Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адал еңбек – адам көркі

04.03.2025, 9:45 33

Әр адам баласы адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге жіті көңіл бөлуі тиіс. Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, содан соң сол иманның аясында игілікті амал істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін айыру – пайғамбарлардың жолы. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешкімге де қол еңбегінен артық ризық бұйырмаған. Дәуід пайғамбар да (оған Алланың сәлемі болсын) өз еңбегімен күн көрген», – деп айтқан.

Құранда: «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», – деп бұйырған («Мүминун» сүресі, 51-аят). Сонымен қатар, мүміндерге де: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер», – деп әмір етеді («Бақара» сүресі, 172-аят).

Құран аяттарымен қатар тілге тиек еткеніміздей, еңбек етудің артықшылығын Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде айрықша атап өткен. Тіпті, табан ақы, маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы ерлік іске балаған. Қазақтың ұлы тұлғасы Хәкім Абайдың қара сөзінде: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» дейді. Бұл сөзінде Хәкім Абай адамның әулиесі адал еңбек ету, басқаны алдамау, қол өнер үйреніп, өз кәсібіңді өзің дөңгелетіп өзгеден сұрамау, басқаға алақан жаймау деп жастарға мұсылмандық тәрбие береді.

Адал еңбек дегеніміз бұл адамның өз міндеттерін шынайы орындауы, өзіне берілген істі аманат деп біліп соңына дейін жауапкершілікпен қарауы. Қоғамның дамуы тікелей оны құрайтын адамдардың еңбегіне байланысты. Адал еңбек ету арқылы әділетті, тәртіпті және гүлденген қоғам құруға болады. Ол тек жеке тұлғаның дамуына емес, сонымен қатар бүкіл қоғамның гүлденуіне ықпал етеді.

Әрбір адам өз еңбегін адал орындаса, қоғамда сенім мен ынтымақтастық орнайды. Адал еңбек – адамның ізгіліктілігін, парасаттылығын және жан сұлулығын көрсететін ең жоғары құндылықтардың бірі. Өз ісін адал орындайтын адам – парасатты, шынайы және сенімді болады. Ол өз еңбегінің арқасында қоршаған адамдардың құрметіне ие болады және Алланың құзырында да оның еңбегі жоғары бағаланары анық.

Адал еңбек ету бұл тек материалдық игіліктерге қол жеткізу емес, сонымен қатар рухани байлыққа да қол жеткізудің тұрақты жолы. Өз еңбегінің нәтижесін көрген адам – мақтан тұтады, өзін пайдалы және қажетті сезінеді. Бұл – бақыттың шынайы көрінісі.

Адамның өмірінде еңбектің маңызы үлкен. Еңбек тек өнімділік тұрғысынан бағаланбайды, оның адалдықпен жасалуы, өзіне және қоғамға пайда әкелуі тиіс. Еңбек ешқашан бекер кетпейді. «Адал еңбек – адам көркі» деген сөзді терең түсінген адам, өмірде адал жолмен еңбек етіп сол еңбегінің нәтижесін көріп, қанағат тұтады. Қиындығы мен ауыртпалығы болғанымен, адал еңбек арқылы тапқан табыс ешқашан жамандыққа әкелмейді. Сондықтан адам баласы жұмысының беделі жоғары немесе төмендігіне, жеңіл не ауыртпалығына, табысының аз немесе көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруге тиіс.

Қайырхан ҚАБЫЛҒАЗИЕВ, Арал ауданының бас имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: