дайындалатын. Себебі туған күнін нақты қай күн екенін білмегендік­тен, 9 мамырды туған күні деп тойлай­тынбыз. Иә, туған күні әрі соғыстан аман-есен келгені деп сол күні өзінің замандастары, ауыл-аймақ­тағы жақындары, құда-жекжаты – барлығы қонақ болып келетін. Жыл  құрғамай  тойланатын.

Әкем соғысқа аттанардан бұрын әкесі Нұрекеш қайтыс болады. Соғыс басталғанда өзінің ағасы Нұрлыбай соғысқа кеткен. Апасы Райла мен жездесі Шарап шығарып салып тұрып, «Сенен басқа ешкімім қалмады, сені де аттандырып жатырмын, аман болсаң келерсің» деген екен. Дайындық курсынан өтіп, жас жауын­герлер қатарына қосы­лып, Ұлы Отан соғысының майданына жол тартады. 1943 жылы нау­рыз айын­да 18 жасында әскерге Өзбекстанның Самарқанд қаласына келеді. Осы жерде жауынгерлерді бөліп, біразын Семейге жібереді. 209-шы атқыштар полкі құрамында оқу-жаттығу жұмыстарымен айна­лысады. 1943 жылы күз айында Семей­ден Ресей жеріне келеді. Сол маңда тағы бөлініп, 1944 жылы қыс­та Литваның астанасы Вильнюс қаласын, 1945 жылы 15 қаңтарда Варшаваны  жаудан  азат  етуге  қатысқан.

Сұрапыл соғыс кездерін былай есіне алатын: «Соғыстың аты – соғыс.  Оны сендер енді ешқашан көрмеңдер. Соғыста кімнің ажалы жетті, солар кетті. Соғысқа барып  басынан  аяғына дейін қатысып қайт­қандар  бар. Ал сол соғысқа бара сала ажал құшқаны, немесе қолы мен аяғынан айырылып жатқандарды да көрдім. Смоленск деген қала болды, Молоково тас жолының бойында. Сол қаланы немістер үш рет жаулап алды, бірақ Совет Одағы ұйымшылдықтың арқасында ол жерді немістен тазартты. Соғыстың соңында Германияға жақындаған сайын кей солдат сол жерде қалып жатты. Украина, Беларусьтың солдаттары өз жеріне келгенде өз үйін көрсетіп, «Мына үйдің ішінде менің әке-шешем, бауырларым қалып еді, бәрінен айырылдым. Енді кіммен соғысамын, маған енді ненің керегі бар? Егер немістің жеріне кірсем, солар үшін кек алар едім» деп, ызадан жылап жатты. Совет Одағының тәртібі «Соғысты өршітіп отырған немістің халқы емес, олардың басшысы, немістің солдаты болса да ол да адам баласы» деп тоқтау айтылды. Мен соғыста Латвия, Литва және Польшада болдым. Соғыстың үлкені Польшада болды. Әрі қарай Гер­манияға жету үшін бізде тосқауыл болды, себебі арамызда Одер деген өзен бар еді. Арғы жағында немістер бар күшін салып, өткізбеудің амалын жасады, бірақ біздікілер ауызбіршілік пен ұйым­шыл күштің арқасында олардың тас-талқанын шығарды. Сол Германияның жанында окопта жатқанымызда хабар жетті. «Соғыс бітті, Жеңіске жеттік, шығыңдар!» деген хабар берілді. Бірақ сонда да сенбей, іннен шыққан тышқандай әр жерден шығып, қайта кіріп, «өтірік пе, рас па?» деп бір-бірінен сұрап жатты. Біраздан кейін барып барлығымыз окоптан шығып, қуанып, бас киімді аспанға лақтырып, құшақтасып у-шу болып жаттық» деп  ойға  шомып  кететін.

1946 жылы тамыз айында туған жерге жеңіспен оралған соң, 1950-70 жылдары Аралдың Қасқақұлан жерінде мұғалім, 1970-75 жылдары ауылдық советте хатшы болып қыз­мет еткен. 1971 жылы 13 маусымда Қызылорда облысы, Арал ауданындағы еңбекшілер депутаттарының Қасқақұлан ауылдық Советіне №12 Октябрь сайлау округінен депутат болып сайланған. Соғыстан «Аға сержант» шенімен оралып, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60, 65 жылда­ғы», «СССР Қарулы күштеріне – 60, 70 жыл», Жуковтың мерекелік медал­дарымен  және  «Астанаға – 10 жыл» медалімен наградталды. Қазір осы медальдары тағылған костюмі отбасылық мұражайда сақталып тұр. Сағынғанда алдымызға алып, иісі қалмаса да  иіскеп-иіскеп  аламыз.

Соғыстан кеген соң Қасқұланда мектепке денешынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Себебі соғыс, қан көрген болғандықтан жаман ойлардан арылу үшін үкіметтің тапсырмасымен ұстаздық жолын бастап кетеді. Қазіргі таңда сол уақыттағы шәкірттері үлкен ата-әже, тіпті олардың да қатары сиреп кетті. Солардың бірі, ардагер ұстаз, ақын, «Қайдасың, Қасқақұланым…» жыр жинағының авторы, марқұм Шынтемір Әмишаев ұстазы туралы былай баяндайтын. «Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі жылдарға тап болды. Біз мектепке 1953 жылы барған кезімізде алдымыз­дан қарсы алған мұғалімдердің ішінде соғысқа барған адамдар да бар болатын. Жалпы айтар едім, соғысқа барған жауынгерлердей болдық десек те артық болмас еді. Себебі бірінің аяғы, бірінің қолы жоқ, енді бірі кеудесін оқ тескен жаралы жауынгерлер бола­тын. Сол мұғалімдердің ортасында Нұрылла Нұрекешов деген ағайымыз да бар. Мұғалім ретінде ұстаздарды сыйлау керек болса, Нұрекеңе құрметіміз ерекше еді. Ол кісі дене­шынықтыру пәнінен мұғалім болды. Бірақ мамандығы болмаса да денесі тіп-тік, өз бабындағы адам болатын. Көбіне күреспен айналысатын. Және де жарысып жүгірген кезімізде қолында секундомері болатын, соған қызығып қарайтынбыз. Бізбен бірге жүгіріп, озып кететін. Жас болсақ та намысқа тырысып, бар күшімізді салатын­быз, бірақ бізден тез жүгі­ретін. Денешынықтыру пәні біз үшін өте қызықты болатын. Соғыс көргендігі ме, әлде балаларға берген тәрбиесі ме, барынша бізді қатаң  ұстайтын»  деп  еске  алған  еді.

Әкемнің бойына атадан келген сынықшылық қасиеті бар еді. Біз бала кезімізде адамдар алыс-жақын ауылдардан да күн демей, түн демей келіп жататын. Түн ортасында келсе де ұйқысын тез аша қойып, жаны ауырған жандарға өзінің көмегін еш аямады. Кейде жанына қатты батып ауырып келген адамдардың жарақатын байлайтын маталары да болмай қалады. Сол кезде ауылға «тігінші» атанған шешеміз Балшекер өзінің түйіншектерін ақтарып матасын тауып беріп, жанына отыра қалып көмектесетін. Тетелес апам Жанар мен өзімнен кейінгі інім Кенжебай үшеуіміз сол жан сауғалап келген адамдардың дауысынан түн болса да оянып алып, қасына барып ербиіп қарап тұратынбыз. Осы күні сол әрекеті­мізге ұяламыз-ау. Өзіміз де аяп тұрамыз, әрі әкеміздің сол сынған, шыққанды салған уақыттағы әрекеттерін көріп іштей мақтана қарайтынбыз. Тағы бір қолынан келген сауапты ісі жас балаларды сүндетке  отырғызатын.

«Біз Отан үшін, Отанымыздың тәуелсіздігі үшін, еліміздің келешегі – мына сендердің болашақтарың үшін соғыстық. Сендер бейбітшілік өмірде қырмызы гүлдей жайнап өсіп келесіңдер. Өз Отанымыздың пат­риоты болыңдар, әрқашанда өзде­ріңе жауапкершілік пен адамгерші­лікті жолдас етіңдер!» деп ақылын айтып отыратын. Әкеміз жабысқан дерттің құрығынан шыға алмай, 2011 жылы 6 наурыз күні 86 жасында дүниеден өтті. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген рас ғой. Аллаға шүкір, 4 ұлы мен 6 қыздан тараған немерелері мен шөберелері ізін жалғап келеді. Бауырларымызбен бас қосқанда бейіттің басына барып қабырғаларын алақанымызбен сипап, сағынышымызды басқандай боп құранымызды оқытып ғана қайтамыз. Менің мәңгілік сағынышыма айналған асылдарым, жандарың жәннатта  болсын!

Жанат  НҰРЕКЕШОВА,

Қ.Нұрмаханов  атындағы 

№95  орта  мектептің  қосымша  білім  беру  педагогі, 

география  пәні  мұғалімі

Қазалы  қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: