Қазақстанда Назарбаев режимі кезінде ұлтаралық қарым-қатынастың қате формуласы қалыптасты. Сондықтан әр ұлттың өкілі өзінше тайраңдайды. Қазақтарды менсінбейді. Тіпті қорлайды. Тілінен жиіркенеді. Мемлекет, құқық қорғау органдары ең алдымен мемлекет құраушы халықтың өкілдерін қорғаудың орнына келімсектерді төбемізге шығарады. Соның салдарынан қазақтар өз құқығын жұдырықпен қорғауға мәжбүр болып жатады. Бұл жерде тек қазақтарды ғана қылмыстық жауапкершіліктен құтқарыңдар деп тұрғамыз жоқ. Заң ортақ. Бірақ жеме-жемге келгенде өз өкіметі қазақты таптап, өзгеге жапа-тармағай жығып беруге болмайды! Өзге ұлт өкілдері кімнің елінде, кімнің жерінде жүргенін білуге тиіс!
Қарап тұрсаңыз, әр ұлттың диаспорасы өзінше шалқақтап өзін Қазақ жерінің қазығы санайды. Қазақ-чешен, қазақ-түрік, қазақ-дұңған, қазақ-армян, т.б. ұлтаралық қақтығыстар сондай менсінбеушіліктерден туған. «Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдардың» кері. Бұл – мемлекет үшін адасқан бағыт, иммунитетсіз идеология. Қазақстанда 130 ұлттың өкілі тұрады деген кешегі кеңестік отаршылдық идеологияның «көзірі» болатын. Бұдан 170 жыл бұрын мұнда қазақтан басқа еш ұлттың өкілі тұрмайтын. Қазақ халқы ешкімді жалынып, жалпайып көшіріп әкелген жоқ.
Қазір Қазақстанда саны жүз мыңнан асатын небары тоғыз ғана диаспора бар. Тағдыр айдап келген екен, әрқайсысы өзінше құдай болмай Қазақстанда тұратын сол диаспоралар қазақ халқының айналасына шоғырлануы керек! Мемлекеттік саясат осы бағытта жүргізілгенде ғана тыныштық пен сыйластық орнайды. Әлемдік тәжірибе солай! Әйтпесе билік қашан, қай жерден не шығып кетер екен деп иненің ұшында отырғандай күй кеше береді.
Диаспораларды ұлтпен теңестірудің астарында келешекте жарылатын миналар жатыр. Оның алдын алу үшін бағыт – ұлттық мемлекет құруға, идеология – диаспораларды қазақ халқының төңірегіне топтастыруға бағытталуы керек!
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!