Облыс орталығында аты бар да, заты жоқ демалыс орындары бар. Дені тозудың аз-ақ алдында тұр. Мәселен, Сырдария жағасында орналасқан «Сыр-Ана» монументі – соның бірі. Қызылорда қаласының 195 жылдығына тарту ретінде тұрғызылған стелланың жыл өткен сайын сүйкімі кетіп бара жатқан. Қазынадан бақандай 336,7 млн теңге бөлінген нысан қызылордалықтарға несімен жақпағанын қайдам, әйтеуір әкімқаралардың үкілі үміті ақталмады. Сол тұста облыс тізгінін ұстаған Болатбек Қуандықов:
– Өмір жібі – Сыр-Ананың қолында. Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар Сырдарияға келіп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс ұзақ жылдардан бері жалғасын тауып келеді. «Сыр-Ана» кешені де алдағы уақытта қызылордалықтар мен қала қонақтарының көптеп келіп, тағзым етер орнына айналады деп сенемін,- деген.
Әйтсе де, әкім кетті, монумент қалды. Қуандықовтың идеясын қызылордалықтар қуаттай қоймады. Одан бері айлар алмасты, жылдар жылжыды. Ал бюджет есебінен тұрғызылған монументтің мәні кетіп, ол маңға адам барудан қалған-ды. Жарық шамдары сынып, орындықтары тоналып тынды. Біз бұл мәселе төңірегінде бірнеше мәрте қалам тартқанбыз.
Биыл қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев біраздан бері «сый» күтіп тұрған «Сыр-Ана» монументіне көңіл бөліпті. Нақтырақ айтқанда, сол нысанның айналасын абаттандырып, қайта жаңғыртудан өткізіп жатыр. Қазіргі күні ондағы жұмыстардың 95 пайызы тамамдалған екен. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның авторы – «Рем проект» ЖШС. Бүгінгі күні нысан аумағында жарық бағаналары, газон төсеніштер мен субұрқақтар және балаларға арналған ойын алаңы салынған. Десе де, құрылыс жұмыстары кезінде кейбір кемшіліктері анықталған еді. Қала тұрғыны, белсенді жас Сағатбек Қуанышбайұлы «Сыр-Ана» монументіне барудың мұң, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына қолайсыз екендігін айтқан. Қызылорда қаласы әкімдігінің өкілі Абзал Рысбектің сөзіне сенсек, бұл олқылықтар мердігер мекеме тарапынан қалыпқа келтіріліпті.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Теміржол» саябағы да жандану үстінде. Жергілікті белсенділер бұл аумақты ауық-ауық қала әкімінің назарына демалыс орнына айналдыру керектігін ұсыныс ретінде жеткізген. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар басталды. Жоба бойынша мұнда волейбол, баскетбол, шахмат алаңы, сахна, жазғы кинотеатр, субұрқақ салынады. Құрылысшылардың айтуынша, аталған шаруалар қыркүйек айының соңында тамамдалады.
Мемлекеттік бағдарлама аясында «Тағзым алаңын» да абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Қазіргі күні онда сапалы брусчатка төсеу, жарық пен қоршау бағаналарын орнату, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте айта кетейік, тарихи деректерге сүйенсек, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Қызылорда облысынан 150 мыңға жуық азамат аттанған. Олардың 30 мыңнан астамы елге оралмаған. Қайта жөндеуден өтіп жатқан «Тағзым алаңы» ҰОС мен Ауған соғысы, Семей атом полигоны, Чернобыль апаты құрбандарының рухына арнап ашылған. Айтпақшы, осыдан екі-үш жыл бұрын сол аумақтағы мемориалдық тақтада «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Николай Самороковтың тегі қате екендігін, одан бөлек, әлгі мемориалдық тақталарда ардагерлердің атақ-даңқын айшықтайтын кескін дұрыс салынбағанын да жаздық. Бірақ «былқ» еткен біреу болмады. Осы олқылықтарды назарға алу керектігін әкімдік өкіліне айта кеттік.
Облыс орталығындағы басты көшелердің бірі Н.Назарбаев даңғылы биыл өзгеше реңге енген. Абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Су жаңа орындықтар мен жарық шамдары, субұрқақтар салынған екен. Дәлірек айтқанда, 6 шақырымға жуық жол бойын көгалдандырып, тротуар төселген.
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!