Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелге әділет керегі…

30.11.2023, 10:35 340

Әйел құқығы – соңғы уақыттары маңыздылығын жоймай тұрған, әсіресе елі­мізде көп көтеріліп жүрген өзекті тақырып. Соңғы жаңалықтар бұл мәселенің ауқымын одан әрі кеңейтті. Нақтырақ айтқанда, экс-­министр Қуандық Бишім­баевтың жұбайы Салтанат Нукенованы өлтіруі қоғам­ның дүрлігуіне, әйелдер қауымының тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы петиция жариялап, араша сұрауына түрткі болды. Бишімбаевтың бұл ісі соңғы бір айдың көлеміндегі жалғыз оқиға емес. Бұдан бөлек Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы  27 жастағы азаматшаны зорлады деген күдікке ілінген. Сонымен қатар, осыдан бес күн бұрын Жамбыл облысында 12 жас­тағы оқушының 55 жас­тағы ер адамнан жүкті болып, артынша аборт жасағаны анықталған.

Соңғы оқиғалар легін осы шамадағы ақпараттар жаулады. Бұл – құлаққа шалын­ғаны. Көбі назар аудармайтын аудандық, ауылдық елді мекендерде тұрмыстық зорлық-зомбылық тіпті қалып­қа айналған. Ол жақтарда кімнің не істеп, не қойып жатқаны ешкімге белгісіз. Ара-тұра әңгімелерінен әйелді ұрып сабасына түсіру секілді дүниелерді естіп, олар үшін бұл нәрсенің қалыпты жағдай екенін байқайсың. Азаматтық қоғамның бір бөлігі – әйелдің бақытты әрі ешқандай үрейсіз өмір сүруі. Осы тұста қазақ қыздарының ахуа­лы төмендеу болып тұр. Бұл мәселе жөнінде бейбіт 21-ғасыр­да өмір сүріп жатқан біз түгілі сонау Алаш қозғалысын бастаған зиялы қауым өкілде­рі айтып кеткен. 1917 жылы Орынборда өткен Алаш Орданың съезінде әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы шешім қабылдап, әйел мен еркектің құқығының тең болуын, әйелдердің өз серіктерін таңдауға ерікті екендігін, жесір әйелдерді күйеуінің туысқандарына еріксіз қосатын әмеңгерлік секілді салт-дәстүрлерге қарсы екендігін заңға енгіз­ген. Осыдан-ақ Алаш қайраткерлері демократия­лық батыс принципіне баса назар аударғанын көре аламыз. Батыс демекші, жастар мәселесіне келгенде біз басы­мызды ала қашатын Батыс Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-та әйел құқығына ерекше назар аударылған. Бұл елдерде феминистік марштар мен митингтер жиі өтіп тұрады. Сәйкесінше, билік те әйелдердің мұң-мұқтажын тыңдап, тұрмыс­тық зорлық-зомбылық пен гендерлік теңсіздік, әйел­дерге қарсы дискрини­ма­цияға қарсы қатаң шаралар қарастырған.  Мәселен, 2011 жылы Еуро­па кеңесінің министрлер коми­тетінің шешімімен әйел­дерге қарсы зорлық-зомбылық­тың алдын алу мақсатында «Стамбул конвенциясы» құрылған болатын. Конвенция құрамына 37  мемлекет кіреді. Мақсаты – жаппай  зорлық-зомбылық фактілерін тоқтатып, әйелдердің еркін өмір сүруіне мұрындық болу. Герма­нияның Франкфурт қаласында «FHK» қайырымдылық қорының бастамасымен зардап шегу­шілерге арналған 260 баспана мен 230 арнайы консуль­тациялық  орталық ашылған. Бұл орталықта 2013 пен 2018 жыл арасында неміс тілінде және одан бөлек 17 тілде консультация жұмыстары жүргізілген. Ал Италияда жақында ғана тұрмыстық зорлық-зомбылық жайында заң шұғыл түрде қабыл­данды. Заңның іске қосылуына себеп болған жағдай – 18 қарашада Альпі тауындағы көлден 22 жас­тағы Джулия Чеккетидің мәйіті табылған. 11 қараша күні Джулияны бұрынғы жігіті Филиппо Туреттоның тепкінің астына алып жат­қанын байқаған бір кісі дереу полицияға хабарлас­қан.  Келесі күні зардап шегу­шінің ата-анасы құзырлы органдарға оның із-түссіз жоғалғанын айтқан. Дегенмен, оның мәйіті арада бір апта өткеннен кейін пакетке оралған күйі табылған. Медициналық тексеріске сәйкес Джулияның бұрынғы жігіті оған 26 жеріне пышақ сұққан. Джулияның әпкесі оқиғаны «Феминицид» деп атап, халықты наразылыққа шақырған. Наразылық шаралары Италияның бірнеше қаласында, сондай-ақ Мексика, Испания, Франция мемлекеттерінде өтті. Осылайша, Италия парламенті 24 қарашада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін заң жобасын  әзірледі.

Еліміздегі зорлық-зомбылықтың биылғы статис­тикасына көз жүгіртсек. ҚР Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, аталған фактор бойынша күніне 300-ге жуық шағым түседі. Соңғы 4 жылдың көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 900-ге жуық адамның өлі­міне себепкер болған. Құ­қық қорғау органдарының есебінше күнде зардап шегушілердің 70-90 пайызы полицияға шағымданбайды екен. Бұл фактіні ескере отырып, потенциалды жәбірленушілердің санының көп екенін аңғарамыз. 2023 жылдың шілде айынан бастап 27 мың агрессор қылмыс­тық жауапкершілікке тартылған.

Еліміздегі әйелдер қауымының осы тұстағы басты қателігі – болып жатқан жайттарды жауапты мамандарға жеткізбей, «ұят» санап жасырын ұстауы. Жоғарыда айтып өткендей, зорлық-зомбылық құрбан­дарының 70-90 пайызы үнсіздікті жөн көреді. Зорлық-зомбылықтың физика­лық зардабынан тыс психо­логиялық зардабының да бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Осы тұста психология ғылымдарының магистрі, практик-психолог  Жайнагүл  Мәденова:

– Бұл – бір адамның екінші адамды үнемі басып таст­ауға тырысуы. Құрбанға өзінің қалағанын жасатып, оның өзіне берер бағасын төмендетуі. Отбасылық жанжалда белгілі бір себеп болады, ал зорлық-зомбы­лықтың неден басталатынын түсіну қиын. Құрбан өзінің не үшін таяқ жейтінін білмейді, бірақ өзін кінәлі сезінеді, – дейді.

Ал жолдасының басың­қылығына көніп, көкейдегі өксікті іште сақтайтын әйел­дер жөнінде:

– Біріншіден, жақындары мен қоғамның абьюзерден өзін толық қорғайтынына сенбейді. Екіншіден, сын мен виктимблеймингтен қорқады. Расымен де, тұрмыстық зорлық-зомбылық­қа келгенде заң әлсіз. Енді-енді ғана реттеліп келеді. Ал қоғамға келетін болсақ, «түймедейді түйедей еттің», «ішсе де, шексе де, бір ер адамның етегінен ұста», «қандай болса да, ол балаңның әкесі, бәріне көнуің керек» деген стереотиптер бар. Бұдан өзге «Тұрмысқа шығарда қатыгез екенін білме­дің бе?», «Барлығына өзің кінәлісің, ашуландыратын бірнәрсе жасағансың ғой» деген виктимблейминг бар – яғни кінәнің барлығын зиян шеккен адамға аудару. Абьюзердің қолында билік пен ақша болса, әйел адам жақындарының әлсіз екенін жақсы түсінеді. Туыстарына зиян тигізіп алмау үшін үндемей жүре беруі мүмкін, – дейді  Ж.Мәденова.

Халқымыз әйел баласын қашанда құрметтеп, үлгі тұтқан. Әсіресе жазушыла­рымыз өздерінің еңбектерінде әйел құқығы жа­йында мәселе қозғап, сол сәттегі озбырлықты әйел образы арқылы суреттей білген. Оған Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», сонымен қатар Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» секілді шығармалары айқын дәлел. Қазақ әйелдерін қазіргідей нәзік жандыға теңеп, физикалық күшінің әуселесін, ораторлық қабілетін жоққа шығара алмаймыз. Сонау Сақ заманынан бері Томирис секілді қыздарымыз күллі әлемді аузына қаратып, одан бергі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды аналарымыз батылдығымен көзге түскен.

Күшінің көптігін пайдаланып, әйел адамға сес көрсеткен ер кісі «ер» деген атқа лайық емес. Азаматтық қоғам, бейбіт заман келген тұста мен ермін, мен әйелмін деп бөлініп, хаос орнатудың реті де емес. Күн сайын анасын ұрған әкесін көрген баладан келешек маргинал, дегредацияға ұшыраған азаматтың шығуы бек мүмкін. Әйел құқығы аяққа тапталған Пәкістан, Сирия, Ауғанстан, Түркіменстан мемлекеттерінде қандай жағдай болып жатқанын көзіміз көріп отыр. Сондық­тан, қызымыздың, қарындас, әпкеміздің тыныш өмірін қаласақ, ең алдымен өзімізді тежей білуіміз қажет.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: