Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әке ерлігі – ұрпаққа үлгі

09.05.2021, 16:00 465

HALYQLINE.KZ  Ұлы Жеңіс күні Құрманғалиевтер әулеті үшін биыл да ерекше аталып өтпек. Отбасының атасы – майдангер Мәжит Қысырауұлын Жеңістің 76-шы көктемінде бала-шағасы еске алып, аруағына Құран бағыштамақ.

Қара шаңырақ иесі Бисенбай жылда әкесінің ерліктерін ұрпақтарына айтып, әлем тарихына таңбадай басылған тарихи деректерді ұл-қыздарына жеткізіп, Ұлы Отан соғысында отан үшін қан төккен қандастарымызды әрқашан құрметтеуге шақырады.

Мәжит Қысырауұлы Орал облысында дүниеге келіп, балалар үйінде тәрбиеленген. Жетім бала ер жетіп келгенде сұрапыл соғыс басталып кеткен еді. Әскери жасқа жеткен ол замандастарымен бірге Отан үшін соғыс аяқталғанға дейін фронтта өз борышын өтеген.

Бисенбай Мәжитұлының айтуынша, жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат болып таңбадай басылған екінші дүниежүзілік соғыста әкесі артиллерия, пехотада шайқасып, талай жауды жойған. Отанға деген махаббат, патриоттық сезімнің күштілігі болуы керек, фашистермен бетпе-бет кездесіп, «өлген жерім осы екен…» деген жағдайлар да жиі болып тұрғанын марқұм Мәжит атай еске алу сәттерінде ұлына айтып беріп отырған.

– Әкем фронттан 1946 жылы оралған. 1942 жылы оқ жарақатын алып, госпитальға жөнелтілген екен. Сол кезде дерек көздері жоғалып, із-түссіз жоғалғандар қатарына ілігіп кеткен болса керек. Таяуда интернет желісінде ҰОС турлы ақпараттар іздеп отырғанымда, әкемнің атын жоғалып кеткен солдаттар қатарынан таптым, – дейді ұлы Бисенбай.

Бірақ, мерген атағын алған солдат өз борышын Будапешт, Вена, Монголияда жалғастырып, сұм ажалдан аман қалған полктастарымен Ұлы Жеңісті тойлап, төсіне орден, медальдар тағып елге қайтқан.

Жеңіске қол жеткізіп, Қазақстанға эшелонмен оралғалы жатқан М.Құрманғалиев Сыр елі стансасынан түсіп қалған екен. Осы мекеннің нан-тұзы бұйырған болуы керек, отбасын құрып, отанасымен бірге төрт баланы дүниеге әкелген. Теміржол саласында талмай еңбек еткен Мәжит Қысырауұлы балаларын темірдей тәртіппен өсірген. Бір ұлы – Бисенбайдың ішкі істер саласына таңдауы түсіп, ұзақ жылдар бойы Қызылора облысы жол полициясында абыройлы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан.

Бисенбай Мәжитұлының келіні – Гүлжанат Әлібекова да қайын атасының жолын жалғастырып, бүгінде майор шенінде Әкімшілік полиция басқармасында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында еңбек етуде.

Гүлжанат та полициямен тығыз байланыс орнатқан отбасында туып өскен. Әулеттің ұлы Қайрат учаскелік инспектор, жедел кезекші, штаб қызметінде абыроймен қызмет атқарып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отыр.

Әлібековтердің немере атасы Мүсілім де – соғыс ардагері. Төрт ағайындының бірі Махат аман-есен елге оралса, Қаржаубай бір аяғынан айырылып келген, ал Бишембай Германияға дейін жетіп, із-түссіз жоғалып кеткен. Ұрпақтары Бишембайды Ресей Федерациясына бірнеше рет барып, дерек көздерін іздеген, алайда бұл әрекеттері сәтсіз аяқталған.

Қайрат пен Гүлжанат аталары Мүсілімнің сұрапыл соғыстан офицер шенімен оралып, Қызылорда қаласының әскери бөлімінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған. Жылдағы үрдіспен Мүсілім қарияның бала-шаға, немерелері аруағын құрметтеп, 9 мамырда үйіне кең дастарқан басында жиналады екен.

– Балаларымыздың санасына миллиондаған адамның өмірін қиған екінші дүниежүзілік соғыс туралы, ондағы ұрандап отансүйгіштігімен жүрегімізде қалатын ата-бабаларымыз туралы жеткізіп отыруымыз керек. Ұрпағымыз тарихтан хабардар болып, өз балаларына мұра ретінде жеткізіп отыруын қалаймыз, – дейді Қайрат Сапарбайұлы.

Әлемге тараған коронавирустық инфекция салдарынан карантиндік режим жарияланып, барлық бұқаралық шараларға тиым салынған. Сондықтан, Құрманғалиевтер мен Әлібековтер дәстүрлі «Өлмейтін полк» шеруіне шыға алмайтынына қынжылады. Дегенімен, ҰОС ардагерлері рухы үшін тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, сағына еске алатындарын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: